Түркістан облысында демографиялық өсім жоғары болып, мектептерде 35 мың орынға тапшылық бар. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
Мәселені шешу үшін биыл өңірде 50 жаңа мектеп салынып жатыр. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеруде. Бұл шара мектептердегі орын тапшылығын, апатты және ауысымды ғимараттардың мәселесін шешуге бағытталған.
«Биыл алғаш рет ұзақ уақыттан бері жөндеу жүргізілмеген 300-ден астам мектепке жаңғырту жұмыстары жасалды. 193 мектепте жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 107 мектеп газбен қамтылды, 16 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарға 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, ал 330 мектеп жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернетімен қамтамасыз етілді», – деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, облыстағы құрылыс көлемі биыл 343 млрд теңгеге жетіп, 131% өсім көрсетті. Осы жылдың соңына дейін облыстағы кезекте тұрған 5 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешіледі.
Түркістан облысы республикадағы көпбалалы отбасылардың төрттен бірін құрайды. Мұнда жастардың еңбекке қабілетті үлесі жоғары. Сондықтан өңірде шетелде жұмыс күшін даярлайтын арнайы орталық ашылды. Бұл орталық Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытатын болады.
Облыстағы индустриялық аймақтарда қолайлы жағдай жасау мақсатында электр энергиясының тарифі 47 теңгеден 25 теңгеге дейін арзандатылды.