2424-11-23

15 жасқа толған 30 мыңнан астам қазақстандық оқушы халықаралық зерттеуге қатысады.

Қазақстанда мектептерге арналған PISA-2024 зерттеуі басталды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

2024 жылдың 18 қарашасынан 25 желтоқсанға дейін еліміздің 1 000-нан астам білім беру ұйымында халықаралық PISA зерттеуі өтуде. Оған 15 жасқа толған 30 000-нан астам қазақстандық оқушы қатысады.

Зерттеу PISA әдіснамасына негізделіп, оқу сауаттылығы, математика және жаратылыстану ғылымдары сияқты функционалдық сауаттылықтың маңызды дағдыларын бағалайды. Сондай-ақ, зерттеу білім беру ұйымдарының сыртқы бағалауын жүргізуге мүмкіндік береді. Оның нәтижелері оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін негізгі факторларды анықтауға көмектеседі.

«PISA зерттеуі жыл сайын өткізіліп, мектептер бойынша жеке есептер жасалып, нәтижелерді талдауға мүмкіндік береді. Бұл мектептерге білім сапасын арттыру үшін стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеуде маңызды құрал болады. Зерттеу оқу орындарының күшті және әлсіз жақтарын анықтап, қажетті шараларды қабылдауға ықпал етеді, осылайша білім беру процесін жетілдіруге көмектеседі», — деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.

Айта кетейік, «Мектептерге арналған PISA» зерттеуін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жүргізеді. Бұған дейін, 2021-2023 жылдар аралығында еліміздің 2 200 білім беру ұйымы қатысқан болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР