2525-08-28

“ҰБТ тапсыруға келген әже”: 70-тен асқан Нұрихан апа университетке түсуді армандайды!

Алматыда 13 тамыз күні зейнеткер Нұрихан апа университетке түсу арманының жетегінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға ниет білдірді, Бұл туралы біз оқырмандарымызға BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлаймыз.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, Нұрихан апа өмірін толығымен бала тәрбиесіне арнағандықтан, жоғары білім алуға мүмкіндігі болмаған. Алайда биыл ол көптен бергі арманын іске асырып, алғаш рет ҰБТ-ны тапсырып көруге шешім қабылдаған. Жақын туыстары оның бастамасын қолдап, тіркеу рәсімінен өтуіне жәрдемдескен.

Тестілеу күні ол балаларымен бірге келіп, емтихан басталар сәтте өзге талапкерлерге ақ батасын берді. Ол жастарға сәттілік тілеп, білім мен жаңалыққа ұмтылудың жасы жоқ екенін айтып, мотивация сыйлады.

Алайда бұл жолы Нұрихан апа тестілеуден өте алмады – басты себеп: компьютермен жұмыс істеу дағдысының болмауы. Дегенмен, ол мұнымен тоқтап қалмайтынын, алдағы жылы міндетті түрде дайындалып келетінін жеткізді.

Ұлттық тестілеу орталығы зейнеткерге мықты денсаулық, табандылық және өз күшіне сенім тіледі.

Айта кетейік, елімізде тамыз айының 10–14 күндері аралығында ҰБТ кезекті рет өткізілді.

Соңғы жаңалықтар