2525-05-06

Жоғары балл – босқа ма? Министрлік уәдесі тағы да орындалмады

Жылдан жылға жалғасып жатқан өтірік…
Түлектер үшін маңызды оқиғаның бірі Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушылардың бәрі алдын ала күтіп, жапа тармағай таңдау пәндерін белгілеп, тестке тіркеліп қойды. Бірақ…
Оқушылар алды 9-10 сыныпта, соңы 11-сыныптың басында күзде өз еріктерінше, қалауларына қарай мамандық таңдап, соған сәйкес дайындалып жатқанымен әлі грант саны, грант саны тұрмақ қандай мамандықтар болатыны туралы тізім де шыққан жоқ. Мамандықтар негізінен өзгермейді ғой деуіңіз мүмкін, бірақ бұл – әлі нақты шеше алмай, құбылып жүрген, алдыңғы буын түлектерінен, басқа ақпарат көздерінен әртүрлі “қауесет” естіп жүргендер үшін өте маңызды. Қанша дегенмен, гранттың маңыздылығы мамандықтан кем емес. Мысалы, былтыр, мамыр айында білім беру бағдарламасына “Криптология” қосылды. Қазірге соңғы жылдарда грант саны ең ерте шыққан уақыт осы. 2021 жылы “Жалпы медицина” гранты бірден 500-ге қысқарған, (2147>1575-ке), Ал “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” ББТ 1500 грантқа артық бөлінді, 2023 жылы бірнеше ББТ қосылды. Талапкерлер тек оқу жылы соңында ғана хабардар болады. Әсіресе, шығармашылық бағытты таңдайтындар үшін риск көп. Кейбір мамандықтарға мүлдем грант бөлінбей қалса, оларда басқалар сияқты 4 мамандық таңдау құқығы жоқ, әрі дайындығы да жоқ.
Осының бәрі ең соңында талапкерлердің жоғары балмен бір мамандыққа түсе алмай қалуы мен екінші бірінде грант сандары артып қалуына, жылына бірнеше рет гранттарды қайта тағайындауға алып келеді. Ал қайта тағайындау кезінде тағы да жоғары балл жинағандар үшін әділетсіздік болады.
Былтыр су тасқыны салдарынан гранттар тағайындауда туған дау кезінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек “Жоғары балл алып, грантқа түсе алмай қалған талапкерлердің 70%-ы мемлекет үшін қазір басым құқыққа ие емес мамандықтар таңдаған” деп квоталар мен алдын ала ескертілмеген тағайындаулар туралы түсіндірудің орнына талапкерлердің өздерін айыптаған болатын. Биылғы оқу жылы аяқталып қалды, гранттар саны әлі белгісіз. Ал мемлекет қай мамандыққа басымдық беретінін талапкерлер жыл басында қалай біліп дайындалуы керек. Осы сұрақ министрлікті мазалайды ма? “Жыл сайын тізімді ерте шығарамыз” деп берген уәделер қашан орындалады?

Гүлбану Қанай

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР