2525-11-10

Жалған ақпарат үшін 5 жыл түрме: “Ақтауда мектептерге шабуыл жасалмақ”

Маңғыстау облысында мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы білім беру ұйымдарына жасалуы мүмкін шабуыл туралы жалған сипаттағы хабарламалар таралуда.

Осыған байланысты облыстық полиция департаменті бұл ақпараттың таралу көздерін анықтау және шындыққа сәйкестігін тексеру мақсатында тиісті шаралар қабылдап жатқанын хабарлайды.

Полиция департаменті азаматтарға тексерілмеген мәліметтерге сенбеуді және оларды әрі қарай таратпауды ескертеді.

– Құрметті тұрғындар! Мессенджерлерде мектептерде террористік актілер жоспарланып жатыр деген жалған ақпарат тарап жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тексеру жұмыстары жүргізілуде, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жағдай толықтай бақылауда, – делінген департаменттің хабарламасында.

Сонымен қатар, полиция жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады және тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.

Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған хабарламаларға байланысты барлық қажетті тексеріс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аталған білім беру ұйымдарының ғимараттары қауіпсіз деп танылып, арнайы актілермен расталды.

– 2025 жылғы 10 қараша күні Ақтау қаласындағы барлық мектептерде оқу процесі штаттық режимде, бекітілген сабақ кестесіне сәйкес жүргізіледі.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында әр мектепте учаскелік полиция қызметкерлері кезекшілік атқаруда, – деп хабарлады білім басқармасы.

Маңғыстау облысының полиция департаменті және білім басқармасы тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар