Ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағытта өткен II Республикалық олимпиаданың қорытындысы жарияланды.
Қорытынды кезеңге 486 оқушы қатысып, олардың 221-і жеңімпаз атанды. Бұл оқушылар еліміздің шалғай аймақтарынан келген дарынды жастар болып табылады.
Марапаттау шарасына Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашұлы Бекболатов қатысып, құттықтау сөзін айтты.
Оқу-ағарту министрлігі ауыл мектептеріндегі талантты және білімге құштар оқушыларды анықтау мақсатында республикалық олимпиаданы екінші жыл қатарынан өткізуде. Өткен жылы олимпиаданың алғашқы кезеңіне 78 мың оқушы қатысса, биыл бұл көрсеткіш 113 мыңнан асты. Бұл ауыл оқушыларының зияткерлік жарыстарға деген қызығушылығының артқанын және олимпиаданың мәртебесінің жоғарылағанын көрсетеді. Комитет төрағасы барлық қатысушыларды жетістіктерімен құттықтап, білім жолында жаңа табыстар тілеймін деді.
“Олимпиаданың ең жас қатысушысы” номинациясында Павлодар облысынан Имран Құсайынов және Қызылорда облысынан Төре Балтабаев дипломдармен марапатталды.
Төре Балтабаев олимпиадаға 9-сынып бағдарламасы бойынша қатысып, өз сөзінде: “Мен 6-сынып оқушысымын, бірақ олимпиадаға 9-сынып бағдарламасы бойынша қатысып жатырмын. Біздің елімізде білім алу мен ғылыммен айналысу үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Мемлекет талантты балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біз үшін олимпиадалар мен байқаулар ұйымдастырылып, үздіктер халықаралық жарыстарға қатысады. Мен де олимпиадалық резервтің мүшесі болуды, білімімді дамытып, бір күні елім үшін алтын медаль алуды армандаймын,” деп бөлісті.
Олимпиадада барлығы 221 медаль ойнатылды: 117 қола, 62 күміс және 42 алтын медаль.
Олимпиада 13 пән бойынша жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда үш кезеңде өтеді. Мектеп кезеңінде 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы бақ сынады, ал финалға 1000-ға жуық оқушы шықты. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы олимпиадаға 486 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 450 оқушы қатысты. Бұл олимпиада 10-14 желтоқсан аралығында Астанада өтеді.
“Үздік олимпиадалық команда” номинациясы бойынша I дәрежелі дипломдар Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстарының құрама командаларына берілді.
Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 8 ректорлық гранты тапсырылды: 6 грант – SDU университетінен, 2 грант – Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи университетінен. Сонымен қатар, математика, физика және информатика пәндері бойынша I дәрежелі диплом иегерлері – 9-10 сынып оқушыларына Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде 2025-2026 оқу жылында білім алуға гранттар ұсынылды.
Олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысқан барлық оқушылар “Дарын” республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Сондай-ақ, I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылы наурызда өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатысады.