2525-03-12

Қазақстанда STEAM бағдарламасының іске асуы: Білім жүйесінің жаңашылдығы немесе қағаздағы бастама?

Қазіргі таңда еліміздегі білім жүйесінде «STEAM» (Science, Technology, Engineering, Arts, Mathematics) бағыты ерекше маңызға ие. Білім саласын заманауи талаптарға сай дамыту үшін бұл жүйенің қажеттілігі сөзсіз. Дегенмен тамаша бастамалардың көбі қағаз жүзінде қалып қояды. Шындығына келсек, көп мектепте «STEAM» білім берудің аты мен кабинеті ғана бар.

«STEAM» деген не, ол қайдан шықты?

«STEAM» (Science, Technology, Engineering, Arts, Mathematics) – жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия, өнер, математиканы кіріктіріп оқыту жүйесі. Бұл термин алғаш рет АҚШ-та 1990-жылдары енгізіліп, кейін көптеген дамыған елдер білім жүйесіне бейімдей бастады. «STEAM» білім беру дәстүрлі пәндерден алшақтап, оқушыларды нақты өмірде кездесетін мәселелерді кешенді түрде шешуге бағыттайды. Бұл модельде оқушы білімді тек теория жүзінде емес, тәжірибе арқылы меңгереді. Мысалы, бір жоба барысында оқушылар ғылыми зерттеу жасап, инженерлік есептеулер жүргізіп, шығармашылық элементтер қосып, нәтижесінде нақты өнім шығарады.

 

Бастама бар да, нәтиже жоқ

Елімізде «STEAM» білім жүйесі 2019 жылдан бастап енгізіліп, бірқатар мектепте алғашқы зертханалар ашылды. Алайда бүгінге дейін бұл бағдарлама кейбір жекелеген мектептерде қалыптасып келе жатқаны болмаса, жалпы орта мектептерде толық жүйелене қойған жоқ. Білім жүйесінде оған себеп олқылық көп. Білім ұяларында арнайы «STEAM» сыныптары ашылғанымен, олардың көпшілігі информатика кабинеті дең­гейінде қа­лып қойған.

Информатика пәні мұғалімі Гүлжан Төлеудің айтуын­ша, бұл жүйе­нің негізгі мәнін жете тү­сінбеген мектеп әкімшілігі «STEAM»-ді тек роботтехника мен компьютерлік бағдарламалаумен шектеп, оны іске асыруды информа­тика мұғалімдеріне тапсырады. «STEAM» деп аталатын кабинеттер бар. Бірақ оны толыққанды зертхана дей алмаймыз. Ал зертханалары бар мектептер аз. Алайда бар жабдықтың өзі толық пайдаланылмайды. Мұғалімдерді арнайы дайын­­дық­тан өткізбей, қарапайым информа­ти­ка мұғалімдеріне бұл жауапкерші­лік­ті жүктеп қояды. Шетелдегі «STEAM» сабақтары пәнаралық байланысқа құ­рылған, оқушылар математика, физика, биология, өнер, технологияны біріктіріп, нақты жобалармен жұмыс істейді. Бізде осының бәрі назардан тыс қалып отыр», дейді ол.

 

Неге тығырыққа тірелді?

Еліміздегі мектептерде «STEAM» зертханалары ашылғанымен, олар әлі де толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ. Көптеген мектепте бұл жүйе тек роботтехника мен информатика сабақтары секілді өтеді. Ал шын мәнінде, «STEAM» – ғылым, технология, инженерия, өнер және математика пәнде­рін біріктіретін кешенді оқыту жүйесі. Бас­ты мәселе – мұғалімдердің бұл әдісті то­лық түсінбеуі және пәндер арасында байла­­ныс орнатылмау. Қазіргі мектептерде әр ­пән өз алдына жеке оқытыла­ды, ал «STEAM»-нің негізгі мақсаты – осы пәндерді біріктіріп, оқушыларға тәжірибе ар­қылы білім беру. Еуразия ұлттық уни­верситетіне арнайы шақырылған «STEAM» білім беру маманы, PhD Абдулла Лилидің айтуынша, мұғалім­дер бұл жүйеге бейімделмегендік­тен, оны қосымша жүктеме ретінде қабылдайды. «Мұғалімдер «STEAM» жүйесін жеткілікті деңгейде түсінбей жатыр. Құрал-жабдықтың жетіспеуі ғана қолбайлау емес, мұғалімдердің шығармашылық ізденісінің аздығы мен бұл жүйеге бейімделе алмауы үлкен кедергі. Дәстүрлі форматта білім беріп үйреніп қалған ұстаздар өз пәнін басқа пәндермен интеграциялап артық жүктеме алғысы келмейді. Әрине мұны да түсінуге болады. Сондықтан «STEAM» жүйесінде оқытатын арнайы маман қажет. Қазір жоғары оқу орындарында бұл мамандық енді ашылып, оқытылып жатыр. Дегенмен мектептегі жүйені қазірден өзгертуге әрекет жасалса ғана «STEAM» бағдарламасы нәтижелі болады деп ойлаймын», дейді ол.

 

АҚШ тәжірибесі: сабақтар қалай өтеді?

АҚШ-та «STEAM» сабақтары оқу­шыларды зерттеуші ретінде қа­лып­тастыруға бағытталған. Онда жобалық оқыту жүйесі қолданылады. Сабақтарда оқушылар бір мәселені шешуге бірнеше пәннің білімін қолданады. Мұғалімдер арнайы дайындықтан өтеді. «STEAM»-ді жүргізетін мұғалімдер тек информатика емес, әртүрлі пәндер бойынша білімін жетілдіріп, интеграцияланған сабақтар өткізуге дағдыланады. Сондай-ақ кәсіби мамандар тартылып, мектептері түрлі компаниялармен, университеттермен, зертханалармен бірлесе жұмыс істейді. Оқушыға еркіндік беріледі. Оқушылар теориялық біліммен шектелмей, мәселені зерттеп, тәжірибеден өткізіп, өз шешімін ұсынады.

«Біз жаңа буынның күрделі мәсе­лелерді шешу дағдыларын дамытуға ықпал еткіміз келеді. Осы мақсатта мұғалімдерге пәнаралық жобаларды басқару, заманауи технологияларды тиімді енгізу, адамға бағдарлан­ған дизайндық ойлау тәсілдерін меңгеру­ге көмектесетін кәсіби дайындық бағдарламаларын әзірлеп шықтық», дейді «STEAM» бағдарламасының жетекшісі Жан Гилдер.

 

Блиц-сауал

Бастама жүзеге асып жатыр ма?

Айжан, информатика пәнінің мұға­лімі: Мектепте «STEAM» кабинеті ашылды, бірақ оған тек информатика пәні мұға­лімі жауапты. Меніңше, бұл жүйе кең ауқымды пәндерді қамтуы ке­рек, ал бізде ол толыққанды іске асып жатқан жоқ.

Марат, информатика пәнінің мұға­лімі: Идеясы жақсы, бірақ жабдықтар жеткіліксіз. Тіпті оларды қалай қолдану керек екенін де түсіне бермейміз. Жалпы, оны күнделікті қолданып та жатқан жоқпыз.

Гүлжан, информатика пәнінің мұғалімі: «STEAM» тек жаратылыстану пәндеріне ғана қатысты деп ойлайтындар көп. Бірақ бұл жүйе шығармашылық пен инженерияны дамытуға бағытталған. Біз мектепте әлі дәстүрлі әдіспен оқытамыз.

Бауыржан, информатика пәні­нің мұғалімі: Мектеп әкім­ші­лігі «STEAM» кабинетін ашып, ма­ған тап­­сырды. Бірақ бұл тек бағдар­лама­­лаумен шектелетін нәрсе емес. Басқа пәндермен интеграция­лан­баса, нағыз «STEAM» деп айту қиын.

Айдана, информатика пәнінің мұғалімі: Жүйені енгізу қағаз жү­зінде ғана жүзеге асып жатыр. Мұғалімдерге нақты әдістемелік қолдау жоқ. Барлығын өзіміз зерттеп, бейімдеуге тура келеді.

Ерлан, информатика пәнінің мұғалімі: Шетелде «STEAM» жобалары оқушыларды еркін ойлауға, жаңа өнім жасауға бағытталады. Бізде мұндай мүмкіндік жоқ, көбіне теория.

Айтолған ЖҮНІСХАН
“Егемен Қазақстан” газеті

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР