Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының прокуратурасы мектепті жөндеу мерзімдерінің бұзылуын анықтады.
Облыстық прокуратураның ақпараты бойынша, мердігердің міндеттемелерді орындамауы салдарынан прокуратураның ұсынысымен білім беру бөлімі сотқа талап-арызбен жүгінген.
Сот талап-арызды қанағаттандырып, мердігерден мемлекет пайдасына 8 млн теңгеден астам қаржы және 1 млн 700 мың теңге көлемінде тұрақсыздық айыбы өндірілді. Осы және басқа да заң бұзушылықтар білім беру ұйымдарында жүргізілген тексерістер нәтижесінде түзетілді.
Сонымен қатар, прокуратураның қадағалау актісі негізінде 2 мыңнан астам маман міндетті медициналық тексеруден өтті.
Қауіпсіздік мәселелері де назарға алынып, бірнеше шаралар жүзеге асырылды: балабақшалардағы бейнебақылау камералары мен ойын алаңдары жөнделіп, ғимараттарды жылытуға арналған жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, 4 балабақшадағы пандустар жөнделіп, 5 мектепте пандустарды жөндеуге қаражат бөлу мәселесі шешімін тапты.
Қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылуда.