Президент Қ.Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында елдің білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты – жаңа мектептер салу арқылы оқу орындарының жағдайын жақсарту. Сол жылы, 30 қарашада Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын ұлттық жоба ретінде бекітіп, оның қаржылық және құрылыс жұмыстарын «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына жүктеді. Ұлттық жобаны жүзеге асыруды орталық және жергілікті атқарушы органдар қадағалап отыр.
«Жайлы мектептердің» басты ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушыларының оқу орындары бөлек блоктарда жүргізілуі. Бұл шара мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Петропавл қаласының «Орман» шағын ауданында 600 оқушыға арналған алғашқы «Жайлы мектеп» ашылды. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, қаланың зиялы қауымы, ақсақалдар мен ардагер ұстаздар қатысты. Облыс әкімі өз сөзінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Біздің балалар жаңа, жайлы мектепте білім алу керек. Себебі бұл – жарқын болашаққа жасалған инвестиция. Егер жас ұрпаққа барынша жағдай жасалса, олар әлемді бағындыратын ғалымдар мен өнертапқыштар боларына сенемін. Сонымен қатар, біз 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз, осындай мектептер басқа аудандарда да салынып жатыр», – деді облыс әкімі.
Бұл білім ордасында «Орман» шағын ауданымен қатар, «Борки», «Солнечный», «Юбилейный» және жаңа «Бірлік» шағын аудандарының оқушылары білім алады. Мектепте 30-дан астам сынып бөлмесі, арнайы кабинеттер (қазақ, орыс, ағылшын тілдері, физика, химия, информатика, биология), STEM зертхана, робототехника және интерактивті тақталар орнатылған. Сондай-ақ, екі спортзал, заманауи шеберханалар, мәжіліс залы, би залы және көпсалалы спорт алаңы да бар. Қыздар үшін арнайы іс тігуге арналған шеберхана ашылған, онда 18 түрлі тігін өнері үйретіледі. Асхана мен кітапхана да заманауи жабдықталған. Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған инклюзия және логопед кабинеттері де бар.
8-сынып оқушысы Анель Сабыр жаңа мектептің ашылуына қуанышын білдіріп, спортзалға ерекше көңіл бөлетінін айтты. Ал Сәбден есімді ата-ана мектептің барлық талапқа сай екенін атап өтті: «Ескі мектепте балалардың орындары тар еді, ал жаңа мектепте кең, жайлы және еркін. Бұл мектеп балаларымызға үлкен мүмкіндіктер береді».
Жаңа мектептің басшысы болып тәжірибелі маман Гүлжан Жақанова тағайындалды. Ол мектепте ерекше білімді қажет ететін балалар үшін барлық жағдайдың жасалғанын, заманауи сауықтыру құралдары мен арнайы жиһаздардың жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, балалардың дамуына қолайлы тактильді жол-көрпешелер, лифт және пандустар да қарастырылған.
Мемлекет балалардың жарқын болашағы үшін барлық жағдайды жасап отыр, енді жеткіншектер осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз елінің озық ойлы азаматтары болуға ұмтылуы тиіс.
Жақсыбай САМРАТ