2424-11-21

Квадробика еріккеннің ермегі ме?

Осыдан тоғыз жыл бұрын Жапонияда пайда болып, кейін әлемнің бірқатар мемлекетінде тарала бастаған квадробика, яғни жануарларға еліктеушілер қозғалысы біздің елге де жетті. Бетіне аңның немесе малдың жүзі бейнеленген маска тағып, үстіне сол жануардың денесіне ұқсатып тіктірген костюм киіп, көшеде төртаяқтап жүрген квадробер-жеткіншектерді Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Орал, Тобыл қалаларында көргендер бар.

Квадробика – ерік­кеннің ермегі ме, әлде басқа себебі бар ма? Осы сұраққа жауап із­дегенде бала кезімізде ауыл­­­дағы құрдастарымыздың бі­реуі бізді күлдіру үшін жыл­қы болып кісінейтіні, тағы біреуі ит болып үретіні ойы­мызға оралды. Олардың бірін­шісін туған ата-анасы бола тұра, жақын туысы өзінің жал­ғыз ұлына серік болсын деп асырап алған еді. Алайда аға­сы­ның әйелі отырса опақ, тұ­рса сопақ деп жақтырмаған соң кейде қатты ренжіп, көзіне жас үйіріліп тұратын. Ал екін­ші құрдасымыздың әкесі ерте дүние салғандықтан, жетімдік көріп, ішсе асқа, кисе киімге жарымай, көбіне қабағы түйі­ліп, көңілсіз жүруші еді. Әй­теуір, екеуі де ер жете келе сол ерсілеу «өнерлерін» біржола доғарды.

Психологтер квадробика­мен өмірде әртүрлі қиындық көріп, іштей қиналып жүр­ген, әсіресе ата-анасының мейі­ріміне жарымай, олардан рухани тұрғыда алшақтап кеткен жеткіншектер жиі әуестенеді деген пікір айтады. Олардың өздері таңдаған жануардың образынан мүлдем шыға алмай қалу қаупі де бар көрінеді. Жас квадроберлерді, әсіресе, қатарластары жақтырмай, келеке қылып, дөрекілік көрсе­теді екен. Оларға тек егде тарт­қан адамдар мен кішкен­тай балалар ғана жақсы қарайтын болып шықты.

Ал дәрігерлердің көбі квадробика жасөспірімдердің әлсіз ағзасына теріс әсер етеді деп санайды. Төртаяқтап жүру қолдың бұлшық етіне шама­дан тыс салмақ түсіріп, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Ең қауіптісі – квадро­бер­лердің жануарларға арнал­ған тағамдарды жеуге дейін баратыны. Себебі ондай тағам­дар көбіне адам ағзасы сіңіре алмайтын ингредиенттерден жасалады.

Уикипедияның мәліметіне қарағанда, квадроберлер қоз­ғалысының бастауында жа­по­­ниялық Кенити Ито тұр. Ба­­ла кезінде оның кескіні ме­­шін­ге ұқсағандықтан, құр­дастары «маймыл» деп ма­зақтапты. Ақыры ол хайуанат­тар паркінде көз ілеспес шап­шаңдықпен жүгіріп-секі­ріп жүрген мартышканы көріп, соған еліктеп төртаяқтауға көшкен. Сөйтіп, 2015 жылы төртаяқтап жүгі­руден әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кі­табына енген және «Маймыл-адам» деген лақап атқа ие болған.

Кенити Ито стадионда ғана жаттықпай, көшеде де май­мылша төртаяқтап жүреді екен. Осы қылығын қоғамдық тәр­тіпті бұзу деп санаған поли­цейлер Маймыл-адамды бір­неше күн оқшаулағышқа қамап қойыпты. Одан шық­қан соң тауға кетіп, сонда жат­тығып жүргенінде бір аңшы қабан екен деп қалып, атып өлтіре жаздапты. Бағына орай, оны көздеп атылған оқ мүлт кеткен.

Кенити Итоға еліктеуші­лер қатары жылдан-жылға артып бара жатқанына қара­мас­тан, квадробика ресми спорт түріне жатқызылған жоқ. Subcultura, яғни астыңғы мә­­дениет болып саналады. Оған, негізінен, 7-14 жас ара­лығындағы жеткіншектер үйір келеді. Олар квадроби­каны көңіл көтеретін хобби, яғни ермек деп түсінеді.

Квадроберлер қозғалысы биыл Ресейде кең өріс ала бастапты. Сарапшылар мұ­ны ресейліктердің үй жануарларына отбасы мүшесі ретінде қарайтынымен байланыстырады. Көрші елде арнайы жүргізілген сауал­на­ма балалардың көбі ата-ана­­ларының өздеріне деген сүйіс­­пеншілігін суытпау үшін олардың сүйкімді иттері мен мысықтарының кейпі­не кі­руді жөн санайтынын көрсет­кен. Тіпті еліктеген жа­нуа­рына ұқсағысы келіп, бетіне пластикалық операция жасат­қан жеткіншектер де бар. Ал кейбір ата-аналардың квадро­бикаға қызығушылығы шектен шығып кеткен. Мәс­кеу облы­сында бір әйел ветери­нар­лық клиникаға квадробер-қызын апарып, оған жануарға арналған екпені салдыруды сұраған. Омбы қаласында тағы бір әйел өз баласының мой­нына қарғыбау тағып, көше­де итше жетектеп жүр­гені көр­сетілген бейнежазба әлеу­меттік желіде тарап кеткен.

Ашулы арыстан, ызбарлы жолбарыс, қабаған ит сияқты образдарға жан-тәнімен бері­ле енген жеткіншектердің ара­сында көшеде кетіп бара жат­қан адамдарды «жемтік» көріп тиісіп, денелерін тіс­теп-тырнап тастағандар да бар. Осындай әрекетке бар­ған квадроберлерді Ресей­дің Қазан, Кузбастағы Про­копьевск және Березники қала­ларында жергілікті оқушылар «тәртіпке шақырып», күш көрсеткен.

Квадроберлер Өзбекстанда да пайда болып қана қоймай, бұзақылық жасап үлгерді. Биылғы 11 қазанда Ташкент қаласында иттің басы бейнеленген маска киген жеткіншек жолаушыларға шабуыл жаса­ған. Осы жағымсыз жайтқа байланысты көрші елдің Ішкі істер министрлігі ата-аналарға балаларының тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігін қа­таң ескертті. Ал Ресейдің Мемле­кеттік Думасында квадробиканы насихаттауға тыйым салу туралы заң жобасы әзір­леніп жатыр. Ресей православие шіркеуінің өкілдері квадроберлер қозғалысын жат идеологиялық ағым ретін­де тоқтату қажет деген ұстаным­дарын жария етті.

Сарапшылардың пікірін­ше, ата-аналар балаларының квадробикаға қызығушылық танытуына тыйым салмас бұрын, оның себебін сұ­рап білгені дұрыс болады. Содан соң жеткіншектің ру­хани қажеттілігін қанағат­тандырудың балама жолын ұсынуы қажет.

Табиғат зерттеушісі Чарльз Дарвиннің маймыл эво­люциялық жолмен адам­ға айналды деген теория­сы бар. Жиырма бірінші ға­сыр­да адамның қайтадан жануарға айналғысы келуі – жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да квадробика елімізде әзірге кеңінен тара­лып кетпей тұрғанда, осы құбы­лысқа жете мән беріп, оның теріс салдарының алдын алуды көп болып ойлас­тыр­ғанымыз жөн.

 

Кәрібай МҰСЫРМАН

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР