03.05.2024

Мектептердің білім беруден бөлек тағы бір маңызды мәселесі күн тәртібінен түспей тұр

Оқу жылы аяқталып келеді. Мұғалімдер мен оқушылар демалысқа дайындалып жатыр. Алайда мектептердің білім беруден бөлек тағы бір маңызды мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бұл – оқушылардың ауладағы әжетхананы қолданатыны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқу жылы­ның соңына дейін аталған түйт­кілдің түйінін түбегейлі тар­қатуды тапсырған еді. Бірақ елі­міздегі білім беру ұйымдары әжетханалармен әлі толық қам­та­масыз етілген жоқ.

Жылы әжетханалар жайы 2019 жылғы Тараздағы жан­түр­шігерлік жайттан кейін қызу талқыланған еді. Осы оқиғадан соң облыстық білім бас­қармасының басшысы, мектеп директоры, сабақ кезін­де дәретханаға жіберген мұға­лім, кезекші мұғалім, вахтер мен оқу ісінің меңгерушісі қыз­метінен кетті. Сондай-ақ Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев та жұмыстан босатылды. Облыс басшысы ескерту алды. Ал он екі жасар қызды зорлаған 38 жастағы педофил 25 жылға сотталды.

Алайда мұның бәрі салдармен күресу еді. Сондықтан «Бұл деген – масқара жағдай» деген Президент аталған проблеманы жедел шешуді шегелеп тапсырған-тын. Содан бері біраз жұмыс атқарылды. Дегенмен Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитетінің басшысы Гүлзат Көбенованың айтуынша, әлі де 100-ден аса мектепте балалар ауладағы әжет­ханаға барады.

Балаларды жылы әжетхана­лармен қамтамасыз ету өзекті мә­селеге айналып отыр. Осы­ған қатысты мониторинг жүр­гі­зіліпті. 2020 жылдың басын­да еліміздегі орта білім беру ұйымдарында 2 700 аула дәрет­ханасы болған көрінеді.

2020 жылдың соңында оның саны 148-ге азайды. Дегенмен 2021 жылдың І тоқ­санындағы қорытынды бойынша 135 мектеп ауласында әлі де дәретхана тұр. Оның 89-ы – Түркістан облысында, 20-сы – Шығыс Қазақстан облысында, төртеуі – Қарағанды облысында, біреуі Шымкент қаласында орналасқан. Осы 135 мектептің 98-інде жылы әжетхана салу биылға жос­парланып отыр. Республика бойын­ша 37 мектепте ғи­марат ішіндегі дәрет­ханалармен қам­тамасыз ету жұмыстары жүр­гізілмей отыр. Атап айтқанда бұ­лар – Алматы облысының Пан­филов, Талғар, Еңбекшіқа­зақ аудандарындағы, Шығыс Қа­зақстан облысының Тарбағатай ауданындағы, Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Жанғалы аудандарындағы және Қарағанды облысының Шет ауда­нын­дағы мектептер», деді Г.Көбенова.

Мектептерде жылы әжет­ха­наларды салу ғана емес, ауладағы дәретхананы жою мәселесі де өзек­тілігін жоймай тұр. Себебі кей­бір өңірлердегі мектептерде ғи­марат ішінде жылы әжетхана му­зейдегі қолданылмайтын экспонат секілді. Яғни мектеп әкімшілігі ком­муналдық шығынды арттырмас үшін балаларды ауладағы дәрет­ханаға жібереді. Г.Көбенова кел­тірген деректерге сүйенсек, республикадағы барлығы 2 631 мектепте жылы дәретханалармен қатар ауладағы әжетхана да жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 1 381 орта білім беру ұйымында сыртқы дәретханалар жойылды. Ал 396 мектепте жою жұмыстарын жүргізу жос­парланып отыр. Десек те 854 орта білім беру ұйымында бұл мәселе әлі де шешілмей жатыр.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мек­тептердегі жылы әжетханалар мәселесі жаңа оқу жылына дейін шешілетінін айтты.

«2020 жылдың басында 756 мектептің әжетханаларын жөн­деуден өткізу жоспарланған. Атал­ған білім беру ұйымдарын жылы дәретханалармен қамтамасыз ету үшін демеушілерден, жергілікті бюд­жеттен 2 млрд 179 млн 544 мың теңге қарастырылып, мақсатты игерілді. Жылдың қорытындысына қарасақ, 679 мектептің ішкі әжет­ханасы қалпына келтірілді. 2021 жылдың басында 77 мектепте жылы дәретхананы қалпына келтіру тиіс болған. Қазіргі таңда Келес ауданында орналасқан 18 орта білім беру ұйымының әжетхана мәселесін шешуге 86 млн теңге қарастырылып, нәтижесінде модульді дәретханалар салынды. Ал қалған 59 мектепке жылы әжетханалар салу үшін сме­та­лық құжаттар әзірленіп, тиісті қаражат бөлу үшін қажетті қар­жыны қайта қарауды облыстық мәс­лихаттың кезекті отырысына енгі­земіз. Негізі, жұмыс жүргізілген. 679 мектеп деген – республикадағы ең көп оқу ошағы. Жоғарыда аталған 59 мектептің мәселесін жаңа оқу жылына дейін шешеміз», дейді әкім­нің орынбасары.

Жылы дәретхананы салу бар, екінші жоғарыда жазғанымыздай, аула­дағы әжетхананы жою мәселесі тағы бар. Қарағанды облысы әкімнің орынбасары Абзал Нүкенов әуелі жою жұмысын жүргізудің қажет немесе қажет емесін анықтау керек екенін айтады.

«Комитет басшысы келтірген деректер бойынша біздің облыста 4 мектеп назарға алынған екен. Бұл орта білім беру ұйымдарында жылы әжетханалар орнатылды. Мұндай жұмысты жүргізуде кей мектептерге жеке-дара қарау керек. Мәселен, біздің облыс бойынша аталған 4 мектептің біреуін алып қарасақ, Шет ауданындағы бастауыш білім беретін оқу ошағында небәрі 3 бала оқиды. Оны жабуға дайындап жатырмыз. Ал екінші Қызылту ауылдық мектебінде 6 оқушы ғана бар. Мониторинг жүргізуде осындай мәселелер ескерілгені абзал. Жабылғалы тұрған мектепке мемлекет қаражатынан әжетхана салу тиімсіз. Бұдан кейін бізге Бі­лім және ғылым министрлігінен ғи­марат ішіне жылы дәретхана салын­ған мектептердің ауладағы әжет­ханасын бұзу туралы тапсырма келді. Біз ауылдың жағдайын жақ­сы білеміз ғой. Көптеген елді мекенде су, канализация, электр қуа­ты мәселелері болады. Сондай жағ­дайда ауладағы әжетхана қажет болып қалады. Сондықтан оны мүлдем жоймай, жай ғана құлыптап қоялық. Төтенше жағдай бола қалса, ашып қолдануға мүмкіндік болғаны жөн. Және бұл мемлекеттік мүлік қой, оны жай қирата салуға да болмайды», дейді А.Нүкенов.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі­нің орынбасары Әлішер Мархабат та әріптесінің сөзін толықтырды. Шығыс­тағы өңірде де жылы әжет­ха­налары жоқ орта білім беру ұйым­дарында 3-5 баладан ғана оқиды және мұндай мектептерді жабуға дайын­дап жатыр.

Бұған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрлік тарапынан жауап берді және жоғарыда жазылған проблеманың бар екенін жасырмады.

«Бізде 12-58 деген Үкімет қаулысы бар. Аталған қаулыға сәй­­кес минималды норматив бекі­тіл­ген. Осындай нормативке сай келмейтін мектептер, яғни 3-5 бала оқып жатқан және жақында жабылатын оқу ошағы болса, бөлек қарауы­мыз керек. Мен мұны Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитетіне тапсырамын. Тек қана Қарағанды облысы бо­йынша емес, қалған өңірлерге де осыған қатысты мониторинг жүр­гізілуі тиіс. Дегенмен мәселе әжет­хананы жою-жоймауда емес, бар дүниені лайықты қолдана білуде. Ешкімді де алдаудың қажеті жоқ. Бізде қалай? Жылы әжетхана мек­тептің ішінде бар, барлық жағдай жасалған. Бірақ оны пайдаланбайды, бұл тексеру келгенде көрсетуге ғана арналған. Мұндай жағдайлар анық­талды. Бұған жол беруге болмайды. Міне, сондықтан да ауладағы әжетханаларды жоюды талап етіп отырмыз. Ал А.Нүкенов айтқандай, төтенше жағдайлар орын алмауы тиіс. Жылы дәретханалар әрдайым жұмыс істеп тұруы керек. Бұдан бөлек біз Денсаулық сақтау министрлігінен міндетті санитарлық талаптарға жылы әжетхана жайын енгізуді сұрап отырмыз. Шыны керек, бұл ұсынысты орындау уақыт күттірмейді және оны қабылдауға себеп жеткілікті. Біз өз тарапымыз­дан жылы әжетханалармен қам­тамасыз етілмеген білім беру ұйым­дарын лицензиядан айыруға дейін қатаң шаралар қабылдаймыз. Өйт­кені тапсырманы орындауға арнайы уақыт берілді», деді министр А.Аймағамбетов.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаяттың сөзіне сенсек, са­ни­тарлық талаптарға әжетхана жайлы норма енгізіліп қойған.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес бірқатар са­нитарлық талапқа түзетулер ен­гізілді. Соның ішінде білім беру ұйымдарына қатысты өзгертілген санитарлық талаптар бойынша реконструкцияланатын, жаңадан салынатын білім беру объектілерінің санитарлық тораптары ғимараттың ішінде орналасуы тиіс. Сондықтан мұндай норма бар және талап­тардың орындалуы бақылауға алынуда», деді А.Ғинаят.

Біз бұл жолы тек мектептердегі мәселені, яғни орта білім беру ұйымдарындағы жылы дәретхана жайын ғана сөз еттік. Шын мәнінде мұндай мәселе балабақшаларда да өзекті болып тұр. Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитеті жүргізген мониторингтің соңғы деректеріне көз жүгіртсек, Түркістан облысындағы 199 мектепке дейінгі ұйымда балдырғандар ауладағы әжетханаларға барады. Мұндай жағдай Батыс Қазақстан облысындағы 75, Ақтөбе облысын­дағы 66, Қарағанды облысындағы 40, Павлодар облысындағы 13, Жамбыл облысындағы 10, Қы­зылор­да облысындағы 6, Алматы об­лысындағы 5, Шығыс Қазақстан облысындағы 1 балабақшада да бар.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
«Егемен Қазақстан» газетінен алынды

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА