Атырауда білім саласының қызметкерлері мұғалімдерден пара алды. Сот оларды айыптап, айыппұл салды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Атырау қаласының №2 соты білім бөлімі сектор меңгерушісі М.С. мен басқа да тұлғаларға қатысты үкім шығарды.
А.Қ. есімді уақытша мектеп директоры арқылы үш мұғалімнен сарапшы санатын алу үшін 150 мың теңге пара алғаны анықталды. Сот үкімімен кінәлі деп танылып, айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Оның мөлшері 1,4 млн теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін өзгеріп отыр.
Сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды. Әзірше сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қылмыстық кодекстің 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген уақыт ішінде төленбесе, жаза түрі бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Ал Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, соттың үкімі заңды күшіне енгенге дейін кінәлі тұлғалар кінәсіз деп есептеледі.