2525-01-09

Тоқаев: Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетінде жарияланған мақаласында жазды.

«Екі ел Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты түрде атап өтуге дайындалып жатыр. Ортақ тарихқа деген құрмет Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының негізі болатыны сөзсіз. ХХ ғасырда біздің халықтарымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңіп, ауыр сынақты бірге еңсерді. Қазақстандықтар қан майданда ерлікпен шайқасты. Қазақстан армияны қажетті құрал-жабдықтармен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сенімді стратегиялық тыл болды. Эвакуация кезінде жүздеген мың отбасы қазақ жерінен пана тапты. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген сөз қазақстандықтар үшін тек сөз емес, ол майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерліктері ел жадында мәңгі сақталатынын білдіреді», — деп жазды Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Ресейде мәдениет күндері, фестивальдер мен көрмелер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

«Өткен жылы елімізде «орыс маусымы» атты ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал биыл Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті. Ондағы ең маңызды оқиға ретінде «Абай» операсының Үлкен театрда қойылуын атап өтуге болады. Сонымен қатар, Ресейдің басты мұражайлары — Третьяков галереясы мен Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан командасының Ресейдің Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындарына» қатысуына назар аударады.

«Ал Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ресей спортшылары өнер көрсетті. Бұл — мәдени-гуманитарлық байланыстарды жаңа форматта дамыту қажеттілігінің белгісі. Біз бұл игі дәстүрді жалғастырып, Ресей бастамасымен өткен «Болашақ ойындарының» келесі сайысын 2026 жылы Қазақстанда өткізуді жоспарлап отырмыз. Білім саласындағы ынтымақтастық та дамып, мазмұны тереңдей түсті. Біз еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Ресей қалаларында Қазақстан мектептерінің ашылатынына сенеміз», — деп атап өтті Президент.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР