Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндік қамтамасыз ету және мектептерде инклюзивті білім беру ортасын құру бағытында маңызды шаралар қабылдауда. Бұл ретте педагог-ассистент мамандарын даярлау басты қадамдардың бірі болып табылады.
Қазіргі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру жүйесінде (ПМПК) ерекше білім беру қажеттіліктері бар 203 мың бала тіркелген. Олар еліміздегі 496 арнайы білім беру ұйымында білім алады. Инклюзивті орта құру үшін мектептерде елеулі жұмыстар жүргізілген: балабақшалардың 69%-ы, мектептердің 88%-ы және колледждердің 80%-ы ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы жағдай жасаған. Сонымен қатар, мектептерде 1071 арнайы жабдықталған кабинет жұмыс істейді.
«Қазақстанның мектептерінде педагог-ассистент лауазымы енгізіліп, осы мамандар саны бір жыл ішінде 1000-нан 2,5 мыңға дейін артты. Мектепке дейінгі ұйымдарда педагог-ассистенттерді енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 9 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді. Мамандарға қажеттілік артқандықтан, келесі оқу жылынан бастап еліміздің колледждерінде педагог-ассистенттерді даярлау басталады», – дейді Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бұтабаева.
«Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алу жағдайын жақсарту және білікті мамандармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады», – делінген хабарламада.