Соңғы алты жылда әлеуметтік қамсыздандыру саласында 574 қылмыс тіркеліп, 141 адам сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, Түркістан қалалық соты Сауран ауданының білім бөлімінің басшылары А.Батырбекова мен Т.Шегенбаевқа, сондай-ақ бухгалтерлер Б.Жанәлі мен А.Парменовқа қатысты үкім шығарды. Олар білім беру саласында жалған жұмысшыларға жалақы аударып, 29 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталды.
Батырбекова мен Шегенбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Жанәлі мен Парменовтың бас бостандығы сол мерзімге шектелді.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Шымкент қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті» РММ бөлім басшысының міндетін атқарушы Д.Бегалаева мен «№12 қалалық емхана» ШЖҚ МКК медбикесі Г.Ирбаеваға қатысты үкім шығарды. Бегалаева бірнеше рет пара алғаны үшін, Ирбаева мүгедектік топтарын бекіту үшін мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан 500 мың теңгеге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен Бегалаева мен Ирбаеваға 23,3 млн теңге мен 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Атырау қаласының №2 соты қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі М.Сейтқалиева мен басқа тұлғаларға қатысты үкім шығарды. Олар жергілікті мектептердің бірінің уақытша директоры А.Қойшығұлова арқылы мұғалімдерден «сарапшы» санатын бекіту үшін 150 мың теңге пара алғаны үшін айыпталды. Сот оларды 1,4 млн теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылады.
Бұл сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
ҚР ҚК 41-бабы бойынша айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауысады.