2424-11-27

Қызылорда, Тараз, Түркістанда орыс мектептерін ашқалы отырмыз – Путин

«Казправда» газетінде бүгін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетін Ресей президенті Владимир Путиннің мақаласы жарық көрді.

Мақала Қазақстан мен Ресейдің саяси, экономикалық және басқа да салалардағы тығыз ынтымақтастығына арналып жазылған.

Мемлекеттік сапар қарсаңында мен Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз байланыстар мен ынтымақтастық туралы өз пікірімді «Казахстанская правда» газеті арқылы білдіру мүмкіндігіне ие болдым. Мемлекетаралық қатынастардың жоғары деңгейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірлесіп жұмыс істеген жылдардағы өзара достық, берік қарым-қатынастарымыз айғақтайды. Біз үнемі телефон арқылы сөйлесіп, әртүрлі форматтарда кездесеміз, екіжақты маңызды мәселелерді талқылап, өңірлік және жаһандық проблемалар туралы пікір алмасамыз, сондай-ақ болашаққа бағытталған жоспарларымызды айқындаймыз. Ең бастысы, Қазақстан Президентімен әрқашан нақты нәтижеге бағдарланған жұмысты қолға аламыз, – дейді Ресей Президенті Владимир Путин.

Ол екі ел арасындағы сауда айналымының рекордтық деңгейге жетіп, 28 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Сондай-ақ, Ресейдің Қазақстан экономикасына жасаған инвестициясының көлемі артқанын тілге тиек етті.

Қазіргі таңда бұл көрсеткіш шамамен 13 миллиард долларды құрайды. Ресейдің қатысуымен Қазақстанда 23 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Біздің елдердің кәсіпорындары өнеркәсіптік кооперация мен жоғары технологиялар саласында ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыруда, – дейді Владимир Путин.

Ресей президенті Қазақстанның мұнай экспортындағы маңызды мәселеге де тоқталып, оның 80%-ы Ресейдің Қара теңіздегі инфрақұрылымы арқылы шетелге шығатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстанның уран өндірісін дамытуда «Росатом» компаниясының үлесін атап өтті. Путин Қазақстан мен Ресейдің гуманитарлық саласындағы ынтымақтастығына да назар аударып, Қазақстанда үш жаңа орыс мектебінің ашылатынын жазды.

Ресей Қазақстанда жаңа орыс мектептерін ашуды және орыс тіліндегі білім сапасын арттыруды қолдайды. Алдағы уақытта Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында үш жаңа мектеп ашылады деп жоспарлануда. Біз Қазақстан басшылығына, әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлына орыс тілін қорғап, осы тіл бойынша халықаралық ұйым құрғаны үшін алғыс айтамыз, – деді Ресей президенті.

Сол күні «Известия» газетінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ынтымақтастыққа қатысты көлемді мақаласы жарық көрді.

Естеріңізге сала кетсек, Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары бүгін басталып, екі күнге созылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР