2424-11-21

Жасөспірімдерді құмар ойыннан қалай қорғау керек?

Қазақстанда жасөспірімдерді құмар ойыннан қалай қорғау керек? Бұл үшін елімізде қандай шаралар қолға алынған? Ал ата-аналар жағымсыз оқиғалардың алдын ала ала ма?

Бұл туралы Stan.kz сайтына «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының» бас директордың клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нәби Есімов айтып берді.

Дәрігерлер қандай шара қолданады?

Нәби Есімовтың айтуынша, Қазақстанда құмар ойынмен күрес шаралары мен ағарту жұмыстары әрдайым жүргізіледі және жалғасып жатыр. Ол мектеп, колледж, университет деңгейінде қолға алынған.

Былтыр 2023 жылдың қазан айында клиникалық хаттама пайда болды. Сол клиникалық хаттамада лудоманияны емдеудің және оның реабилитациялық аспектілерін суреттеп айтылған. Бүкіл Қазақстанда осы құжат бойынша емдеу және оңалту жұмысы жүргізіліп жатыр.

“Біз үнемі түрлі зерттеулер, әсіресе түрлі халықаралық, аймақтық ұйымдармен өзара бірлесіп, белгілі бір шаралар ұйымдастырып отырамыз. Мысалы, лудоманияға қарсы әрдайым онлайн және офлайн сұхбаттар өткізіп, ақпарат береміз. Бұл қоғамды ағартуға бағытталған шара болып есептеледі. Одан бөлек марафондар да өткіземіз. Сонымен қатар Mentalcenter.kz сайтымызда кез келген адам лудомания және тәуелділікке қатысты сұрағын қоя алады. Біздің телеграм ботымыз да жұмыс істейді. Адам сол жерде сұрағын қойып, мазалап жүрген мәселесін айта алады, біз әрқайсына жауап береміз. Онда психологтар көмек бере алады. Біздің дәрігерлер колледж, Жоғары оқу орындарына барып, студенттерге дәріс түрінде түсіндіру жүргізеді. Соңында міндетті түрде сұрақ жауап ұйымдастырылады”, – дейді маман.

Маманның сөзінше, кез келген жаста құмар ойынға салыну ықтималдығы мол. Өйткені қазір ол өте кең таралып тұр.

Барлығы гаджетте бар, оны кез келген уақытта басып, ойнап, құмарына кіріп кете алады. Ал ол міндетті түрде адамның ішіндегі азарт сезімін қозғайды.

“Ал азарт адамның өмірінде бірдеңе жетіспеген кезде пайда болады. Оқуда, білім алуда тартып, құлшынып тұратын бірнәрсе болмаған кезде азартқа құмарлық пайда болады. Оқуға қызығушылығы жоқ оқушы үйіне барғанда іші пысады, телефонда отырады. Ата-анасымен де әңгімелеспейді, Қосымша үйірмеге, спортқа бармаған соң, ол бала сондай құмар нәрселерге ұрынуы мүмкін. Бұл жерде адамның мінез құлқы, болмысы, бейімділігін ескеру керек”, – дейді Нәби Есімов.

Ата-анасы жасөспірім баласын құмар ойыннан қалай қорғауы керек?

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының маманы ересектерге баласы құмар ойынға салынбас үшін не істеу керек екенін айтты.

“Ата-ана, үйдегі ересектер баласымен психологиялық тығыз қарым қатынас құра алуы керек. Баланың қандай құмарлығы бар, күйзеліп жүр ме, мақсаты қандай, неге алаңдайды – осының бәрін біліп жүрсе, болашақта ешқандай жағымсыз тосынсый болмайды. Мұндайда біз баланың болашағын уайымсыз жоспарлай аламыз. Екіншіден, баламен дос болу керек, сырлас болу керек. Баланың ең қиын мезетте пайда болатын жақын досы әке шешесі болуы керек. Сонда ғана бала бүкіл уайымын әке-шешесіне айтады және олар баланың бүкіл жағдайын біліп, кейбір нәрселерді алдын ала байқап отырады, бірнеше қадам алда болады. Әке-шеше өзінің мінезімен, күнделікті жүріс-тұрысымен, жақсы әдебімен балаға жақсы тәлім бере алады. Үйдегі ересектердің күнделікті кітап, газет оқығанын, жұмыс істеп, еңбектеніп ақша тапқанын, спортпен айналысқанын, сөзінде тұрып, баратын жерге уақытылы баратынын көрсе, бала да соны ойға түйеді, өзіне үлгі етеді, соған лайық болуды ойлайды”, – дейді ол.

Жастардың құмарлыққа салынғанын байқасақ, не істейміз?

Маман баласы құмар ойынға салына бастаған ата-аналарға да кеңес айтты.

“Егер баласы құмар ойынға салынып бара жатса, ең бірінші кеңесім – психолог маманның көмегіне жүгінуден қорықпау. Кәсіби маманның кеңесінен қалмау керек және оның маңызын әрдайым түсіну керек. Көбіне ата-аналар оған мән бермейді, лудоманияның ауру екенін, ойынқұмарлық ауруы бар екенін, оның жалпы әлемде бар екенін түсінбейді. Оның себебі – ақпараттың жетіспеуі. Лудомания кез келген ауру сияқты. Мысалы, адам аяғы сынса травмотологқа барады, қант диабеті болса, эндокринологқа барады. Тура сол сияқты лудомания дамып бара жатса, психиатр, наркологтың кеңесіне міндетті түрде жүгінуі керек”, – деді маман.

Оқу орындарында қандай шаралар қолға алынған?

Сонымен қатар Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі оқу орындарында жасөспірімдерді құмар ойыннан сақтау үшін қандай шаралар жүргізілетінін айтты.

2023-2024 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында Денсаулық сақтау, Құқық қорғау органдары және прокуратураның мамандарымен бірлесіп, 10 мыңнан астам бірлескен іс-шара өткізілді.

80 мың оқушы мен 12 мың колледждің білім алушысы құқықтық сауат іс-шараларымен қамтылды. 45 мың ата-ананың қатысуымен «Балаларда тәуелділіктің белгілері» тақырыбында тренингтер өткізілді. 1201 мектеп ДСМ және ДДҰ-мен бірлесіп «Саламатты мектеп» жобасына қатысты. 2023 жылы 5000-ға жуық әскери-патриоттық және спорттық іс-шаралар өткізілді.

Білім беру ұйымдарында ойынға және интернетке тәуелділіктің алдын алу үшін мынадай шаралар өткізіледі:

Әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуді талап ететін балалар сауалнама толтырып, уақытылы анықтау арқылы және құмар ойындарға бейім немесе құмар ойындарға тәуелді жандардың отбасында тұратын білім алушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі.

Әр білім беру мекемесі білім алушыларға оқу процесінде қолайлы жағдайлар жасауға және психологиялық жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді. Сонымен қатар еліміздің 18 өңірінде мектеп психологтарының қызметін үйлестіретін және балалар мен ата-аналарға кеңес беретін өңірлік психологиялық-педагогикалық қолдау орталығы қызмет атқарып жатыр.

Психологиялық мінез-құлық тәуекелдері мен отбасылық, тұрмыстық мәселелер анықталған кезде білім алушы тиісті бейіндегі мамандарға, денсаулық сақтау, ішкі істер, халықты әлеуметтік қорғау органдары мен ұйымдарына консультацияға жіберіледі.

Отбасылық қолайсыздықтың алдын алу мақсатында құмар ойындарға бейім балалардың ата-аналары педагогикалық кеңесінің отырыстарына, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі аумақтық комиссияның отырыстарына шақырылады.

“Ел аумағында барлығы 238 аумақтық және оқу-ағарту министрлігі жанындағы ведомствоаралық комиссия қызмет атқарады. Сонымен қатар әр мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылды.

Бұл орталықтардың оқыту бағдарламасына «Ойын және интернетке тәуелділіктің, лудоманияның алдын алу» бөлімі енгізілді. Отбасыларға лудоманияны емдеуге көмектесетін қолжетімді ресурстар мен бағдарламалар туралы ақпарат беріледі.

Ата-аналардың оңалту түрлерімен және шараларымен танысу мақсатында психотерапевтермен және психологтармен кездесулері өткізіледі”, – делінген оқу-ағарту министрлігінің жауабында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР