12 C
Нур-Султан
10.05.2021

Білімдегі дағдарыс – келешекке қауіп

Қазір әлем елдерінің бәріндегі білім беру жүйесі осыған дейінгі қол жеткізген сапаны жоғалтып алмау жолында жанталасып жатыр. Себебі дүниені дүрліктірген індеттің кесірінен білім беру ошақтары жабылып, қашықтан оқыту форматына көшті. Жаңа жолда тәжірибесі жоқ жанның жұмысы жедел жемісін бермейтіні секілді, оқытудың аяқ асты енгізілген форматы да бірден жоғары сапаға сеп болмайтыны сөзсіз. Керісінше бүгінге дейін жиған жетістік жоғалып барады. Осылайша білімдегі дағдарыс басталғандай. Одан қалай шығамыз?

«Білімдегі дағдарысқа дәлелі­ңіз бар ма?» дерсіз. Біз де бұл сөзді негізсіз жаз­бадық. Жақында PISA – Білім алушы­лардың жетіс­тігін халықаралық бағалау бағдар­ламасының көрсеткіштері жария­ланды. Аталған көрсеткіштер білімге айрықша көңіл бөлетін әлем елдерін алаңдатып отыр. Өйткені онда қашықтан оқыту­дың 3 айдағы нәтижесі бойынша да­мыған елдердің өзінде білім сапасы­ның айтарлықтай нашарлап кеткені көрсетілген. PISA нәти­желеріне көз жүгіртсек, әлем­де білім беру сапасы жөні­­нен ал­дың­ғы орындарды бермейтін Аус­т­ралия оқушыларының мате­ма­тикалық сауаттылығы 16,7 пайызға, ал оқу сауаттылығы 11,5 пайызға төмендеген. Ал ал­пауыт АҚШ-та 2019-2020 жылдар бойынша білім алушылардың көрсеткіші математикадан 30 пайызға, оқу сауаттылығынан тіпті 50 пайызға нашарлап кеткен.

Біздің елдегі жағдай қалай? Қазір бұл сұраққа мектеп оқушы­сына сабақ оқытып отырған ата-ана немесе жауапкершілік жүк­телген ересек жан кез келген білім беру саласының сарапшысынан артық айтып беретін шығар. Үйде отырып-ақ отандық білім берудің қазіргі жай-күйіне баға беріп жатқандардың пікіріне сүйенсек, жағдай қиын. Бәріміз білетіндей, бүгінде қазақстандық орта білім беретін оқу ошақтары (шағын жинақты мектептерден басқасы) негізінен қашықтан оқытуға көшті. Балалары көп мектептерде ішінара сыныптар ата-аналардың өтінішімен штаттық режімде оқытылып жатыр. Мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар «төтенше тоқсаннан» (наурызда жарияланған төтенше жағдай кезінде еліміздегі білім алушылар оқу жылының соңғы тоқсанын түгел қашықтан оқы­ды) бері тәжірибеге енгізілген жаңа форматтағы оқытуға бір­ша­ма бейім­деліп үлгергендей. Бірақ бәрібір білімдегі біраз бей-берекеттің беті ашылып қалған сыңайлы.

Facebook әлеуметтік желі­сін қол­данушы Әсия Ермұхам­бетова өзінің парақ­шасында: «Жиенім­нің сабағына қалай арала­сып кеткенімді өзім де біл­мей қал­дым. БЖБ, ТЖБ-ғы қате сұрақ­тар, грамматикалық қателер, ағыл­­шын тілі мұғалімінің сөздерді бұ­рыс айтуы, 45 минуттың орнына өті­летін «WhatsApp»-ғы 15 минуттық сабақ­тар. Мұндайда қандай сапа болады? Бұл – небәрі 3-сыныптағы жағдай. Оқулық­тар­дағы сұрақтарды қарай­мын, менде білімнің сапасы­на қатысты тағы 99 сұрақ туады. Кезекші сыныптардың сабақ кес­­те­сін өзгертеді де жатады. Мұ­ны мек­теп­тің 3 ауысымда оқы­­та­тынымен түсін­діреді. Мем­­лекеттік мектептерде не бо­лып жатыр? Көп нәрсені кадр тап­шы­лы­ғына ысыра салады», деп жазды. Оның ойынша, егер мұ­ғалімдер пандемия жағ­­дайында дұрыс оқыта алмаса, онда қолы­нан келетіндерге беру керек. Білік­ті мұғалімнен сабақ алса бол­ғаны, мамандардың қайда тұра­­тыны маңызды емес. Себебі бәрі­бір білім қашықтан беріліп жатыр.

Негізінен бұл идеяны ми­нистр­­лік «төтенше тоқсан» бас­тал­ғаннан-ақ қолға алғандай бол­ды. Мықты мамандардың саба­ғынан видеолар әзірлеп, білім беру платформалары мен теле­арналар арқылы таратуы – со­ның айғағы. Десек те тә­жіри­бе толығымен және жан-жақ­ты қолға алынып, іске асырыла ал­май жатыр. Әйтпесе білім сала­сын біліксіздерден тазар­ту­дың таптырмас құралы болатын. Өйткені оқушылар мен ата-аналар таңдаған мұғалімге мемлекет еңбекақысын төлесе, ең маңызды салада сақалары ғана қалар ма еді. Өйткені Ә.Ер­мұ­хамбетованың «Білім сапа­сы жақсармаса, бітпейтін стан­дарттардың не қажеті бар. Ең қызығы, мұғалімдер кез келген өтініш пен ескертуге басқа жақсы мектеп табуды немесе тіптен жеке мектепке кетуді ұсынады. Алайда грамматикалық қателер мен қате сұрақтардың дәл пандемияда пайда болмағаны анық қой», деген сөзінде шындық бар.

Елордадағы №82 мектеп-лицейі директорының міндетін ат­қарушы Гүлмира Көкталқызы ТЖБ, БЖБ-ғы сұрақтардың маз­мұны алдын ала тексеруден өтіп, бекітілуі тиіс екенін айтады.

«Мектебімізде тестілердің мазмұнын, ондағы сұрақтардың сапасын тексеріп, қол қоятын арнайы мамандарымыз бар, олар қажетті курстардан өткен. Меніңше, бұл жүйе барлық мем­лекеттік мектептерге енгі­зілген болуы керек. Ал біз сабақты 15 минутта өткізбейміз, ZOOM платформасында толығымен 40 минут болады. Одан кейін мектеп оқушылары мен ата-аналары түгел Microsoft Teams-ты қолданады, өте ыңғай­лы. Әлбетте WhatsApp желісінен басқасын қолданудан бас тартатын ата-аналар бірен-саран кездесіп жатады. Солар үшін ғана қолдануымыз мүмкін. Бірақ сабақ онда өткізілмейді. Айтпақшы, кезекші сыныптардың кес­тесі де мүлде өзгермеді. Бастауыш­тағы кезек­шілік сыныптардың кестесі қыркүйекте бекі­тілгеннен өзгер­местен әлі тұр. Осы тоқсаннан бас­тап 5-сыныптікін қостық», дейді Г.Көкталқызы. Оқу ошағы өкілінің айтуынша, пандемия кезінде білім сапасы түсіп кетпеді. Десе де бар­лық мектептегі оқыту мен білім беру­дің сапасы орынында ма? Мұға­лім­дердегі қате­ліктерді қайда қоямыз?

Paperlab тобының сарапшысы, белгілі әлеуметтанушы Камила Ковязина мәселе мұғалімдерде емес екенін жеткізді.

