07.07.2024

Абайлайық… Суицид неге асқынды?

Ақтөбеде тағы бір оқушы өзін-өзі өлтірді. Осылайша соңғы 2 аптада суицид жасаған оқушылардың саны үшке жетіп отыр. 

Оқиға 8 мамыр күні болған. Ақтөбедегі № 3 орта мектептің 11-сыныбында оқитын қыз бала асылып қалды.

Мектеп директоры Шолпан Өмірзақованың айтуынша, оқыс оқиға мектептен тыс жерде болған. Директор қыз баланың не себепті өзіне-өзі қол жұмсағандығынан хабарсыз.Биыл мектеп бітіруі тиіс оқушы қыз ҰБТ алдындағы сынақ кезінде де жақсы нәтиже көрсеткен.

– Сабағын үздік оқитын. Ата-анасы бар. Тұрмыстары да жақсы. Өзі салмақты, мұғалімдер мен оқушылардың арасында беделді бала болатын,-дейді Шолпан Өмірзақова. 

Айта кетелік, 28 сәуір күні аталмыш мектептің мұғалімі жұмыс орнында асылып қалды.  

Әріптестерінің айтуынша, Ақтөбедегі №3 мектептің еңбек пәнінің мұғалімі Мұрат Тукиннің мәйіті 28 сәуір күні өз жұмыс орнынан табылған. Мектеп ауласындағы шеберханада мұғалім соңғы 13 жыл бойы балаларды еңбекке баулыған. Балалы-шағалы адам. Әріптестері Мұратты мұндай қадамға не итермелегенін біле алмай дал.

Елена Шмелёва, №3 ОМ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Ол өте жайсаң, жомарт адам болатын. Ортада сыйлы, өз ісінің шебері еді. Кәсіби біліктілігі өз алдына ол өзінің адамгершілігімен оқушылардың сүйікті ұстазына айналған болатын. Ер балалар еңбек пәнінен Мұраттың арқасында көп нәрсе үйренді. Мектебіміздегі шараларға өз үлесін қосып, әрқашан жайдары жүретін. Қалжыңдағанды ұнататын.

Марқұмның жасы 47-де. Елена Шмелеваның айтуынша, №3 мектепке 2002 жылдан бері қызмет жасап келген. Мектеп шеберханасынан 1968 жылы туған азаматтың мәйіті табылғандығын жергілікті полиция да растап отыр. Ақтөбе облыстық ІІД мәліметінше, мұғалім өзіне өзі қол жұмсады ма, әлде кісі қолынан қаза тапты ма ол жағын сот-медициналық сараптамасы анықтайды.

№3 мектептегі тосын оқиғадан Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева да хабардар. Тағы бір оқушысының өзіне-өзі қол жұмсағанын растаған ол әзірше толыққанды ақпарат бере алмайтынын айтты. 

Осылайша, соңғы 2 апта көлемінде Ақтөбеде 1 мұғалім мен 3 оқушының өзіне өзі қол жұмсап отыр. Марқұм болған оқушылардың үшеуі де қыз бала, үшеуі де 11-сыныптан.

Қазірше бұл іске тек имамдарғана алаңдап іске кіріскен. Бұл туралы “Керек.info” тілшісіне облыстың бас имамы Әбдумүтәлі Дәуренбеков хабарлады. 

Бас имам арнайы кесте бекітті. Соған сәйкес имамдар қала мен аудан мектептерін аралап шықпақ. Дін ұстанатын азаматтардың бұл әрекетіне мектеп оқушылары арасында суицидтің жиілеп кетуі түрткі болған. 
-Көктем-қиын мезгіл. Жүйкесі әлсіз адамдар өз өздеріне жиі қол жұмсап жатады. Мұны ғылым “психологиялық ауытқу” деп атайды. Дін ұстанатын азаматтардың тілімен айтқанда адамға жын-жыбыр жабысқан боп шығады. Баланың жанарының нұры жоғалып, ештеңеге қызықпайтын болса, молдаға көрсету керек – дейді Әбдумүтәлі Дәуренбеков.

Өзін өзі өлтіру-ауыр күнә. Сондықтан рухани тұрғыдан жұтап жүрген адамдарды жеке қалдыруға болмайды-дейді бас имам. Мектептерді аралай жүре имамдар 11-сынып оқушыларына өмірдің мәні туралы айтып қана қоймай, олардың сауалдарына да жауап береді. Бас имамның сөзіне қарағанда, мектептердегі уағыз оқу жылы аяқталғанға дейін жалғаса бермек. 

Бұл турасында Шымкент қаласы №41 мектептің тарих пәнінің жоғары санатты мұғалімі Шыныбекұлы Өмір ағай былай дейді:

Балалар арасындағы суицидке қоғамның еті өліп кетті.

Енді, Ақтөбеде мұғалім өзіне өзі қол салыпты…

Қазақстанда “педагог” ең қауіпті мамандықтардың біріне айналғанына ешкім назар аударатын емес. 

Мен жұмыс жасайтын мектепте соңғы 6-7 жылда екі ұстаз көз алдымызда психикалық ауруға ұшырап, көз алдымызда есінен адасып кетті. 
Егер, мұғалімдердің денсаулығы мен өлімі туралы статистика жүргізілсе, көптеген жайт белгілі болар еді.

Ал Астана қаласы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің химия пәні мұғалімі Аятжан Ахметжан бұл істі жан-жақты зерттемесек ертеңіміз өкінішке толады, – дейді.

Ол елімізде балалар арасындағы суицидтің соңғы жылдары ауырлағаны өте қауіпті жағыдайға айналды. Тіптен еліміздегі басты білім сынағы ұлттық біріңғай тест жақындағанда тіптен асқынып, ұлттық біріңғай тест кезінде жұрттың үрейі ұшатын біріңғай трагедияға ұласып кететіні бәрімізді қынжылтады.

Ал енді бұл жағыдайға ұстаздардың ұшырауы бәрімізді ойландырды. Қазір ұстаз мектепте болған барлық жағыдайға жауапты екенін ескерсек, ұстаздың жүгі өте ауыр, оның үстіне елімізде балалар құқын қорғайтын заң бар да, ұстаздар құқын қорғайтын заң жоқ. Бұл ұстаздар құқын кім көрінген бұзуға, тіпті ұстаздарды қоғамда қолжаулыққа айналдырып, ұстаз беделін түсіріп болды. Елімізде тез арада ұстаздар құқын қорғайтын, ұстаздардың еңбек нормасын өлшейтін арнаулы заң керек. әйтпесе, Алла өзі сақтасын, мұндай жамандықтың жалғасып кетуі мүмкін. Себебі, соңғы кездері ұстаздарға қол көтерген оқушылар саны артып кеткені жасырын емес, – дейді ашынып Аятжан Ахметжан.

 Ақниет Киікбайқызы

 Оқушылар арасындағы суицид жауапсыздық салдары екенін өткен жылы да еске салып едік:

 Суицид – дерт емес, тек жауапсыздық салдары

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА