2424-11-22

Биыл Астанада 24 мектеп пайдалануға беріледі

Осы жылы сондай-ақ қалаға тиесілі емдеу мекемелерін көбейту көзделіп отыр. Қаланың әлеуметтік қажеттілігін өтеумен қатар, абаттандыру жағы да ұмыт қалмаған. Биыл үй аулалары мен саябақтарды жаңғырту жұмысына жан біткен. Бұл шаруа келер жылы да ширайды. Бұл туралы Jibel Joly телеарнасының жаңалықтарында айтылды.

«Адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алу керек. Президент елорданы дамыту және абаттандыру кезінде соған баса мән беруді тапсырған. Мысалы көптен бос жатқан «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығының маңы саябаққа айналып шыға келді. Бірақ, сол аумаққа қатысты басқалай ұсыныстар да болған.

– Қонаев пен Достық көшелерінде машиналар көп өтеді, кептеліс бар. Ол жерде сауда орталықты да салуға ұсыныс болған, тұрғын үйді де. Көптеген ұсыныстар болды. Президент оны интернетте оқып, осындай тапсырма берген, – дейді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек. 

Сондай-ақ алдағы жылы қаланың шет аумақтарына да көңіл бөліп, көркейту көзделіп отыр.

– Осы аумақты абаттандыру жұмысы аяқталуға жақын. Бұнда 600-ден аса тал отырғызылған. Келер көктемде төңіректі көгерту жалғасады. Жалпы қала бойынша 40-қа жуық саябақ ашылып жатыр. 140-тан аса үй ауласы жөнге келтірілді. 2025 жылға да сондай жоспар. 6 аудан толық абаттандырылады. Өзгеріс көзге ұрып тұр, – дейді тұрғындар.

Астанаға қоныс аударушылар да көп. Соңғы 3 жылда 200 мың тұрғынға толыққан. Демек, әлеуметтік нысандарға да сұраныс артады. Биыл 32 мектеп құрылысы басталған. Балабақшалар да, емдеу мекемелері де керек.

– Биыл Астанада 1 млн.нан аса көшет отырғызылды. Жалпы, қала аудандарының әкімдіктері урбанистика орталығы үнемі бірлесіп жұмыс істейді. Елордамыздың инфрақұрылымдық сапасының өсуіне ықпал ету үшін кеңес береміз, – деді Урбанистика орталығы басшысының орынбасары Бақтияр Бекенов.

Астана әкімінің айтуынша, биыл 32 мектеп құрылысын бастап, 24-ін жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

– 24 мектеп деген ол кемі 3 мың мұғалім. Ол мұғалімдерді дайындау керек. Тек қана мына тікелей қалаға арналған ауруханалар соңғысы 12-13 жылдары салынған. Қазір салынып жатқандары республикалық маңызы бар орталықтар. Енді олар да төсек орындарын беріп жатыр. Бірақ, тек қалаға арналған ауруханалар құрылысы биыл басталды, – дейді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Астана – ең интеллектуалды қоғамдастықтың бірі ретінде озық 21 қаланың сапында тұр. Дүние жүзінің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдаған. ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанды. Бірақ, бұндай үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермеуі мүмкін. Сондықтан алдымен тұрғындарға жағымды, қонақтарға қолайлы болуы маңызды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР