2424-11-23

Қазақ тілінде білім алып, әлемдік аренада танылу: шындық пен қиындықтар

Белгілі продюсер Айсәуле Әбілда Қазақстан қоғамында қазақ тілді оқушыларға жаны ашитынын жеткізді.

“Көп күндер бойы халықаралық жетістіктерге жеткен жастардың, әлемдік олимпиадалардың жеңімпаздарының, ең үздік университеттерге түскендердің 3-4 сағаттық сұхбаттарын тыңдап жүрмін. Көбі орыс тілді, ашық айтар болсақ. Егер «бәрі» деп айтсам, бір-екі мысал келтіріп, «осы дұрыс емес» деген пікір айтасыздар, бірақ шындық шындық болғасын. Оларға ақпарат ерте жетеді және көп, сонымен қатар сенімділігі жоғары. Тіпті, кейбір қазақ тілді балалар шетелден шақырту алғанның өзінде, ата-анасының оны жіберуге қаражаты болмай жатады, себебі қаржы мен билік көбіне орыс тілді ортада шоғырланған. Байдың баласы бай болып қалатын сияқты, солар шетелге алғашқы болып кетіп, өз көкжиектерін кеңейтеді, ал шынайы қазақ тілінде сөйлейтіндерге ақылды солар айтатын болады. Ал таза қазақ балалары…”-деп жазған болатын ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Оян, қазақ», «Ахмет – ұлт ұстазы» сияқты фильмдердің продюсері орыс тілді азаматтардың өз-өздеріне деген сенімділігі туралы пікір білдірді.

Енді, біздің тіліміз бен мәдениетіміз қазақ болғанымен, бала табиғи түрде орыс тіліне икемделіп өседі емес пе? Қазір сол балалардың олимпиадаға дайындалып, қатысуға немесе шетелде оқу үшін дайындалатын уақыты жетіп қалды. Ал оларды даярлайтындардың көбі – осы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары немесе солардың тәрбиелеген ұрпақтары, яғни орыс тілді жастар. Олар орысша білім алып, өзін сенімді сезініп, шетелге барып, сол жақта білімін шыңдайды. Ал елге келгенде шапан киіп, «шолпы – это…» деп бірдеңе айта қалса, біз таң қалып, ауызымызды ашып, көзімізді жұмып қараймыз емес пе? Сонда, қазақ тілді баланың сенімділігі мен даярлығы, әрине, орыс тілін меңгеріп, оны еркін қолданатындардың деңгейіне жете алмайды. Қазір мұндай «қалыптасқан жағдайға» байланысты, ата-аналардың көпшілігі балаларын орыс тілді мектептерге беруге шешім қабылдап отыр (кеше соңғы 8 жылда бұл көрсеткіш 70%-ға артқаны жайында мәлімет көрдім). Қазақ тілінің мәселесін көтергенде көбіне тұрмыстық деңгейде ғана сөйлесеміз, бірақ мәселе одан әлдеқайда тереңде, оны қайда барып, кімге айту керек екені белгісіз деп жазды Айсәуле Әбілда.

Ол бұл жағдайдың «бұдан тереңдеп кеткенін» атап өтті.

Бұл мәселе жақын арада шешімін таппауы мүмкін, бірақ егер «есті үкіметке» үн жететін болса, дәл қазір қазақ тілінде тәрбиеленіп жатқан балаларды ерте халықаралық олимпиадаларға дайындау, шетелде оқу мүмкіндіктерін ұсыну үшін барлық жағдайды жасау керек деп ойлайды. Гранттар бөлініп, арнайы бақылауға алынса, бұл балаларды да әлемдік жетістіктерге ерте араластырудың жолдарын табу қажет, деді продюсер.

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР