Мемлекеттік білім грантының саны емес, сапасы мен көлемі 2025 жылдан бастап арттырылады. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, гранттардың саны жыл сайын ұлғайып келеді, бірақ бұл процестің өзіндік тәртібі мен демографиялық өсімді ескере отырып жүргізілетініне назар аударылған. «Гранттардың санын жыл сайын сәл көбейтеміз, алайда 2025 жылдан бастап оның санын емес, сапасын және көлемін арттырамыз. Гранттардың құны да үнемі өсе береді», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Бұдан бөлек, министр мемлекеттік білім грантының төрт жаңа тетігі енгізілгенін жеткізді. Олар: сараланған грант, «Ұлттық қор – балаларға!» жобасы, пайызсыз несие жүйесі және «Келешек» жинақтаушы жүйесі.
«Біздің басты мақсатымыз — ҰБТ-да шекті баллдан жоғары нәтиже көрсету. Мамандық пен университет маңызды болмауы керек, ең бастысы — грантқа түсіп, сол арқылы білім алу мүмкіндігін иелену. Шетелде талапкерлер өздері қалаған мамандық пен жоғары оқу орнын таңдаған кезде оған алдын ала дайындалады. Ал біздің елде жоғары балл алған талапкерлер қалаған мамандықтарына түсеміз деп ойлайды, мысалы, халықаралық қатынастар, халықаралық құқық немесе стоматологияға. Сонымен қатар, дене шынықтыру мамандығы да сұранысқа ие, өйткені онда шығармашылық емтихан тапсырылады, ал 1-курстан кейін басқа мамандыққа ауысу мүмкіндігі бар. Мысалы, биыл стоматология мамандығына 30 грант бөлінді, бірақ оған 35 адам таласып отыр. Ал басым көпшілігі педагогика, инженерия, ақпараттық технологиялар, ветеринария, орман шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, жылу энергетикасы сияқты мемлекет үшін маңызды мамандықтарға берілді. Демек, кәсіптік бағдар беру жүйеміз әлі де толық жетілдірілмеген», — деді министр.