04.10.2024

“Зердеге” зейініңді сала жүр

Кез-келген ұлттың келешегін кемелдендіріп, басқадан бәсін асырып, бағын ашатын басты фактор ғылым мен өнер-білім екені о бастан дәлелденген. Жан саны мен жер көлемі, тіпті, табиғи байлығы жағынан жұтаң кейбір елдердің дамыған заманауи технологиясымен жұртты өзіне кіріптар етіп, тіпті, ертең қандай жаңалық ашар екен деп ентелетіп отырғанын бұл күнде көзімізбен көріп, көңіліміз сеніп отыр. Сол елдердің әлеуетін асырып, өзгеден оқ бойы озық жүруіне жол ашқан әрине халқының ғылым-білімге құштарлығы мен елдің болаттай берік оқу-оқыту жүйесінде екеніне еш күмән жоқ. Әйтпесе, қайсыбірінің миы қазақтікінен ерекше жаратылған ғой дейсіз? Күні кеше «Нобельдің» лауреаттарының жүйкесін жұқартып, шаштарын ағартқан есепті біздің М.Өтелбаев ақсақал жүнше түтіп тастады, міне, талант керек болса? Мұны айтпағанда, қазақтың бүкіл шежіресін жатқа соғып, таңды-таңға ұрып жырлайтын ауылдағы “жаман” шалдардың жадысы АҚШ-тың талай мықтыларынан кем соғайын деп отырған жоқ. Жә, мақтануды доғара тұрайық, айта берсек бір мақалаға сыятын жүк емес бұл. Айналып кеп, сол ғылым мен білімге соқсақ, жұртта бар дарын бізде де бар екен, қолдау десеңіз ол жағынан да көштен қалып бара жатқан жайымыз жоқ, “Болашақтан” бастап қаншама бағдарламалар мен степендиялар бар, оған бөлініп жатқан қаржы да – ұшан теңіз, шүкір!

Ал, бірақ сол ғылым мен білімнің іргетасын қалайтын мектептерге деген жанашырлығымыз бен қолдауымыз қай деңгейде? Тіптен, жанашырлықтан бұрын көзқарасымыз ше? Айтайын деген ойымыздың өзегі де осында.
Біз мектептерді атақ-абыройына қарай деңгейлерге бөліп алғанбыз. Және баланың қай мектепте оқитынына қарап оның білім деңгейіне баға береміз, сыртынан тон пішеміз. Мысалы, республикада даңқы жер жарып тұрған атақты Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыса, демек, ол өте жақсы оқитын бала, себебі онда Англияның алты құрлыққа аты мәлім әйгілі Кэмбридж университетінің кемелді оқыту технологиясы. Яғни, онда білім алып жүрген оқушы міндетті түрде жоғары оқу орнына түсіп үлкен мамандық иесі болуға дайын. Ал, қазақ-түрік лицейінде оқыса, онда да керемет. Ол жерде де нашар деген түсінік атымен жоқ. Түріктің озық оқыту жүйесі, одан ұшқан түлек Түркия асып түрен салайын деп тұр. Міне, бұлар бізге сіңіп алған қасаң қағида іспетті. Тіпті, “бұлардан басқа мектептердің бәрінде дерлік нәтиже жоқ, яғни, білім бере алмайды”- дегенге саятын пікірлерді де естіп жатамыз.
Астана қаласында дарынды балаларға арналған “Зерде ” атты мектеп бар. Мектептің көк тіреп тұрған атақ-даңқы да жоқ, сонысына қарамай, жоғарыда атап айтқан қатып қалған қағидаларды бұзып, “білім жарысында” біртіндеп озып келеді озық оқыту жүйесін қолданып жүрген әріптестерінен. Әрине, мектеп пен мектептің парқы оның түлектерінің бағындырған биігімен өлшенеді десек, аталған мектептің ауыз толтырып айтарлық жетістіктері аз емес. Нақтырақ айтқанда, 2010 жылы өткен “Батыс Қытай халықаралық математикалық олимпиадасында” сол әріптестерінің бәрін артқа тастап 10-сынып оқушысы Амангелдин Әкежан 1 орынға ие болып алтыннан алқа таққан еді. Халықаралық деңгейдегі бұл марапатты даралап айтқанымыз болмаса, “Зерде” жыл сайынғы республикалық олимпиадаларда медалдан қоржыны тоқ қайтатыны үйреншікті жағдай боп кеткен бұл күнде. Әр жылы қалалық, республикалық, халықаралық білім сайыстарынан жинаған медалдары санап тауысқысыз. Ал, жыл сайын болатын ұлттық бірыңғай тестілеуде соңғы 5 жылда қала бойынша бірінші орында болса, өткен 2013 жылы республика бойынша бірінші орынға бірақ шықты. Міне, бұл – нағыз еңбек. Нағыз ұлттық намыстан шыққан – ащы тердің тәтті жемісі.
Енді осындай маңдайы жарқырап марапат алып, елдің ғылым-білім саласына өлшеусіз үлес қосып жатқан, ең бастысы отандық оқыту жүйесімен де озық өреге жетуге болатынын, шетелдің бағдарламасы мен оқыту жүйесін қолданбай-ақ сапалы білім беруге болатынын дәлелдеп келе жатқан оқу ордасына жасалып жатқан қамқорлыққа қарап отырып қынжылмасқа шара жоқ. Пайдаланып отырған ғимараты мен шарт-жағдайын көрсеңіз “тоқалдан туып па еді” дейтін сөзді еріксіз еске аласыз. Мұнысына да тәубе. Астанадай қалада тұрып 6 жыл бойы өзге мектептің бұрышын паналап жүріп, осындай сүбелі іс тындырғанына сенбейтін де шығарсыз.
Міне, біздің мектептерге деген жанашырлығымыз да оның беделіне қарай жасалады екен. Әйтпегенде дәл осындай қазыналы біліммен қазақ балаларына Әл-Фараби бабамыз айтқандай білім мен тәрбиені қатар беріп, ұлт үшін ұлы ерлік жасап жатқан қарапайым мектептерді қолтығынан демеп, дем берсек қазақтың да ғылымы қатардан қалыса қоймас еді-ау. Болашаққа нық қадаммен бет алып, ғасырлық ғаламат жоспар құрған, экономикасы мен өркениеті әлемнің алдына күн санап озып келе жатқан біздің елдің ұлы мұраттарының бірі, әрі бірегейі ғылым саласының сапалылығы болуы керек. Ал, оның негізі мектептен қалану керектігі айтпаса да түсінікті. Осы кезекте қара домалақтарды қазақы қалпында аламанның алдыңғы легінен көрсетіп жүрген «Зерде» сынды білім ұяларының еңсесін көтермеу бәрімізге сын. Өз қолымызбен өрелі шәкірт өсіріп, елдің ертеңі үшін жасалған әр қадамымыз нық болсын десек, «мектеп мемлекет үшін, мемлекет мектеп үшін» деп атқа қону керек-ау деген ой – біздікі.

Жақсылық ОРЫНБАСАР

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА