2024 жылғы 22 қарашада Үржар ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің жеке қазандығында жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, апат жылу жүйесіндегі айналым ақауынан, қазандықтағы қысымның көтерілуі салдарынан орын алған.
Жарылыстың нәтижесінде қазандықтың шатырының 18 шаршы метр алаңының жартысы опырылып түскен. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеуде.
«1970 жылы туған жұмысшы 2-3 дәрежелі күйік алған. Зардап шеккен адам аудандық аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды, қазіргі кезде жағдайы тұрақты», деп хабарлады ресми өкілдер.
Апатқа қарамастан, мектепте оқу процесі тоқтатылмаған. 943 оқушы мен 117 мұғалім білім алуды жалғастыруда. Резервтік қазандықтың арқасында мектеп ғимаратына жылу берілуде.
Демалыс күндері жаңа қазандық орнату жоспарланып отыр.