2424-11-23

Әділет Ахметұлы: Әліпбиді бірнеше рет ауыстырудың қасіретін тартқан халықпыз

6 қараша Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерді ортақ әліпбиге өтуге шақырды.

Бұған дейін Түркі Академиясы 2024 жылғы 9-11 қыркүйек күндері Бакуде өткен Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының үшінші отырысында қабылданған «Ортақ түркі әліпбиі декларациясын» жариялаған еді. Қазір осы ортақ әліпби туралы пікір қызу талқыланып жатыр. Біз назарларыңызға А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, түркітанушы докторант (PhD) Әділет Ахметұлының пікірін ұсынамыз. 

1. Бұл мәселені әуелі тарихи тұрғыдан және әлем елдері арасындағы әліпбиге қатысты жағдайлар тұрғысынан қарастырғанымыз жөн. Түркі текті халықтар тарихта әлемге өз әмірін жүргізген халықтардың санатында аталады. Бірақ бізде қазір түркі мәдениеті десе көз алдымызға көшпелілер ғана елестейді. Бұл жаңсақ түсінік. Біріншіден, көшпелі өркениет түркілерге ғана тән емес, екіншіден, түркілер отырықшы мәдениетті де дамытқан. Демек, түркілер жазу мәдениетін тым ертеде қалыптастырған елдердің бірі. Мұның түп төркіні сақ, ғұндарлардан бастау алады. Онан бергі Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінің тарихы 1500 жыл. Бұдан соң түркілер көне ұйғыр жазуын пайдаланды, мұны соғды жазуы деп те атайды, ежелгі найман хандығында, керей ұлысында, одан соң Шыңғыс хан империясында осы жазу пайдаланылды. Көне ұйғыр жазуынан кейін ислам дінінің әлемді шарпуына байланысты көшпенділер араб жазуын қолданды. Мұнда да аздаған арабтың элементтері сақталғанымен, бұл жазу үлгісі де түркі мәдениетіне қызмет етті. Араб жазуын сонау Қарахан мемлекеті кезінен, яғни 900-жылдардан бастап, XX ғасырдың басына дейін мың жылдай қолдандық. Кейінгі кездері бұл жазу үлгісін шағатайлықтар көбірек пайдаланғандықтан, мұны «шағатай жазуы» деп те атайды. Шын мәнісінде бұл да көшпелі түркілер ислам мәдениетін қабылдағаннан кейін пайдаланған жазу үлгісі. Міне, арғы тарихын айтпағанның өзінде көшпелі түркілер – әлем өркениетіне ықпал еткен үш ірі жазу үлгісін қалыптастырған ұлыс. Ал бұл жазуларды ауыстырудың тарихи, діни және басқа да өз себептері болды. Бірақ бұл үш жазу үлгісі де түркі халықтарына ортақ, біртұтас болды. Мысалы, күні кешеге дейін, Абай, Шохандардың қолжазбаларын, хан сұлтандардың жазысқан хаттарын, А.Байтұрсынұлы төте жазуға өзгерткенге дейінгі жазбалардың барлығын қазақ жазса, татар, ноғай, қарақалпақ, өзбек, қырғыздың оқығандары толықтай түсінетін. Ортақ әліпби дегеніміздің өзі – осы. Кейіннен А.Байтұрсынұлы бұл жазудағы қолайсыздықтарды зерттеп, төте жазу үлгісін жариялады. Осыдан соң басқа да туысқан халықтар бізге еліктеп, төте жазу үлгісіне көшті. Алайда XX ғасырдың басында біз орыстардың отарына айналдық, сөйтіп, Түркияның түріктерінен алыстай бастадық. Олар біраз уақыт османлы жазуын пайдаланды. 1921 жылы Түрік Республикасын құрып, бұрынғы жазуынан бас тартып, латын әліпбиіне көшті. Ал орыстың қарамағындағы түркі халықтары біраз жыл А.Байтұрсынұлы үлгісіндегі төте жазуды пайдаланды, кейіннен латын әліпбиіне ырықсыз түрде көшірді. Одан соң Совет өкіметінің нығаюына байланысты өзінің қарамағындағы түркі халықтарын тұтас кирилл жазуына көшірді. Ал Совет өкіметі ыдыраған соң түркі халықтары мәдени рухани тұрғыдан тұтастыққа ұмтылды. Олардың алдында өздерінің ежелгі жазу үлгісіне көшу керек пе, әлде әлемнің қатынас құралына айналған латын әліпбиі негізіндегі әліпбиге көшу керек пе деген сұрақ тұрды. Туысқан ұлт ғалымдарды осы мәселені жиі талқыға салды. Біраз уақыттан соң, өзбек, әзербайжандар латын әліпбиіне көшті, бірақ әлі де жартылай кирилл жазуын пайдаланады. Қазақстан латын әліпбиіне көшеміз дегенімен, әлі көше алмай келеді. Бірақ менің ойымша, өзінің ежелгі төл жазуы бола тұра, бізбен тікелей қатысы жоқ латын әліпбиін қолданатындай біздің басымызға не күн туды? Сондықтан менің пікірім, латын әліпбиіне көшуге асықпау керек. Себебі латын әліпбиі әлемнің жазуына айналса да біздің тарихымызбен, мәдениетімізбен ешқандай қатысы жоқ. Өздерінің ұлттық жазуы бар араб, парсылар, қытайлар латын әліпбиіне көшкен жоқ, көшпейді де. Біз де дәл осы елдер секілді кезінде мәдениет жаратқан, өз жазуы бар қағанат деңгейіндегі ел болдық. Арада бірнеше ғасыр өз тізгініміз өз қолымыздан кеткенімен, тәуелсіздік алып, қайтадан тұғырымызға қондық. Сөйте тұра латын әліпбиіне көшпекшіміз. Латын әліпбиіне көшу – барлық түйткілді шешеді деу жадағай пікір. Ал егер түркі халықтарына ортақ жазу қажет болса, ата-бабамыздан қалған ежелгі жазуымызға көшу керек.

