СҚО бойынша тексеру комиссиясының деректеріне сәйкес, облыстық білім басқармасына жүргізілген тексеріс барысында оңтүстік өңірлерден келген студенттердің жергілікті климат пен менталитетке бейімделу барысында қиындықтарға тап болатыны анықталған. Осы себепті көптеген түлек оқуын аяқтаған соң туған жеріне қайта оралуда.
Атап айтқанда, талдау нәтижесінде 470 студенттің тек 69-ы ғана оқу бітіргеннен кейін өңірде қалып, жұмысқа орналасқан. Бұл – барлығы 14,7 пайызды ғана құрайды.
Ауылдық жерлерге жастарды тарту бағытында шаралар қабылданғанымен, олардың басым бөлігі ауылда жұмыс істеуге ниетті емес. Бұл жағдай әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі, инфрақұрылымның әлсіздігі және мотивациялық механизмдердің әсерсіздігімен байланысты.
Сонымен қатар, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 2021–2022 және 2024 жылдардағы «Қоныс аударушылар мен қандастардың жұмыспен қамтылу деңгейі, соның ішінде кәсіпкерлік бастаманы дамыту» атты ұлттық жоба аясындағы мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған.
2024 жылға арналған қоныс аударушыларды қабылдау квотасы да орындалмай қалды. Бұған СҚО-ға өз еркімен көшкісі келетін азаматтардың тапшылығы себеп болды. Сондай-ақ, өзге аймақ тұрғындарын тартуға бағытталған жергілікті атқарушы органдар мен басқарма жұмысы да тиісті деңгейде жүзеге аспаған.
Аудит жүргізілген кезеңде облыстан 3852 адам немесе 1212 отбасы көшіп кеткені белгілі болды. Бұл көрсеткіш өңірдегі демографиялық жағдайды одан әрі қиындатып отыр.