2525-03-12

Ел мектептерінде орын тапшылығы қалай шешіліп жатыр

2024 жылы елімізде 373 мың оқушы орнына арналған 257 жаңа мектеп салынып, биыл тағы 300 мың орындық 200-ден астам мектептің құрылысы басталады.

— Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа оқу жылында 254 мың оқушы орнына арналған 105 мектеп ашылды, оның 40%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 27 мың оқушы орнына арналған 25 мектеп салынды. Биыл тағы бес мектеп пен 3,3 мың орындық интернат құрылысын жүргізу жоспарланған, — деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мектептер мен білім беру нысандарының құрылыс жұмыстарының басым бөлігі Жетісу, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында және Алматы қаласында жүргізілуде.

Бұл жобалардың жүзеге асырылуы оқушы орындарының жетіспеушілігін азайтуға, сондай-ақ апатты ғимараттардың мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

— Жалпы алғанда, 100 мың оқушы орнына арналған 89 мектептің құрылысы жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен қаржыландырылды. Биыл елімізде 300 мың орындық 200-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Бұл шаралар 2026 жылға дейін оқушы орындарының тапшылығын толығымен жоюға мүмкіндік береді, — деп мәлімдеді министрлік.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР