2424-12-04

Министрлік ҰБТ-ның инновациялық өзгерістері туралы хабарлады

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) мәселелері бойынша жаңа мәліметтермен бөлісті. 2023-2024 жылдары Дүниежүзілік банктің «Жалпы білім беруді жаңғырту» жобасы аясында еліміздің әр өңірінен таңдап алынған 350 сарапшы ҰБТ тапсырмаларын әзірлеу және сараптау бойынша арнайы оқу курсын тәмамдады.

Бұл мамандар Ұлттық тестілеу орталығы ұйымдастыратын іс-шараларға белсене қатысып, өз біліктіліктерін арттыруды жалғастыруда. Сонымен қатар, орталық қазіргі уақытта мультимедиялық элементтер мен жоғары деңгейдегі когнитивтік дағдыларды бағалайтын интерактивті тапсырмаларды әзірлеуге арналған жаңа онлайн платформасын жасау үстінде.

«Бұл инновациялық платформа әртүрлі тапсырма түрлерін әзірлеуге мүмкіндік береді және ҰБТ тапсырмаларының сапасын айтарлықтай жақсартады», деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 3 желтоқсанда Дүниежүзілік банктің «Жалпы білім беруді жаңғырту» жобасы бойынша әзірленген баяндаманың негізінде халықаралық консультанттар тарапынан ұсыныстар жасалған болатын.

«2024 жылы ҰБТ тапсырмаларына мультимедиялық элементтер енгізіліп, жаңа типтегі тапсырмалар ұсынылады», деп хабарлады ведомство.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР