2525-01-08

Жоғары білім грантына құжаттарды қабылдау: негізгі мәліметтер

9 желтоқсаннан бастап магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталады. Құжаттарды қабылдау 13 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, соның ішінде виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады.

Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуді 10 мыңға жуық адам тапсырды. Олардың 32%-ы шекті балл жинады. Орташа балл ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша – 71, ал бейіндік бағыт бойынша – 24 балл болды. Ең жоғары балл – 135.

Тестілеу нәтижелері бойынша 38 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 25 адам тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка) қолдануға тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзған 12 адам аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Сондай-ақ бейнежазбаларды қайта тексеру барысында бір адамның баллы жойылды. Бөгде тұлға анықталған жоқ.

Республикалық апелляциялық комиссияға 5,5 мың өтініш келіп түсті. Оның 5,1 мыңы мазмұны бойынша, 344-і техникалық себептерге байланысты болды. Апелляциялық комиссия шешімімен 54 бірегей тест тапсырмасы қаралды: мазмұны бойынша – 44, техникалық себептер бойынша – 10 тапсырма қабылданды.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, ал бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.

Магистратураға білім гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады.

Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 9-13 желтоқсан аралығында ЖОО қабылдау комиссиялары, соның ішінде онлайн комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Бұл болашақ магистранттарға құжаттарын дәстүрлі немесе онлайн форматта тапсыру мүмкіндігін береді.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы), КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы ЖОО-ға түскен кезде тапсыру керек.

Құжаттарды тапсыру кезінде үміткер білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік алады.

Магистратураға 4 мың мемлекеттік білім гранты бөлінген.

Магистратураға білім гранты иегерлерінің тізімі 25 желтоқсанға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Болашақ магистранттар 26 желтоқсан мен 2025 жылдың 10 қаңтары аралығында оқуға қабылданады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР