Home >> Ұстаз үні >> Талғат Әнуарбекұлы. Мұғалімге қажетті жеті қасиет.
Талғат Әнуарбекұлы. Мұғалімге қажетті жеті қасиет.

Әрбір мамандықтың, өмірде, қоғамда өз орны бар екені рас. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ мамандықтардың ішінде ұлық мамандық, ол – мұғалім мамандығы.Мен өзім мұғалім болған соң мұғалім мамандығын ұлықтайын деп отырғам жоқ. Қазақтың арыстары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ыбырай Алтынсарин айтты, жазды, ұлықтады. Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласының басы қосылса мұғалімнің орны төрде болу керек»,- деген жоқпа еді. Сол кездегі төрдегі басың бүгін есікке кетті. Не себеп? Себебін іздеп басқа қырынан келіп көрейік.
Ұлыбританияда жүргізілген зертеулерге қарағанда оқушылардың оқыту мен оқу туралы пікірлеріне назар аударылған. Мектептерде «Оқушы үніне» көңіл бөлуге баса назар аударылған. «Оқушы үнінің» белгілі жақтаушысы Джин Раддок «Оқушылармен пікірлесудің мақсаты – қабылдаушының көзқарасы тұрғысынан алғанда оқудың не екендігін түсіну, жекелеген оқушылар мен топтар үшін оқуды қалай жақсарту» екендігін жазады. /МАН- 71- бет/
«Оқушы үні» жобасында негізінде оқушылармен пікірлесу, әңгімелесу басшылыққа алынған.
Оқушылармен пікірлесу- басшылықтың дәстүрлі қарым-қатынасынан өзгеше және мұғалімдер мен оқушылар арасында ыңғайсыз жағдай тудыруы мүмкін күрделі үдеріс. Оқушылармен әңгімелесу барысында ешқандай алалауға жол берілмеуі маңызды. Әсіресе, «үндемейтін» және «жеке-дара» оқушылардың барлығының да пікірі ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, оқушылардың пікірлесуде шынайы болуы, оқыту мен оқуға байланысты оқушыларға қызықты және маңызды сұрақтардың қамтылуы аса маңызды. /МАН-71 бет/
Маған оқушылармен ашық пікірлесу, әңгімелесу нәтижелі болмады. Мұғалімдердің сабақты қалай өткізетіндігі туралы пікірлескенде тек мақтап айтады, кемшілігін айтпайды. Кемшілігін айту бізге кері әсер етеді деп қорқады. Оны жасырмайды.
Сондықтан осы пікірлерді ескере отырып оқушылардың арасына жазбаша түрде бірнеше түрлі сауалнама өткіздім. Сауалнамада да аты-жөнін көрсетпеу, жазуын өзгертіп жазуға болатындығын және мұғалімдер туралы жазылған жағдайларды ашық жарияламау туралы сөз берілді. Сонда ғана олар өз пікірлерін жасырмай жазғандай болды.
Сауалнама жазбаша түрде өткендіктен мен «Оқушы үні» демей, «Оқушы дауысы» деп алдым.Әрбір оқушыға жеке парақтар беріліп, өз ойларын еркін білдіру керектігі ескерілді.
Сауалнаманың қорытындысынан көп нәрселерді аңғаруға болады.Енді 6-11сынып оқушылары арасында өткізілген тек «Мұғалім бойында қандай қасиеттер болу керек»? деген сауалнаманың нәтижесіне тоқталайын.
«Оқушы дауысы» сауалнамасы
«Оқушы дауысының» мұғалім еңбегін бағалауда үлкен әсері бар. Сондықтан бұған адал, шынайы түрде жауап берген дұрыс. Сізден мына кестені толтыруыңызды сұраймын. Рет санына ең негізгі деген үшеуіне 1,2,3 деген номерді қой.

Рет саны Мұғалімге қажетті қасиеттер
1 Еңбекқор
2 Шыншыл, әділ
3 Оқушысын түсінетін, мейрімді
4 Өз пәнін жақсы біледі, сабақты жақсы үйретеді
5 Оқушысына қатаң талап қоя білетін
6 Жан-жақты өнерлі
7 Жаңашыл
8 Оқушысына сенім білдіріп, оны қанаттандырып отырады

Өткізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша көрсетілген қасиетердің қайсысына оқушылар басым дауысбергендігінің пайыздық көрсеткіші:
Рет саны Мұғалімге қажетті қасиетер Пайыздық көрсеткіштері
1 Еңбекқор 12,1 %
2 Шыншыл, әділ 14,3%
3 Оқушысын түсінетін, мейірімді 19,8%
4 Өз пәнін жақсы біледі, сабақты жақсы үйретеді 25,3%
5 Оқушысына қатаң талап қоя білетін 7,7%
6 Жан-жақты өнерлі 3,4%
7 Жаңашыл 5,3%
8 Оқушысына сенім білдіріп, оны қанаттандырып отырады 13,2%

Мен бұл жерде мұғалім мамандығын иемденген әрбір адамның бойынан табылуға тиісті-ау деп ойлаған қасиеттерді таңдап алдым.Сіз өз зерттеуіңізде өзгертуге немесе маған ұсыныс ретінде өзгертуге болатын өз ойыңызды ортаға салуға болады.
Оқушылардың бағалауы бойынша мұғалімге қажетті басты қасиет мұғалім өз пәнін жақсы білетін, сабақты жақсы үйрететін болу керек. Өз пәнін жақсы білу, білген білімін оқушыларға жан-тәнімен үйрете білу мұғалімнің өз мамандығын сүйе білуіне, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезіне білуіне тікелей байланысты.Бұл мұғалім бойында болуға тиісті басты қасиет екені рас.
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», — дейді Ұлт көсемі — Ахмет Байтұрсынов.
«Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс»,- деген Ыбырай Алтынсарин сөзін де ұмытпағанымыз жөн.
Екінші кезекте, мұғалім өз оқушысын түсінетін, мейрімді болуы керек. Оқушының ішкі сырын түсіне білу, оған шын мейрімді жүрекпен қарай білу қасиеті бүгін көп мұғалімнің бойынан табыла бермейді. Өзін оқушысынан жоғары қойып, оқушысын өзіне бағынышты адам ретінде қарайды. Мұғалімі ретінде менің айтқаным оқушыға заң болу керек деп ойлайды. Бұл — үлкен қателік.« Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол нағыз ұстаз», — дейді орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой.
Үшінші, мұғалім оқушысына сенім білдіріп, оны қанаттандырып отыру керек. Өмірде сенімнен күшті ештеме жоқ екенін бәріміз білеміз. Сенімді жоғалту барыңды жоғалту. Сіз оқушыңыздың сеніміне кіріп, оқушыңыз сізге сенсе онда тыбыстың кілті қолда деңіз.
Бұл туралы қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Оқушы жастардың ең сенімді, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім болуы керек», — дейді.
Төртінші, мұғалімнің шыншыл, әділ болуын оқушылар жоғары бағалайтыны көрінді. Бұл әсіресе оқушыларға баға қою кезінде көбірек байқалады. Сонымен бірге оқушыларға айтқан сөзінде, берген уәдесінде тұру үлкен әсер ететін үлгі-өнегелі іс екенін ұмытпау керек.«Оқытушы әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы болуға тиіс», — дейді оқу-білім жолында еңбек етіп, өшпес ізін қалдырған жазушы-ұстазСпандияр Көбеев.
Бесінші оқушысына қатаң талап қоя білетін, қойған талабының орындалуына жүйелі бақылау жасай білетін мұғалім оқушыларын жинақылыққа, әрбір істі уақытылы, жауапкершілікпен істуге үйретеді.
Мұғалімнің еңбекқорлығы туралы Абай бабамыздан артық ешкім айта алмас. …Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға демей ме? Мұғалімдік еңбек қол ұшымен істей салатын еңбек емес. Елдің ертеңі болатын жас ұрпақтың тағдыры өз қолында екенін түсінген мұғалім бұл жолда жалықпау керек. Қазір біздің қоғамда қалыптасқан теріс пікір -мұғалім деген кім көрінген істей алатын ең оңай іс. Сондықтанда бүгін ұстаз еңбегін дұрыс бағалай алмай келеміз. Басқалар емес мұғалімдер, біз өзіміз.
Бүгінгі күні мұғалімге қойылатын басты талаптың бірі жаңашылдық. Қоғамның аяқ алысынан қалып қою мұғалімге үлкен сын.«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады», — дейдіК.Д.Ушинский.
Түйін сөз
Оқушыларыңызбен ой бөліссеңіз біздің көп мұғалімдеріміздің бойында осы қасиеттер жетіспей жататындығын айтады. Ал бойында мұғалімге тән қасиеті жоқ адамдар мұғалім болып жүрсе мұғалім беделі қалай көтерілмек?
Сондықтан мектеп әкімшілігі өз жұмысын алға қоям десе, «Оқушы үні» тәжірибесін жиі қолданып мұғалім сапасын көтеруге осы жұмысты бағыттағаны жөн болар еді.
Әлемге екінші ұстаз ретінде танылған Ұлы бабамыз Әл-Фарабидің түйін сөзімен өз ойымды аяқтағым келеді.
Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

One Comment

  1. Айсұлу:

    Иә, мұғалімнің шынайылығы, кез келген жағдайдан жол таба білер шығармашылығының, «қисынын туып, қиуадан шауып» қиыстырар шеберлігі мен өз мамандығының абыройын ар-намысымен қорғай білуі, толассыз ізденуі мен білімділігі, әсіресе, қазақ мұғалімінің, беделін өрістетер еді

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top