2. Қазіргі ұсынылып отырған ортақ әліпбиде 34 әріп бар. А.Байтұрсынұлының зерттеуінше, қазақ тілінде 28 ғана дыбыс бар, оны 24 таңбамен және дәйекшелермен жазған. Яғни мәселені оңай шешкен. Туыстас ұлттар ұзақ уақыт бір-бірінен бөлініп қалғандықтан, аздаған тілдік айырмашылық байқалады. Мысалы, оларда бар кейбір дыбыстар бізде жоқ немесе керісінше. Сондықтан бұл жерде туысқан ұлттардың мүддесіне қарай, әліпбидегі әріптердің саны көбейіп отыр. Сондай-ақ мұнда қайсы ұлттың тілі негіз етіліп отыр деген сұрақтың да басы ашылмаған. Себебі ортақ жазу болуы үшін ортақ тіл болуы қажет қой. Міне, осы жағы да бұлдыр. Сондықтан ортақ латын әліпбиінің дәл қазір біздің тіліміздің түркілік құнарын арттыратындай ықпалы болмайды. Өйткені ол көзге көрініп тұрған мәтін ғана.

3. Латын әліпбиіне көшу – айтыла-айтыла әбден ерқашты болған тақырып. Біздің халық әліпбиді бірнеше рет ауыстырудың қасіретін тартқан, одан да сабақ алатын кез келді. Өз тарихына қатысты жазба мұраларды түпнұсқадан тікелей оқып зерттей алмайды. Тарихтан бері ерікті-еріксіз түрде бірнеше рет әліпби ауыстырудан бүгінгі таңда өз жәдігеріміз өзімізге құбыжық сияқты болып көрінеді. Сондықтан әліпбиді түбінде бір ауыстыратынымыз шын болса да, тым салқынқандылықпен шешім қабылдауымыз керек. Яғни тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асқан халықтың ұлт ретінде бекемдеп, кемеліне келтіріп алуға тиісті өзге де мәселелері жетерлік. Қазіргі сәтте біз ондай кемеліне келе қойған елміз деу ерте. Ұлт болашағына тікелей әсер ететін бұл реформаны жеделдетуге күй-жайымыз келіңкіремейді. Мысалы, араб әліпбиі Османлы жазуынан латын графикасына асығыс көшкен Түркия түріктері ата-бабадан келе жатқан ң мен қ сынды түркілік дыбыстарынан айырылып қалды. Өзбекстан латын графикасына көшкелі ұзақ жылдар өтсе де, әлі кириллді қатар алып жүр. Тек елу пайыз жұртшылық қана латынша сауатты екенін өзбек ғалымдары мойындайды. 1930 жылы көшкен латын әліпбиіміз де жадағайлау жазу боп шыққан. Негізі бұл тақырыпты бір сауалнама көлемінде таратып айту мүмкін емес. Бірақ ол әліпбидің де жүйесіз, икемсіз тұстары баршылық. Қытайдағы қазақтар да жиі құбылған саяси реформалар жетегінде төтеден латынға, латыннан төтеге ауысқанын біреу білсе, біреу білмейді. Қытайдағы латын қарпімен оқып өскен бір буын әлі төте жазуды оқи алмайды. Не Қазақстанның кирилл қарпін білмейді. Ауғандағы, Ирандағы қазақтар да кирилл әрпін оқи алмайды. Енді соншама алуан түрлі, ала-құла жазумен оқып өскен қандастар Қазақ еліне келетін болса, олардың алдынан қазіргі кириллді және көшкелі отырған латынды үйрену деген проблема шығады. Мұны да ескерген жөн.

Ең дұрысы, экономикалық, саяси, ұлттық идеология жағынан еңсе көтеріп алған соң, бірегей бір жазуға көшкеніміз абзалырақ болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР