ҚР Оқу-ағарту министрлігі «100 медиативті мектеп» жобасын жүзеге асыруды бастады. Бұл бастама еліміздегі барлық мектептерде қақтығыстарды тиімді шешуге және оқушылар, педагогтер мен ата-аналар үшін теріс салдардың алдын алуға бағытталған мектеп медиациясы қызметтерін енгізуді көздейді.
Мектеп медиациясының жұмысына бірегей тәсілді қамтамасыз ету үшін Ы.Алтынсарин атындағы КЕАҚ әзірлеген әдістемелік ұсынымдар бекітілген. Бұл ұсынымдар мектептерде медиация қызметтерін құру және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті теориялық және практикалық ақпаратты қамтиды. Олар медиативтік практикаларды білім беру ұйымдарына енгізуге негіз болады.
«Бұл бастаманың басты мақсаты – қиын жағдайларда балаларды қолдау, олардың дамуы мен әлеуметтенуіне қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру. Сонымен қатар, отбасылық және құқықтық дауларды шешуге көмек көрсету де көзделген. Мектеп қызметтері қақтығыстарды реттеу үшін маңызды құрал болып табылады, ал медиативтік әдістер даулы жағдайларды азайтуға және оқу орындарындағы психологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, медиация қызметіне жоғары сынып оқушылары, мұғалімдер, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, ата-аналар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен қамқоршылық кеңестердің өкілдері қатысады.