26.04.2024

А.К.Меңжанова атындағы дәрісхана ашылды

Жуырда (7 қараша күні) Қыздар университетінде оқу орынның 70 жылдығы аясында «Қазақстандағы және әлемдегі мектепке дейінгі білім беру: тәжірибе, қазіргі жағдайы және болашағы» деген тақырыпта мектепке дейінгі тәрбиенің негізін қалаған ғалым-ұстаз Айымкүл Көпжасарқызы Меңжанованың 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Қыздар университетінің 70 жылдық тарихында ерен еңбегімен із қалдырған, университетімізде 25 жыл қызмет атқарып «Мектепке дейінгі педагогика» кафедрасын 20 жыл басқарған профессор Айымкүл Көпжасарқызы Меңжанованың 80 жылдығына арналған конференция жұмысына «Өрлеу» БАҰО АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауымбай Қараев, Ресей білім академиясының профессоры (Мәскеу қ-сы) Наталья Найденова, Қазақстандағы “Step by Step” қоғамдық қорының директоры, Халықаралық “Step by Step (ISSA), Нидерландтағы Ассоциясының мүшесі Дина Айджанова, ҚР БҒМ ҒК Экономика институты аға ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсәуле Брімбетова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Зульфия Мовкебаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің педагогика ғылымдардың докторы, профессор Қазна Аймағамбетова, сонымен қатар, әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мектепке дейінгі білім беру мәселелерімен айналысып жүрген алдыңғы қатарлы тәжірибелі мамандары мен ғалымдары қатысты. Конференцияға сондай-ақ, Айымкүл Көпжасарқызының сіңлісі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Айша Көпжасарова, көзін көрген әріптестері мен шәкірттері, баласы мен немерелері және туысқандары қатысты.
Конференцияны ашқан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универ-ситетінің бірінші проректоры Баходир Әлиев: «Бiлiм беру және ғылым саласына елеулi өзгерiстер енгiзiлiп жатқан қазiргi кезеңде мектепке дейiнгi ұйымдарда бiлiм мазмұнын жаңарту, баланың жеке басын дамыту, бiлiм беру мен тәрбиелеуді жаңа сапалық деңгейге көтеру мiндетi бүгiнгi күннiң кезек күттірмейтін көкейкестi мәселе», деп атап өтіп бүгінгі шараның мәні мен маңыздылығына тоқталып өтті.
Одан әрі сөз алған Педагогика және психология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайра Жиенбаева Қыздар университетіндегі мектепке дейінгі ұйымдарға маман дайындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Қыздар университеті мектепке дейінгі ұйымға педагог мамандарды дайындайтын ЖОО-дың бірі болғандықтан мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша бакалавр, магистратура, докторантура деңгейлеріне жоғары педагогикалық білім беру стандарттарын және типтік бағдарламаларын дайындауға атсалысып, 2012 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілеріне арналған біліктілігін көтеру курсын ашып отыр. Сондай-ақ, 18-50 кредит есебінде «мектепке дейінгі ұйым менеджері» қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мамандандыру жүргізіп жатыр. Биылғы жылы стартап жобасы бойынша «Құлыншақ» шағын орталықты ашу қолға алынуда. Бұл жоба бойынша студент, магистранттар ғылыми зерттеу жұмыстарын іске асырады», деді С. Жиенбаева.
unnamedМектепке дейінгі тәрбие мамандығын дайындаудың қалыптасуы туралы сөз еткен оқу орынның профессоры Қазна Аймағамбетова осы салаға өлшеусіз үлес қосқан әріптесі Айымкүл Көпжасарқызының Қыздар университетіне сіңірген еңбегін атап өтті. «Әлі қабырғасы қатая қоймаған мектепке дейінгі білім беру мамандығының іргесін нығайтып, дәрежесін өсіріп, сапалы да, саналы түлектер шығаруға шынайы ықыласпен кірісіп, «Мектепке дейінгі педагогика» кафедрасын 20 жыл басқарған кафедра меңгерушісі Айымкүл Көпжасарқызы Меңжанованың еңбегін атап өту, сол кезеңде бірге қызмет атқарып, қазіргі таңда белгілі педагогтің армандап кеткен мақсаттарының орындалуына әлі де атсалысып келе жатқан мына біздердің міндетіміз деп ойлаймын. Ол кісі өзінің нағыз педагогке тән қасиетімен, сабырлы да салмақты мінезімен, сүйкімді пішінімен, жылы жүрегімен, лирикаға толы әдеби және әсерлі тілімен, жүйелі ғылыми-әдіскерлік ойымен, терең тәжірибесімен оқытушылар қауымын жаңа іске ұтымды да, тиімді ұйымдастыра білді. Жоғары сапалы маман дайындау мақсатымен ізденушіліктен жалықпай, сол тұстағы жаңалыққа жататын: тәжірибе алмасу, ақпараттарды жүйелі пайдалану, білімді өмірмен байланыстыру, озық ойлы мамандарды іске тарту, жоғары білім орынымен балабақшалар байланысын күшейту, педагогтардың жыл сайын Кеңестік мемлекеттердің тәжірибесі мол елдеріне барып, білімін көтеруіне жағдай жасау сияқты ұйымдастырушылық жұмыстарды дұрыс жолға қойды.
Жұмыс барысында кездескен кейбір олқылықтарды дер кезінде сезіп, байқап, студенттерді ғылыми жұмысқа тарту, олардың білімі мен дүниетанымын қалыптастыру мақсатымен түрлі ғылыми кружоктар ұйымдастыру, онда баяндамалар жасату жағына да аса көңіл бөлді. Дәріс оқитын оқытушылар қатарын нығайту мақсатымен, жаратылыстану пәндеріне жататын кейбір курстарды жүргізуге соған сәйкес факультеттің ғалымдарын тартты. Осының нәтижесінде «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығының алғашқы қарлығаштары сапалы білім мен шебер білікке ие болып, балабақшалар тәрбиешісі ғана емес, оның әдіскерлері, меңгерушілері, аудандық, қалалық оқу ағарту істерінің басшысы қызметтертерін атқару дәрежесіне көтерілді. Ол тұста Алматы қаласындағы балабақшалар санының жыл сайын өсуімен қатар, онда қызмет атқаратын түлектеріміздің саны да күрт көтерілді. Сол кездегі мұрағат деректеріне жүгінсек, басқа обылыстарды былай қойғанда Алматы қаласының балабақшаларының бүкіл қызметкерлерінің 90 пайызы біздің мамандықты бітірушілерден тұрды. Қазіргі таңда кафедра күрделі екі бағытта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Оның бірі мектепке дейінгі тәрбие мәселелеріне байланысты болса, екіншісі бастауыш сатыда білім беруді жетілдіру жолдарын зерттеуге арналған. Ғылми ізденушіліктің өсуі негізінде түлектеріміз осы оқу орынның қабырғасында қалып, ғылыми дәреже алғандары қаншама. Мемлекетіміздің білім беруді дамытудың 2011-2020 жылғы бағдарламасына сәйкес біздің дайындап жатқан мамандарымыздың сапасы әлемдік тәжірибелерге сай келетін үш деңгейлі жоғары білімге қол жеткізу бағытында жүзеге асып келеді. Бұл жағдай кезінде қолынан келген асыл істерін атқара жүріп, әлі де алдына қойған армандарына жете алмай кеткен А.К.Меңжанова сияқты тұлабойы санқырлы өнерге, жүрегі жылуға толы, педагог жанның, ардақты да, салмақты қазақ қызының тілегінің жалғасы деп ойлаймын», деді Қ. Аймағамбетова.
Конференцияда сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбие, бүгінгі мектепке дейінгі білім беру және оған білікті мамандар дайындау, мектепке дейінгі ұйымға маман дайындаудың инновациялық бағыттары, 10 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы инновациялық оқыту-тәсілдері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының біліктілігін арттырудың бүгінгі жағдайы мен болашағы сынды мәселелер көтеріліп, баяндамалар тыңдалды.
Шара барысында сондай-ақ, Айымкүл Көпжасарқызы Меңжанова туралы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетіліп, көзін көрген әріптестері мен шәкірттері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген тілекпен ғалым-ұстаз туралы естелік айтты.
Шара аясында сонымен қатар, А.К.Меңжанова атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Айта кетейік, дәрісханаға ұстаздықпен қатар, ақындықты ұштастырған тұлғаның домбырасы, ғылыми еңбектері, өзі қолданған заттары, кітаптары мен қол сөмкесі, портреті қойылған.
Концерттік бағдарламаға ұласқан шара, түстен кейін секциялық жұмыстармен жалғасты.
«Ұстаздың ұлылығы ісінде ғана емес, артына қалдырған ізінде», «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», дегендей ізбасарлары барда ұстаздың есімі ешқашан өлмек емес.

Ғалым ұстаз, ақын, әнші, сазгер А.К.Меңжанова мектепке дейінгі білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Қазақстанның мектепке дейінгі педагогика ғылыми мектебінің іргетасын қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым, оның ғылыми зерттеулері тек қана Қазақстанда емес бүкіл Кеңес Өкіметіне таралған.
Қыздардың парасат мектебі атанған университетте 1971 жылдан педагогикалық қызметін бастап, 1978-1997 жылдарда «Мектепке дейінгі педагогика» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Елі үшін елеулі істер атқарған айтулы педагогтың шығармашылығы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарихымен сабақтас, осы парасат мектебімен біте қайнасқан мұрасы жеткілікті. Ол «Шырақтарым», «Балаларды көркем шығарма туындылары арқылы адамгершілікке және еңбекке тәрбиелеу», «Мектепке дейінгі педагогика, тәлім-тәрбие жұмысын ұйымдастыру», «Педагогикалық пәндерді оқыту әдістемесі» және т.б. мектепке дейінгі білім беруге арналған көптеген кітаптардың авторы. Оның сондай-ақ, жас ұрпаққа арналған «Қай әріптен басталады» сияқты бірнеше өлеңдер жинағы бар.
Ғалым А.К.Меңжанова «За доблестный труд в Великой отечественной войне 1941-1945 г.г», «Еңбек ардагері», ҚазССР Оқу министрлігінің «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», КСРО Халық ағарту мемлекеттік комитетінің «Жоғары мектептің озық қызметкері» және «Ы.Алтынсарин атындағы» медалімен (1995 жыл), ҚР Кәсіподақтарының жоғары және ғылыми-зерттеу мекемелерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА