04.10.2024

Қыдырәлі Болманов. Бала санасын өз қолымызбен улап жатырмыз!

– «Бал-бала» қуыршақтарының негізгі мақсаты- қазақ ұрпағына тал бесіктен бастап, қазақ тілінде қазақы тәрбие беру екенін білеміз, қазіргі қазақ қоғамының «бал-балаға» сұранысы көңіліңізден шыға ма?
– Аллаға шүкір деуге болады негізінде. Бірақ, бұл жерде айтатын маңызды бір нәрсе: қазақ қай кезде де тіл туралы, тілдің маңыздылығы туралы кесек-кесек сөздер айтып кеткен. Айталық, қазақ: “өнер алды әнші, өнер алды ақын, өнер алды суретші” демеген, “өнер алды – қызыл тіл”- деген немесе, “сөз сүйектен өтеді”,- дейді. Осылардың бәрінің астарына қарасаңыз, тұнып тұрған философиялық ойлар жатыр.
Және бір іс, мен «бал-баламен» айналысарда әлемдік психологтар мен мықты-мықты ғалымдардың еңбектерін ақтардым, іздегенім баланың психологиялық ерекшеліктері мен қабылдау мүмкіндігінің сыры еді.
– Демек, Бұл шаруаға атүсті емес, үлкен ізденіспен қадам басқан болдыңыз ғой?
– Міндетті түрде, бірден ойыншық шығарып дамып кету мүмкін емес, бұл индустрияның басы ғана. Қазақы «бал-бала» ойыншықтары осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын пайда болды. Ал, енді қазір неше түрлі жобалар шығып жатыр, біреу киіз үй істеп жатыр, т.с.с. Бірақ, бүгінде мен ең бірінші формат деген дүниені ұқтым, формат деген нәрсе өте маңызды екен. Мысалы, Секен Тұрысбековты, Бекболат Тілеуханды болмаса Қаршыға Ахмедияровты кез-келген радиоға (қазақ радиосынан басқа) берсеңіз, форматқа сай емес деп алмайды. Кез-келген амалды қолданыңыз, мейлі клипке түсіріңіз, не істесеңіз де телеканалдарға бергеніңізбен оны форматқа сай емес деп алмайды, өйткені, ол таза дәстүрлі дүние. Негізінде баланың бойында туыла салысымен өзінің мәдениетіне, тіліне, дәстүріне міндетті түрде сұраныс болады. Яғни, қанында бар, бірақ бала екі-үш жасқа, тіпті, бес-он жасқа келгенше маған қазақша мультфильм көрем немесе қазақша ойыншықпен ойнаймын деп айта алмайды ғой. Не көрсетсең, соны көріп, не берсең, сонымен ойнайды. Баланың сол мезгілінде шетелдің ойыншығы арқылы бөтен тіл мен мәдениетті сіңірсек ана тілін менсінбейтін дүбәра, даңгөй ұрпаққа осыдан шығады. Сондықтан баланың назарын өз тілімізге, салтымызға бұру үшін заман талабы мен ұлттық құндылығымызға сай форматтар жасауымыз керек.
– Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі, – дегендей ғой,
– Иә, біз ақпараттық құралдарды төртінші билік деп атаймыз ғой, ол газет-журнал, ол радио, ол телеканал. Мысалы, қазір қайда барсақ та, шыңқылдаған, дүңкілдеген шетелдің музыкасы құлақ етімізді жейді. Біз оны тыңдамасақ та, ол санамызға әсер етеді. Ол грамдап кіріп килограмдап жиналатын бәле. “құлақтан кіріп бойды алар”- дегендей, шетелдің музыкасы мен «Niсkelodeon» көрсетсең, ол адамның миын зақымдап, санасын улап, тілін шұбарламай қоймайды. Сондықтан, бала өзінің ана тілінде өссе, өзінің бесік жырымен тербелсе, ата-анасының айтқан ертегісін тыңдаса, қазақ мультфильмін көрсе, қазақша ойыншықпен ойнаса, ол баланың санасы толыққанды қазақша қалыптасады. Абай: “бала бес жасқа келгенде, санасы қалыптасып болады”- деген. Ал, Жапонның бір психолог ғалымының «үш жастан асқаннан кейін бәрі кеш» – деген кітабында: “үш жасқа дейін баланың барлық санасы қалыптасады”- дейді. Сонда біз, сіздер болып мемлекет болып ойланатын сұрақ, сол болашағымыз үшін не істеп жатырмыз? Баланың құлағына нені тыңдатып, бойын неге үйретіп жатырмыз? Көзіне нені үйір қылып көңілін немен қарық қылып жатырмыз? Санасын немен толтырып жатырмыз?
Толтыратын түгіміз жоқ, Қазақ елі өсіп жатыр, бірақ қазақ елінің балаларын «Nickelodeon» тәрбиелеп жатыр, «Ташки» мен «Спанжров» оның миын жеп жатыр. «Саяхатшы дара» тілін жеп жатыр. Біз үлкен ел бола тұра солардан келер қауіпті көріп, біліп отырып түк істей алмай жатырмыз.
– Осы жерден заңды сұрақ, «бал-бала» қазақ ойыншықтарының бренды болып қалыптасса да, әлі күнге қара домалақтарымыздың қолынан сары шашты, көк көзді ойыншықтар түспейді. Бұл ұлттық құндылықтармыздың ұрпақ бойына сіңбей жатқанынан ба, әлде бал-баланың құны соншама қол жетімсіз бе?
– Бұл жердегі мәселе мынада. Ақпарат бойынша, былтыр АҚШ-тан 74 миллион, Қытайдан 50 миллион, Ресейден 12 миллион долларға ойыншық әкелініп және бір квартал отпей жатып АҚШ-тан қайта 24 миллион долларға ойыншық кірген. Бірақ, АҚШ-та бірде-бір ойыншық шығаратын завод жоқ, айналып келгенде, Қытай шығарады АҚШ үшін, бірақ, сапамен шығарады, Америкалықтардың тілімен, болмысымен шығарады. Соның бәрін олар әкеледі де Қазақстанға төгеді. Алақандай, аз ғана жан саны бар Қазақстанға жалпы 42 мемлекеттен ойыншықтар келеді. Сонда бала сары шашты, көк көзді ойыншықтармен ойнамағанда қайда барады? Өзіңіз есептеңіз, бағанағы миллиондарға қаншама завод салып тастауға болар еді?
Егер, осы ақшаларға «бал-баланы» индустрия негізінде дамытып, параллель мультфильм шығаратын компанияларды қалыптастырсақ, өз нарығымызды өзіміз билеуімізге болар еді. Бірақ, жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас,- дейді, сонда да арыстандай арпалысып жатырмыз, неге? себебі, мен емес, ғалымдар айтады: балаңды өз тілінде, өз мәдениетімен тәрбиелесең, балаңның интеллектуалдық, физикалық, психологиялық денсаулығы басқаша тәрбиеленген баладан 25-30% артық болады,- дейді. Енді ана тілдің қаншалықты рөл ойнайтынын ойлай беріңіз. Сол үшін біреу тіл деп жан ұшыра айқайлау керек, біреу жазу керек, екіншілер осыны түсіну керек. Үшіншілер қуыршақ, сол типтегі мультфильм шығару керек. Бірақ, екі-үш немесе он-жиырма сериядан емес, ол бір-бірімен жалғасқан, баяғыдағы «Санта барбара» секілді неше жүз серия болу керек. Біз қаншама елдің сериялын қараймыз, біз емес, әжелеріміз, тағы біреулер қарайды. Жаппай қараймыз. Неге? Себебі, ол сериял ең қызық жерінен бітіп қалады да, келесі сериялын күтеміз. Мультфильмде сол сияқты, кемінде бес жүз сериял болмай, ол жүйелі түрде жоспарланбай, қазіргі заманның талабына сай форматталмай балаларды ертіп кете алмаймыз. Бір жерден шыққан он-он бес сериялмен, жылтың еткен сағаттық сериялдармен ертіп кете алмаймыз. Соңғы жылдары қарқынды жұмыс істеп жатқан мультфильм компаниялары бар сияқты. Бірақ ешқандай жүйе жоқ. Әлемде үлкен қаржымен үлкен-үлкен сериялдар мен мультфильмдер шығарып таратады, жарнамалайды да, лезде қуыршақтарын шығарып тарата қойып, нәтижесін көреді.
– Өзіңіздің осы мультфильммен жүйелі айналысу ойыңыз жоқ па?
– Әрине, бар. Алла қаласа. Бізде қолдаушы адамдар хат жазып жатады, апа-әжелеріміз бетімізден сүйіп, рахметін айтып жатады, бірақ біз негізгі бағытымызбен балалардың санасына жете қойған жоқпыз. Өйткені, біздің, «Барби», «Ташки» сияқты күнделікті жүріп жатқан жарнамамыз жоқ. Мұның бәрі жүйелі түрде бір-біріне жалғасып, үкіметтің шешімі қабылданып, мультфильм жасайтын компаниялармен бірігіп отырып, жоспарлап жасамай біз мұны алып кете алмаймыз. Өйткені бұл өте үлкен жұмыс.
– Иә, «бал-баланы» тек ойыншықтар ғана емес, оның мультфильмін, оның сурет кітаптарын, сызба суреттерін шығарсаңыздар толық жетер ме еді?
– Иә, бірақ, бұл, біріншіден, үлкен қаражат. Екіншіден, біздің ойыншықтарды үлкен адамдар сатып алып, балаларына апарып береді. Ал балалардың көбі біле бермейді, олардың миына «Паншок» пен «Барби» қонып алған, себебі олардың жарнамасы күшті, сондықтан балалардың миын толық торлаған. Өткенде, «Айтуға оңай» бағдарламасында бір келіншек баласын ерте келіпті, сөз кезегінде мына балам, үйде әкесі екеуміз де қазақша сөйлейміз, бірақ, мектептен келгенде “здравствуй папа!” – деп айтады, оу балам, оның не,- десең, ары қарай сөйлемей, бөлмесіне кіріп кетеді,- дейді. Содан сол жерде әлгі балаға қазақтың шығарған мультфильмдерінің барлығын көрсеттік. Бірақ, бірде-бір қазақ мультфильмін ұнатпады. Неге бұлай деп сұрағанда, айттым: бұл балаға бір жасынан бастап өзгенің мультфильмдерін көрсетіп үйреткен, бесік жырын тыңдатпаған, қазақ ертегілерін айтпаған. Ол балада қандай жазық бар? Ол баланың миы торланған. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың “балаңды іште жатқаннан бастап тәрбиеле”- деген хадисін білеміз. Олай болса ана ауыр аяқ кезінен бастап әдемі қазақ әндерін тыңдап, сүбелі қазақ сөздерін айтып, әңгімелесіп отыру керек. Міне, тәрбие қайдан басталады? Бұлай істемесек, “ойбай мына балам «здравствуй папа» деп жатыр”- деп таңғалмауымыз керек. Оған кінәлі өзіміз. Қазір мектептің халі белгілі, сонда біз кімге өкпелейміз?
– Өзіңізде төрт баланың әкесісіз, алды мектепте, арты бесікте. соларға мектеп, балабақша, қоғам тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?
– Шынын айтайын, толмайды. Себебі, өзіміз үйде таза қазақша сөйлейтін адамдармыз. Балаларымыз да қазақ мектебінде оқиды. «Әке балаға сыншы» деп балаларымды әр кез қадағалап отырамын. Бірақ, сөйлеген кезде үнемі сөзінің басы мен аяғы алмасып жүреді, Неге? Өйткені, ол таңғы сегізден кешкі алтыға дейін балабақшада. Ал, балабақшада шахматқа, каратэге беріп қойғанбыз, бірақ не үйретті десем екеуінен де көрсететін түгі жоқ. Әйтеуір аты бар да заты жоқ. Барсаң тәрбиешілері жап-жақсы сияқты. Бірақ, қаншалық тәрбие беріп жатқанын балаңнан байқайсың ғой. Көбіміздің баланы тәрбиелейтін уақытымыз жоқ. Сөйтеміз де балабақша таңдап жүріп береміз, көңілден шықпай, бірінен екіншісіне ауыстырамыз. Бұл жерде өте үлкен мәселелер бар…
– Балалы үйдің ұрлығы жатпайды деген атам қазақ, балаларыңыз мектепте болғанның бәрін жеткізеді ғой?
– Иә, жеткізеді. Жақсы көңіл бөлуде бөледі. Бірақ мектепте білім жағына, тәрбие жағына келгенде білімді ұстаздар аз сияқты болып көрінеді.
– Ата-ана ретінде балаларыңыздың мектептегі жағдайынан қаншалықты хабардарсыз? Жалпы ата-аналар жиналысына барасыз ба?
– Мен үлкен ұлымды алтыншы сыныпты бітіргеннен кейін, КТЛ-дің ұлдар лицейінің мектеп-интернатына бердім. Себебі, таңертең тұрғанда өз жұмысын істеп, төсегін жинап, өзінің киім-кешегіне, заттарына ұқыпты болып, ортасымен тіл табысып үйренсін деп бердік. Өйткені, үйде ақ саусақ бала ертең қоғамға араласқанда қиналып қалады. Ал, білім жағынан алтыншы сыныпқа дейін бәрі жақсы дейтін, бірақ, КТЛ-ге көшкелі бері білімінің жетпей жатқанын сезіндік. Сосын қосымша мұғалім жалдадық.
– демек, алтыншы сыныпқа дейінгі жақсы-жақсы дегендер өтірік болғаны ғой?
– Иә, өкінішке орай, өтірік бағаланып отырған ғой.
– Алтыншы сыныпқа дейін сол жағдайды, яғни, өтірік үздік екенін білмеу өз қателігіңіз бе? Әлде, жасырған мектеп кінәсі ме?
– Мектепте жүрген күннің өзінде төртінші сыныптан бастап қосымша сабақ алып отырдық. Ағылшын тілі мен математикадан қосымша сабақты тоқтатқан емеспіз. Енді бала меңіреу болмаған соң, мұншалық қыспақтан бірдеме алуы керек қой, сонда, мұғалімдер ата-анасының көңіліне қарап, төрт пен бесті топырлата бере ме деп қалдым.
– Мүмкін танымал болған соң сіздің балаға басқаша көзбен қарайтын болар?
– Иә, бірақ, ол – ұстаздың өте үлкен қателігі. Өтірік ешқашан оңбаған нәрсе, білім саласына, бала тәрбиесіне келгенде, одан үлкен масқаралық, сорақылық болмақ емес. Бір жолы мектепте білім саласының (менің салам болмаса да) жиналысына қатысып, сөз сөйледім. Бірақ, білім мен мәдениеттің тұтастығы көп. Мен үшін мәдениет пен білім егіз ұғым.
– Иә, Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенін естен шығармауымыз керек қой.
– Иә. Сондықтан мен әркез ұрпақ жолында біргемін. Сол үшін де «бал-бала» жобасын бастадым. Мен бизнесмен ретінде тек ақша табуды мақсат етсем, дәл осы жобаға кеткен ақшаға ондаған дүкен ашып, шетел ойыншықтарына толтырып тастауға болар еді, оның өтімі он есе жоғары, пайдасы да мол болар еді, себебі, оның жарнамасы дайын, тегін жүріп жатыр. Бірақ, мен қиынына бардым, өйткені, ол менің ұлтыма, ұрпағыма пайдалы. Баланың тілін ашады, өз ұлтының тілінде сөйлейтін, өз мәдениетіне сай ойыншықтармен ойнауды дәріптедім. Оның сапасын жоғары деңгейге жеткізіп, бала денсаулығын ойлай отырып екшедім. Маған бәрібір, ешқашан жасалмаған, істемей-ақ та қояйын дегеннен аулақпын. Себебі, тіл болмаса ел болмайды, тіл болмаса қазақ өзінің Алла берген бар қасиетінен айырылады. Сусыз өмірдің болмайтыны секілді, тілсіз елдің өсуі, дамуы мүмкін емес.
Мұхтар Әуезов ағамыз не деген керемет айтқан: «Ел болам десең, бесігіңді түзе». Рас, бесікті түземей, шекірейіп жүргеніміздің бәрі бекер.
– Енді сіз айтып отырған көп мәселеде ерлеріміздің кейбірі жалған ұранда жүр, ал сіз харекеттегі адамсыз. Демек қоғамға айғай-аттан емес нақты іс керек демексіз ғой?
– Енді жалған ұранмен қанша жүруге болады? Әйтеуір бос айқаймен де, шын ұранмен өмір сүруге болар, бірақ нақты қадам болмаған жерде болашақ болмайды. Сондықтан, мен талай рет қобалжыдым, басымды бәйгеге тіктім, арыстандай арпалыстым. Оны бір қазақ түсінеді, бір қазақ түсінбей сырттан сынайды. Мейлі, қазыр болмаса да бұл іс – келешекте өз нәтижесін беретініне сенімім кәміл.
Біз, жалпы әр істің астарына үңілеміз бе? Мысалы, жаңбырдың сонша биіктіктен бір-біріне қосылмай, тамшы боп жауатыны туралы ойлана ма? Жоқ…
– Абайша айтсақ, адамды құртатын ой емес, ойсыздық деп тұрсыз ғой?
– Иә, ойсыз боп кеттік. Бір шелек суды биіктен басыңызға құйып жіберсе не болады, оның қасында жаңбырдың көлемін ойлаңыз. Бірақ бір жапырақты да сындырмайды.
Әр ата-ана таңертең жұмысқа шығып бара жатып, балам немен тәрбиеленіп жатыр, ертең кім болады деп ойланамыз ба? Ойланбаймыз, әйтеуір, кешке келгенде аман болса болды. Бірақ, ол ертең кім болады?
– Жаман болса да аман болсын дегенді әлі қоймадық…
– Алладан тілеймін адамзат баласының аман болуын, бірақ, қазақтың сөзін неге ұмытамыз, “бала берсең сана бер, сана бермесең, ала бер”- деген. Сол сананы қалыптастыратын кім? Тәрбие емес пе? Тіл емес пе? Ата-бабадан келе жатқан бесік жыры мен ертегілер емес пе? Сол ертегілер мен ұлттық құндылықтар, ертеңгі ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, инабаттылыққа, сананың дұрыс өсуіне тәрбиелейтін құрал емес пе? Соның бәрі дәрі еді, бүгінгі кезде, бірақ, соны қолданып керегімізге жараттық па? Сондықтан, әр ата-ана ойланайық, баламыз ертең кім болады? Мынау ел, қандай ұрпақтың қолында болады?
Кешегі күнді жатып кеп кіналаймыз, иә, кесірі тиді, бірақ, қазір тәуелсіз елміз ғой. Ағылшын тілі болса, тыраштанып үйреніп аламыз, неге? Себебі ол керек, нан тауып жеу үшін керек. Ал сонда қазақ тілін неге сөйтіп үйренуге құлық жоқ? Сөйте тұрып отанды сүйеміз дейміз, отанды қорғау үшін ата-бабаларымыз жанын қиған, ал, біз орысшаланған тілімізді қимаймыз ба? Ұрпағын қазақ етіп тәрбиелеу, бойында қазақтың қаны бар, әр адамға отанының, ата-бабасының, елінің, Алланың алдындағы парызы. Біз оны қаншалықты орындай алып жатырмыз? Мен ешкімді кінәламаймын. Бірақ, олар отанының өсуі мен дамуына кері жағдай жасамаса екен деймін.
– Иә, бұл өте ауыр жағдай. біраз ата-аналармен сөйлескенде олар, -біз орысша сөйлемейміз, бірақ, баламыз мектептен, балабақшадан орысша үйреніп келеді – дейді. Баласының оқып жүргені қазақ тілді мектептер бола тұра. Ал, сіз мектептерге кездесуге, жиналысқа барасыз. Сонда қазақ балаларынан не байқайсыз? Білім мен тәрбиеде біз неден ақсап жатырмыз?
– Ең қорқынышты нәрсе, біз қазақ мектептеріне барғанда үзілісте орысша сөйлейді, біз кездесулерге барғанда бізге кеп: -Здравствуйте, дайте автограф,– дейді, сонда біз қай жаққа бара жатырмыз? Құдай-ау соның бәрі егемендік алған соң, туылған балалар ғой. Қаншама өнер адамдарының, биліктегі тұлғалардың, академик, ғалымдардың балалары ана тілін білмесе басқасынан не қайыр? Мұның бәрі айналып келгенде біздің болашақ үшін не істеп жатқанымыздың дәлелі. ертеңгі болашағымыздан хабар. Сондықтан бүгін біз басқа ештеңе істемесек те, бүкіл жан дүниеміз бен білімімізді қазақ болашағына арнап қазақша сөйлейік. орыс тілді қазақ болайық, қазақ тілді қазақ болайық, біздің артымыздағы ұрпақ, ертеңгі қоғамды қалыптастырады, осы елдің тізгінін ұстайды. Сонда біз кімді даярлап жатырмыз? Қалай тәрбиелеп жатырмыз? Иманы, тәрбиесі, ізеті, ұлттық болмысы қалай? Болашақта тәуелсіз елді ұстап тұруға шамасы келе ме? Осыны ойлайық, түсінейік.
– Жалпы, қоғам болып, болашақ үшін күресті ұмыт қалдырмау керек дейсіз ғой?
– Қоғам боп күресу керек, бірақ жүйелі, мысалы, жапондардың ең негізгі саласы машина өнеркәсібі. Олардың тек осы саласы бүкіл әлемнің машина өнеркәсібінің 30% нарығына ие, ол артып келеді. Ал, бұл кім үшін де өте үлкен бір жетістік. Өзге елдер қазір олардың ескі заводтарын пайдаланып өз машиналарын жасап жүр. Ал Кореяның Samsung-і қалай жаулады нарықты? Неге? Себебі, олар ел болып кірісті. Әрбір Жапондық парыз санады, машина алса, тойота алу керектігін сезінді. Дәл сондай жүректегі отандық сезім керек. Отандық өнімді қолдау керек. Біз «бал-бала» қазақстандық нарықта жаңа көктеп келе жатқан гүліміз, әр қазақ бізді қолдау керек, баласына «бал-баламен» ойнауға мүмкіндік жасауы керек. Мен үшін емес, баласы үшін, мен үшін емес, өз ұлтының тілі үшін, болашағы үшін. Себебі, өз тілінде өскен баланың ішкі сұранысы мен сыртқы жағдайы бірдей болып, жан-жақты сау денелі болады. Бұл – дәлелденген шындық. Сондықтан, «бал-баланы» дәрі сезінуі керек. Әттең, біздің халық тілдің де денсаулық екенін, өз тілін білмегендік ауру екенін сезінсе, бүгінгідей күйге түспес еді.
– Алдағы күнде қазақ қоғамын, қазақы ұрпақты «бал-бала» ойыншықтарынан басқа қандай жаңалықтармен қуанту ойыңыз бар?
– Біз бір талантты жігіттермен бірігіп, «Даналық әліппесі», «Сөйлейтін қалам», «Қазақша караоке» сияқты дүниелер шығарып жатырмыз. Олар қалтамызда тастамай алып жүруге болатын заттар.
«Даналық әліппесінде» – он екі томдық қазақ мәдениетінің мәйегі топтастырылған, балалардың алғашқы сусындық материалы, ал «Сөйлейтін қаламды» сол он екі том кітаптың қай жеріне тигізсеңіз, сол жерінен бастап сарнай жөнеледі. Ол томдар ертегілер, бесік жыры, бата, дәстүрлі әндер, күй т.б. сол секілді қазақ руханиятының қазынасы. «Сөйлейтін қалам» нақышына келтіріп орындайды. Әрі балалардың қолдануына сай, ықшамдалып жасалған. “Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй”- дейді, Абай. Біздікі де сол мақсат. Баланың бойын қазақы дәстүрдің нәрі жауласын, өз мәдениетімізден ұрпақ шөлін қандырсын деген мақсат.
Қай ата-ана қазір кешке баласына ертегі оқып береді? Ертегі тыңдаған баланың миының жетілу, логикасының дамуы өте мықты болады. Жырмен сусындап, ертегі кейпкерімен сырласып өскен бала мектеппке барғанда логикасы нашар деген сөзді ешқашан естімейді. Сол үшін де бала күніне ең кемінде, бір ертегі тыңдау керек. Бәріміз солай өстік, ертегі естіп жатып, мультифильім көргендей болатынбыз. Ертегі мен бесік жыр бала санасының жауһар нұры екенін ғылым дәләлдеген.
– Сөз соңында, бала тәрбиесіне қатысы бар қазақ елінің барша азаматтарына тілегіңіз.
– Егер өз балаңның дені сау, ақылы түзу, талантты болсын десеңіздер, кез-келген ата-ана, ұрпақты қанында бар рухани сусынмен сусындатып, керегін даярлап беріңіздер. Ұрпақ үшін әр қадам маңызды, әйтпесе, кешігіп өкінесіз. Сіз ойлаңыз, қазақтың бетке басар тұлғалары, 90% зиялы қауымы, президенттен тартып, спортшы, ақын, әнші қай тұлғасын алып қарасаңызда ауыл баласы, неге? Қаланың балалары қайда? Олардың саны көп қой? өйткені сол ауылдағы баланың ішкі сұранысына сай тәрбие, ертегі айтар әже, тәрбие берер ата бар. Солардың жемісі.
Қазіргі кезде қазақша сөйлейтін қазақ болсын, орыс тілді қазақ болсын, отанымыз бір, болашағымыз бір, туымыз, жеріміз бір. Сондықтан да, барша қазаққа бөлінетін емес, бірігетін кез келді. Осы елдегі жұрттың түбі қазақ, болашағы қазақ, соның өзі бізді біріктіру керек. Жұмылған жұдырықтай болуымыз керек. Елдің ертеңі үшін жұмыс жасауымыз керек. Соның ішінде ұрпақ тәрбиесі ең маңызды, себебі біз бөлінсек ұрпақ іриді.
-Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Аятжан Ахметжан

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. # проф. Совет-Хан Ғаббасов 03.04.2014 22:12
    БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ТҰСАУЛАНЫП ТҰР ( Абай кз )
    проф. Совет-Хан Ғаббасов бн, 03/04/2014 – 17:13
    Мен көтеріп жүрген “Адам тәрбиесінің жаңа ілімімен” дүниеге келген балалар қазір республикаға белгілі бола бастады. Мәселен, Президентіміз өзі құшақтап суретке түскен БАЛА ЖАМБЫЛ ды айтсақ, немесе 4-рет шахматтан ӘЛЕМ ШЕПИОНЫ болған ЖАНСАЯ ны, тіпті мамандығым дәрігер болғандықтан туған сәтінен бастап 3-жыл бойы үзбей байқауымда болған ҮШ БАЛА – үшеуі де 14- жасында 11- жылдықты АЛТЫН БЕЛГІГЕ бітіріп, грантпен университеттері н бітіріп, ерекше қабылеттерімен жұмыс істеп жүр. Бұлар 6- РАССАНЫҢ өкілдері, ТӘН құмарлығынан құтылған – ЖАН құмарлығына ауысқандықтан, олар – АРАҚ- СЫРА- ТЕМЕКІ – НАША – т. б. құмарлықтардан мүлдем ада (таза) деуге болады. Міне осы ІЛІМДІ мемлекет деңгейінде 20- жылдай жүргізгенде, бүгінгі ҰРПАҚ мүлдем жаңа сатыдағы тәрбиеде болар еді. Ал енді ҮКІМЕТ түсінбесе де… ЕЛ-ЖҰРТ бүкіл ағартушы қауым қолға алып, шыққан кітаптарды оқып ұрпағымыздың келешегін қолға алуды ұсынамын. Бүгінгі балалардың ауруларының асқынып тұрғаны соншама, тіпті ТЕЛЕАРНАЛАРДАН ауру баланы емдетуге көмек сұраушылар қаптап кетті. Ал жаңа ілімнің І-ші негізіндегі ҰРЫҚ ТАЗАЛЫҒЫН сақтау арқылы ғана қазіргі 1000-нан аса аурудың 85-90 % жоюға болады. Бұл аурулардың барлығы да ” ҰРЫҒЫНАН УЛАНЫП” туғандықтан белең алған дерт екені ғылыми дәлелденіп отыр. МЕН қанша сұраса да басқа тілдерге аударуға бермей келдім. Өйткені, бұл ІЛІМДІ тұтастай ПАТЕНТТЕУГЕ … тек 2011 жылы ғана қолым жетті. Қайран жұртым Қазағым… Ұлт тағдырын – Ұрпақ қана шешетінін түсінсеңіздер сауап болар еді…

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА