26.04.2024

ҰБТ-дан 125 балл жинаған қос түлек жыл бойы әлеуметтік желіге кірмепті

ҰБТ-дан соң ағыл-тегіл жылап, редакцияға хабарласқан оқушы көп. Аз балл жинаған оқушылар «қай оқуға барсақ болады?» деп сабылып жүр. Тестілеуден соң талайлар орамалын су ғып жылады. Әлдекімдерге үлкен университеттің есігі ашылды. Тағы біреулерге тарс жабылды. Төмен балл алғанына әуелі өзін, одан қалса, «шпаргалкасын» тартып алған комиссияны кінәлағандар да кездесті. «Дұрыс оқытпады, көмектеспеді» деп ұстазын жазғырып жүргендер де жетерлік. Ұлттық тестілеу орталығының дерегінше, 2-9 маусым аралығында 92077 мектеп бітіруші тестілеуден өтті. Олардың 63603-і сынақты қазақ тілінде, 28474-і орыс тілінде тапсырды. ҰБТ-ның тұсында түлектердің көпшілігі өз білімдеріне сенімсіздіктерін байқатып алды. Бұлай дейтініміз, алғашқы үш күннің өзінде талапкерлерден 11 046 ұялы телефон, 7 533 шпаргалка, 438 калькулятор, 82 фотоаппарат, 8 рация, 8 блютуз, 19 флешка, 17 wi-fi табылыпты. Тексерушілер: «Талапкерлерден рациялық құралдармен қоса кеңсе пышағы мен қол сканерін де тәркіледік» дегенде, тест тапсырушылардың соншалықты «қаруланғанына» қайран қалдық.

Әйтсе де, 11 жылғы білімін дәлелдеп, 125 сұрақтың жауабын толық шешкен талапкерлер де бар. 2-3 маусымда тест тапсырғандардың арасында алматылық екі түлек 125 балл жинады. №178 лицейдің түлегі Айғаным Әбдіжаппар мен Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның бітірушісі Әсия Мараттың есімі ә дегеннен-ақ көптің аузына ілікті. Олар 125 балл жинап, үздік нәтиже көрсетті. «Алтын белгілерін» де ақтады. Екі қызбен де ҰБТ-ға қалай дайындалғандарын сұрап, сұхбаттасқанбыз. Үздіктердің ҰБТ-ға дайындалу әдісі кейінгілерге үлгі боларлық екен.
Айғаным Әбдіжаппардың редакциямыздың есігін ашқан сәтте қуанышты екені білініп тұрды. Жүзі бал-бұл жайнап: «Ұлан» газеті ме? – деді күлімдей. Ол жоғары нәтижеге қол жеткізгенінің құпиясын былай түсіндірді.
76Айғаным Әбдіжаппар: 11-сыныпқа аяқ басқалы «М-агент, вконтакте, фейсбук, твиттер, инстаграм» бәрін ұмыттым. Ғаламторға кіруден өзімді автоматты түрде шектедім. Әркім өзі шешеді, әрине. Бірақ, уақытты тиімді пайдалану үшін бұл тәсіл өте тиімді. Мен оқитын мектеп математиканы тереңдетіп оқытатындықтан, есептен қиналған жоқпын. Қалған сабақтарға таза оқулықпен дайындалдым. Өзге дерек көздеріне жүгініп, бас ауыртудың қажеті жоқ. Өйткені, ҰБТ-дағы барлық тапсырмалар мектеп бағдарламасына негізделген. Арнайы репетиторға да бармадым. Қосымша сабақты өзімнің ұстаздарымнан алдым. Маған келген нұсқада бұрын кездеспеген сұрақтар да, логикалық тапсырмалар да болды. Оларға ойымды жинақтап, саралай келе жауап бердім. Нәтижеде, жауаптарымның бәрі дұрыс болып, 125 балды еншіледім. Шпаргалка қолданбадым. Себебі, көшірудің өзін келіс-тіре алмаймын. Жанымдағы талапкерлердің не істеп отырғанына мән беретін уақытым болмады. Басқа-ларға алаңдаймын деп уақыт жоғалтпау керек, дұрысы.

Ал Әсия Маратпен телефонмен тілдестік. Сөзі мығым екендігі байқалды. Апелляциялық жолмен 1 сұрақтың жауабын дәлелдеген Әсияның білімділігіне ризамыз. «124 балға да шүкір» дей салмай, өзінің дұрыс жауап бергенін қайта қарауға ұсынып, жеңіп шықты. Қазақ тілі пәнінен берілген 25-інші сұрақ «тыныс белгісі дұрыс қойылмаған сөйлемді табыңыз» деген екен. Сынақ барысында Әсия сол сұраққа ұзақ ойланыпты.
75Әсия Марат: Аудиториядан шыққанда, 125 сұрақтың жауабын дұрыс шешкеніме сенімді едім. Тест кілттері шығып, менің ұпайларымды есептегенде 124 болып қалды. Осылайша қай жауаптың қате болғанын білдім. Сөйтсем, қазақ тілінен өзім күмәнданған сұрақ екен. Тест орталығы екі дұрыс жауап жазған. Осыны айтқанымда, менің жауабымды «қанағаттанарлық» деп бағалап, артынша 1 ұпайымды қосты.
Мен 11 жыл бойы үздік оқыдым. Сабақты жақсы оқығанымның арқасында осындай нәтиже көрсете алдым. Негізі, әр сыныпта жақсы оқып, оқығаныңды жадыңа сақтай білсең, тест барысында еш қиындық туындамайды.

Айғаным да, Әсия да нақты қай оқу орнына құжат тапсыратынын әлі шешпепті. Бір нәрсе ғана анық – олар елімізде білім алмақшы. Екеуінің де таңдау пәндері – география. Әсия «Есеп және аудит» мамандығын игермекші. Айғаным экономика немесе жергілікті басқару саласын қалап отыр. «Қаржыгер мамандығына немесе география саласына қатысты мамандықтардың қай-қайсысына да құжат тапсырсам болады ғой» деп жымиды. Онысы рас енді. «Алтын белгі» мен 125 балды иеленген алтын қыздарға еліміздегі университеттердің қай-қайсысының да есігі ашық.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Әсия Мараттың суреті massaget.kz сайтынан алынды

(«Ұлан», №23. 10.06.2014)

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА