2424-12-22

Сабақтағы “шоу” немесе шынайы білім? Білім мен ойын арасындағы шекара

 

Біздің “үздік” деп бағаланатын кейбір сабақтарымыз “шоуға” айналып кетіп жатқан жоқ па? Балалардың білімге деген ынтасын арттырамыз деп, оларға қажетсіз ақпараттар беріп, шамадан тыс тапсырмалармен бөлісіп жүрген жоқпыз ба деген сұрақтар мені мазалайды. Кейбір әріптестерімнің: “Бұрынғы ұстаздарымыз тақта мен борды ғана пайдаланып, біздің білімге деген құштарлығымызды оята білген, сыныптағы балалармен жарыса оқушы едік. Қазір алдымыздағы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырғымыз келіп, неше түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып жатсақ та, нәтиже бола бермейді” деп айтатынын жиі естимін. Әрине, ойланатын жағдай. Дегенмен, бұның әр түрлі себептері болуы мүмкін. Әсіресе, қазіргі ұялы телефонға тәуелді болған заманда баланы қызықтыру оңай емес. Бұған оқулықтың сапасыздығы, шектен тыс ақпараттардың көптігі және тапсырмалардың бала деңгейіне сәйкес келмеуі сияқты факторларды да айтуға болады.

Егер ұстаз білімді әрі шебер болса, осындай тығырықтан шығатын жолды өзі іздеп таба алады. Сыныптың деңгейін бақылай отырып, әр баланың шамасына қарай тапсырмалар дайындап, ең тиімді әдістерді саралап, баланың өз бетінше дамуына мүмкіндік жасайды. Дегенмен, барлық мұғалімнің деңгейі бірдей емес. Өз сабағын қызықтырамын деп, тиімді-тиімсіз әдістерді орынды-орынсыз қолданатын, сабақты “қызылды-жасылды” етіп жүргізіп, “шоу сабаққа” айналдыратын мұғалімдер де бар. Ал “жылтырақ” сабақ әрдайым нәтижелі бола бермейтіні рас.

Өткен жолы бір зиялы отбасының үйінде қонақта болдық. Бізбен бірге дастархан басында талай жыл мектепте басшылық қызмет атқарған бір әріптес те отырды. Ол сөз арасында бір әріптесінің сабағынан шыққанын, сабағында бірнеше заманауи әдістерді қатар қолданғанын айтып отырды. Тіпті телефонына түсіріп алғандарын да көрсете бастады. Мұғалім емеспін бе, мені де сабақтың өту барысы қызықтырды. Сондағы ұққаным – сабақ ашық сабақтан гөрі сыныптан тыс сабаққа көбірек ұқсаған еді. Сыныптың безендірілуі мен оқушылардың алдын ала дайындығы, мұғалімнің бір сабақта бірнеше әдіс-тәсілді орынды-орынсыз қолдануы, шынында да кәдімгі сабақтан гөрі “шоу сабаққа” айналып кеткен сияқты көрінді. Сырты жылтыраған, бірақ берері аз сабақтарды басқаларға үлгі ретінде көрсететін осындай әріптес-басшылардың пайым-түсінігі осы болса, кейінгі жастарға не айтуға болады?

Жаңа сабақты балаға толық меңгерту үшін мұғалім тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана бастайды. Бірақ бір сабақта бірнеше әдісті қатар қолдану оның шеберлігін немесе артықшылығын көрсетеді деген сөз емес. Әр өткізілген сабақ қарапайым болуы керек, бірақ балаға берері мол болуы тиіс. Сондықтан сабақты дұрыс талдап, бағыт-бағдар беріп отыру – әр басшының біліктілігі мен көрегенділігіне тікелей байланысты деп ойлаймын.

Мен аудандық, облыстық семинарларға жиі қатысып жүремін. Байқағаным, әріптестерім көбіне “шоу сабақтарды” үлгі ретінде көрсетеді. Ашық сабақта мұғалімнің барлық мүмкіндігі көрінеді, ол соған сай әрекет етеді. Ал сабақты түрлендіріп өту үшін ең тиімді деген екі немесе үш әдісті алып, соған сәйкес тапсырмаларды дұрыс таңдай алса жеткілікті. Мұғалімнің үлкен дайындықпен әр сабағы қарапайым, қызықты әрі нәтижелі болуы тиіс, бірақ шоуға айналып кетпеуі керек.

 

Сауле Майкенова

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР