Еліміздің әр өңірінен келген 9-10-сынып оқушыларының қатысуымен алғашқы рет республикалық деңгейдегі «JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы басталды. Бұл маңызды іс-шара халықаралық WorldSkills чемпионатының талаптарына сай ұйымдастырылып, жасөспірімдерге өз қабілеттерін танытып, болашағы бар мамандықтарды игеруге жол ашып отыр.
Қала күні аясында жүзеге асқан бұл республикалық байқау Алматы қаласындағы 11 мемлекеттік колледждің базасында өтіп жатыр. Сайыс бағдарламасы қазіргі таңда сұранысқа ие бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында – электрмонтаж жұмыстары, веб-технологиялар, мобилография, «ақылды үй» жүйелері, графикалық дизайн, аспаздық, мейрамхана сервисі, наубайшылық, сән дизайны, шаштараз қызметі, автокөлікті жөндеу және оған қызмет көрсету сынды бағыттар бар.
Алматы қаласы бұл байқауда тек ұйымдастырушы рөлінде ғана емес, сонымен қатар жастар үшін тартымды орталық ретінде де көрінді. Мұнда жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және кәсіби тұрғыда қалыптасуына барлық мүмкіндік жасалған. «JasSkills Kazakhstan – 2025» жарысы мегаполистің білім мен кәсіби дайындық саласындағы жаңашылдықтары мен көшбасшылық бастамаларының нақты көрінісіне айналды.
Алматы мемлекеттік бизнес-колледжінің директоры Айнұр Мұқажанова бұл жөнінде былай деді: «Бұрын оқушылар көбіне экономист немесе заңгер болуды армандайтын. Қазір керісінше, аспаздық, графикалық дизайн, мобилография сияқты бағыттарға қызығушылық артып келеді. Мұндай байқаулар оқушылардың өз мамандығын ертерек анықтауына мүмкіндік береді».
Чемпионат аясында «Менің болашақ мамандығым» атты жәрмеңке де ұйымдастырылды. Бұл шараға 2200-ден астам алматылық оқушы қатысып, колледждердің білім беру бағдарламаларымен танысып, тәжірибелі мамандардың шеберлік сабақтарына қатысты.
«JasSkills Kazakhstan – 2025» байқауы – тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар Алматыны жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынатын, олардың армандары мен қабілеттерін іске асыруға жағдай жасайтын шаһар ретінде көрсетудің тағы бір қадамы болды.