«Біздің мұғалімдер шын мә­нінде жаман емес, олардың жаңа жағдайға әрең бейімделетіні және заман талап еткен қажетті қабі­леттерді зорға игеретіні қиын. Жаңартылған білім берудің өзін әлі толық түсінген жоқ. TALIS сауалнамаларына сәйкес әрбір үшінші мұғалім жаңартылған білім беруде, критериалды бағалауда өзін толығымен бәсекеге қабілетті, сенімді сезінбейді. Ешкім олардан цифрлы дағдыларды талап ет­педі және оқытпады да. Сол се­беп­ті педагогтерді әрдайым оқы­тып, біліктілігін арттырып отыру керек. Бұдан да маңыздысы, білім беруге бөлінетін қаржыны үнем­деуді тоқтату қажет. PISA көр­сет­кіштерінен неғұрлым бір оқушыға қарастырылған қаражат көп болса, соғұрлым білімнің сапасы да жоғары болатынына көз жеткізе аламыз. Рейтингтің тұрақты көш­бас­шылары – Сингапур, Жапония, Финлян­дияда бір оқушының шы­ғы­ны 11-14 мың долларды құрай­ды. Ал аталған сома Қазақ­станда – 560 доллар (2019 жылы бір оқушыға орта есеппен 224,3 мың теңге бөлінген). Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл – мүлде мардымсыз», дейді К.Ковязина.

Сарапшының сөзіне сенсек, пандемия­да анық байқалған білімдегі дағдарыстан шығып, теңсіздікті азайту үшін (ауыл балалары, мәселен, қалалық оқушылардан 1,5 жылға артта қалып келеді) цифрлы білім берудің күшін қолдану керек. Осы тұста әлеуметтанушының ойы жоғарыда айтылған сөзі­мізді толықтыра түседі. Яғни біз қашықтан оқытуды дамыту арқылы білім саласында білікті кадр­ларды іріктей аламыз. Екін­ші­ден, сарапшы айтқандай, ауыл мен қала балаларының білім дең­гейіндегі теңсіздікті жоюға жәрдемдеседі.

«Егер денсаулық сақтау маман­дары телемедицинаның ма­­ңыз­­дылығы туралы үнемі көтер­­се, біз неге қашықтан білім беру жөнінде айта алмай­мыз. Ең жақ­сы мұғалімдер алыс ауыл­дар­дың (кешіріңіз, ауыл­дық шағын жинақты мектептер­де мұға­лім­­дердің біліктілігі қала­дағы әріп­тестеріне қара­ған­да төмен деңгейде) балаларын қай кезде оқытады, ал мектеп мұға­лім­дері тәлімгер, репетитор, консуль­тант рөлін қашан атқарады? Бірақ бұл үшін әрине алдымен ең маңызды инвестиция мәселе­сін шешуге тиіспіз», дейді әлеуметтанушы.

Иә, мектептердегі жарамсыз компьютерлер, таудың етегі мен төбеде ғана ұстайтын интернет, контенті сапасыз платформалар проблемасын пандемия келгенде ескергеніміз анық қой. Шынтуайтында, технология заманында цифрлық білім беруді дамытуға инвестицияны тарту керек еді. Ал біздің төтенше жағдай жарияланғанда алдағы жылдарға бөлінген қаражаттың есебінен жанталасып техника сатып алғанымыз «ас ішерде» дегенге саяды.

Жалпы, коронавирустың кесірінен пайда болған білімдегі дағдарыс Қазақстан секілді дамушы елдерде ғана емес, дамыған елдерде де орын алып отыр. Айталық, елімізде ауыл мен қала балаларының білім деңгейіндегі ара­қашықтық түйткілге айналса, Англия­ны әлеуметтік топ­тар арасындағы білім деңгейі­нің теңсіздігі алаңдатады. Себебі соңғы уақытта жарияланған көр­сеткіштерге сәйкес, білім беру жүйесі озық елдің бірі саналатын Тұман­ды Альбион­да әртүрлі әлеуметтік-экономи­ка­лық топ­тар оқушыларының арасын­дағы ал­шақ­тық 46 пайызға артыпты. Әл­бет­те бұл мәселе бізге таң­­сық дей ал­май­мыз, себебі ха­лық­аралық, ақылы мек­­теп­тер Қазақ­­станда да жұмыс істейді. Деген­мен шет­елдік тәжірибеде тұйықтан шығудың жолы қайсы? Міне, біз үшін осы – маңызды.

Ұлыбританияда «Ұлттық ре­пе­титорлық бағдарлама» жобасы биылғы маусымнан бастап іске асы­рылып келеді. Өйткені Англия үкіметі репетиторлықты жағдайы жақсы отбасының балалары пайдалана алатын қызмет емес, әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топ­тар арасындағы оқыту сапасының ал­шақ­тықтығын жою мүмкіндігі ретін­де қарастырып отыр. Іс жүзінде COVID-19 пандемиясына байланысты Ұлыбританияда мек­тептер жабылғанға дейін репе­титорлық қызметтер әлеумет­тік-экономикалық жағдайы жақсы отбасылардан шыққан оқушы­лар үшін ғана қолжетімді болды. Ал қазіргі таңда Англиядағы аталған қызметке деген қоғамдық көзқарас Үкіметінің шешімі нәтижесінде түбегейлі өзгеретін сияқты. Жоба бойынша мектептер арнайы белгіленген тізімдегі репетиторлық қызмет көрсететін орталықтармен немесе мамандармен жұмыс істей алады. Әрі бұл қызмет – тегін. Мұндай қызметті тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалардың пайдалануына басымдық беріледі. Осы үшін мемлекет репетиторлық қызмет көрсететін мекемелермен әріптестік орнатқан екен.

Иә, дәл қазіргідей білімдегі дағдарыс уақытында білімнің сапасын арттыру жайында сөз етудің өзі қисынсыз. Оны дамыған елдердің білім сапасына қатысты халықаралық көрсеткіштерден де анық көруге болады. Сол себепті әлем елдері осыған дейін қол жеткізген білімнің сапасын сақтап қалуды көздеп отыр. Өйткені білім дегеніміз – адами капитал. Ал адами капитал құлдыраған кезде болашақ туралы әдемі әңгіме айту мүмкін де емес. Түптеп келгенде, дәл осы дағдарысты тудырған пандемиядан да адамзатты алып шығатын білім ғой.

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
«Егемен Қазақстан» газетінен

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Асхат Аймағамбетов. Біз балаларымыз үшін барынша қолайлы жағдай жасаудамыз

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатқан пунктердің біріне барып, талапкерлермен әңгімелесті. Бұл туралы ол өзінің ФБ әлеуметтік желісінде...

Мектептердегі карантин талаптарының бұзылуы: 312 тұлғаға 29 млн теңге айыппұл салынды

Қазақстанда бірқатар мектепте маска режим сақталмаған, арақашықтық белгілері қойылмаған, бөлмелерге ылғалды тазалау және залалсыздандыру жүргізу кестесі бұзылған, сыныптардағы парталар арасындағы қашықтық сақталмаған. Сондай-ақ бактерицидтік...

Баланы мектепке қай жаста берген жөн — фин ғалымдарының зерттеуі

Финляндия елінің ғалымдары бүлдіршіннің жасы оқу үлгеріміне әсер ететінін айтады. Яғни, жылдың соңында дүниеге келген баланың үлгерімі жылдың басында туғандарға қарағанда нашарлау болады. Турку университетінің...

Үкіметтен бір тиын сұрамай, ауылында көпір салуға бас-көз болған мұғалім

Бүгінгі кейіпкеріміз – Үржар ауданы Көктал ауылының тұрғыны Ақат Рақышев. Оның есімі биылғы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында кеңінен танылды. Ауылдағы мектепте көркем еңбек...

Қошке Кемеңгерұлы. Жат тіл оқыту әдісі

Тіл оқыту әдістері толып жатса да, ең жақсы әдіс туралы мәселе дұрыс шешілген жоқ. Сонда да тіл оқыту әдісін қарастырушылар негізінде екіге бөлінеді. Бірінші ағымдағылар...