2424-12-22

Шамалғанда мектеп оқушыларының әлімжеттігі: Оқушы ішкі ағзасынан айырылды

Алматы облысы Шамалған ауылындағы мектептердің бірінде үлкен сынып оқушылары кіші сынып оқушыларына әлімжеттік көрсеткен. Үзіліс уақытында жоғары сынып оқушылары өздерінен кіші балаларды гардеробқа жинап, нәтижесінде бір оқушының ішкі органдарынан қан кетіп, дәрігерлер оның бір ағзасын алып тастауға мәжбүр болған.

Оқиға 20 қарашада болған. Үлкен сыныптың оқушылары төменгі сынып оқушыларын гардеробта қорқытып, қысым жасаған. Төменгі сынып оқушыларының бірі сыныпқа оралғанда өзін жайсыз сезініп, ішін ұстап тұрған, бірақ ешкім оған көңіл бөлмеген. Кейін сағат 12:30 шамасында жоғары сынып оқушылары сол балаларды қайта шақырып, оқушының жағдайы одан әрі нашарлап, ол ішінің қатты ауырсынуынан әрең қозғала бастаған.

Бала сол күні ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның ішкі қан кетуін анықтап, өмірін сақтау үшін ішкі мүшелерінің бірін алып тастауға мәжбүр болған.

Оқиға туралы мәліметтерді таратқан тарап мектептерде мұндай жағдайлардың жиі болып тұратынын мәлімдеді. Орта мектеп оқушылары кіші сыныптағы балаларды жүйелі түрде қорқытатын көрінеді, бірақ қорлыққа ұшыраған оқушылар қорқып, үндемей жүре береді.

Анонимді түрде мәлімдегендер білім департаментінің араласуын талап етіп, істің әділ тергеліп, кінәлілердің жазалануын сұрайды.

Облыстық полиция кәмелетке толмаған баланың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр, куәгерлерден жауап алынуда және мәлімделген деректер тексерілуде.

Естеріңізге сала кетейік порталымызда осыған дейін “Мектептегі әлімжеттік: Оқушылар мен мұғалімдер арасындағы жауапкершілік” атты мақала жарияланған болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР