Кейінгі жылдары ел өңірлерінде қосымша білім беру орталықтары көп ашылып жатыр. Бірақ «finprom.kz» сарапшылары статистика мен аймақтық ерекшеліктерге назар аудару қажеттігін алға тартып отыр. Мысалы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстанда мұндай орталықтар саны республикалық орташа көрсеткіштен екі есеге артық болса, халқы өте тығыз орналасқан Алматы, Түркістан, Жетісу облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында көрсеткіш өте төмен. Осылайша елімізде мектеп оқушыларын қосымша біліммен қамту 29 пайызды құрайды. Ал білім мен мәдениет ошағы саналатын Алматының өзінде мұндай орталықтарға баратын балалар саны 10 пайыздан сәл ғана асады.
Президент тапсырмасына орай биылғы оқу жылында 3 млн-нан астам баланы қосымша біліммен қамту көзделген. Қазіргі таңда балалар ғылыми-техникалық, музыкалық, көркем-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік педагогикалық және тағы басқа да бағыттардағы 1713 мектептен тыс ұйымдағы 380 үйірмеге қатысу мүмкіндігіне ие.
Балалардың шығармашылық қабілетін оятып, еңбек етуге, өнерге баулитын орталық жетекшісі кәсіпкер Жанат Сманқұлова бүгінгі және болашақтың мамандарын тұлғалық, интеллектуалдық, кәсіби сапалық жағынан әлемдік бәсекеге қабілетті етіп даярлау, білім мен тәрбие мазмұнының сапасына тікелей байланысты екенін алға тартады. «Елімізде жұмыс істеп жатқан қосымша білім беру орталықтарының арасында кәсіби бәсекелестік қалыптаспаған, жүзден аса бала қабылдап алған орталықтарда баланың білім сапасына назар аударып жатқан ешкім жоқ» деген ойын ашық жеткізді. Мысалы, былтыр өзі басшылық еткен «Білім және жаңа инновациялық орталығына» роботтехника бойынша 35 бала қабылданған. «Біз балаларды оқытып қана қоймай, республикалық, халықаралық чемпионаттарға алып шықтық. Мамандарымыздың қолдауымен оқушылар роботтехникадан тың жобаларын ұсынды» дейді орталық басшысы.
Чемпионат ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) саласындағы дағдыларды дамытуды, аталған салаларда шет мемлекеттер командаларымен тәжірибе алмасу, сонымен бірге халықаралық байланыстар мен жастар арасындағы достықты нығайтуды көздейді. Бұл чемпионатқа еліміздің барлық аймағы мен бірқатар шет мемлекеттерден 30-40 команда, яғни 250-ден астам мектеп оқушысы қатысып, жас санаты бойынша біріншілік үшін сайысқа түсті.
Орталық мамандары мұндай шаралардың роботтехника саласындағы бірегей тәжірибе алмасуға және оқушыларды шабыттандыратын алаң екенін айтады. Сайысқа қатысатын жас зерделілер өз шеберліктерін көрсетіп, жаңа технологиялардың болашақтағы көшбасшысы болуына мүмкіндік алады. Жетістікке жетуде олардың инновациялық шешімдері мен командада тиімді жұмыс істеу қабілеті маңызды рөл атқарды. Мұндай жарыстар шығармашылық және аналитикалық дағдыларын шыңдайды әрі оқушылардың роботтехника бойынша халықаралық турнирдегі жетістігі барлық қатысушы үшін зор мақтаныш. Егер де еліміздегі орталықтар жұмысы дұрыс басқарылатын болса, олардың нәтижесі де керемет болатыны анық.
– Қосымша білім беру орталықтарын халықаралық байқаулар мен олимпиадаларға шығару деңгейіне қарай бағалай отырып, қаражатты бала санына беру кезінде осы көрсеткішке басты назар аудару қажет. Тапсырыс беруші мемлекет болса, орындаушыдан, яғни кәсіпкерлерден нәтиже талап етілгені жөн. Мысалы, роботтехника орталықтарында жабдықтар да қымбатқа түсетіні белгілі. Балаларын ақы төлеп оқытып жатқан ата-аналар да бар. Бірақ қосымша білім беру кезінде баланы ата-анасы ақша төлеген, не болмаса, мемлекет ақшасын төлеген деп екіге жарып білім бере алмаймыз. Мысалы, мемлекет тарапынан бір балаға ғылыми-техникалық бағыт бойынша 17 мың төленеді. Бұл әрине, өте аз. Алайда бүгінде ақылы қосымша білім беру орталықтарын ашып алып, бизнес мақсатында іске асырып отыра беру, баланың болашағына қиянат жасаумен бірдей. Сол үшін қосымша білім беру орталықтарына «бір жылда қандай нәтиже бере аласың, оқушыларды қабілетіне қарай белгілі бір сала бойынша аудандық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға шығарасың» дегендей талап қойылу керек. Егер де жақсы нәтиже шықпайтын болса, онда қосымша оқу орталықтарына мемлекеттен қаржы бөлудің қажет шамалы. Ал білім басқармаларында қосымша білім беру орталықтарының жұмысына қатысты статистика жасау жүйесін жолға қою арқылы сапаны бақылауға болады. Орталық ашу баланың бос уақытын тиімді пайдалануға емес, қабілетін ашумен қатар жаңа заманға бейім, еңбексүйгіш, білімге құштар азамат етіп шығаруға бағытталуға тиіс. Соңғы кезде роботтехникаға балалардың қызығушылығы артып келеді. Оның республикалық, халықаралық жарыстардың нәтижесінен көріп жүрміз. Оқушылардың бұл бағыттағы талабы қуантады. Міне, осы ретте жаратылыстану және де гуманитарлық пәндерін оқытатын қосымша білім беру орталықтары да осындай жоғары нәтижеге жетуге талпынуға тиіс, – дейді Ж.Сманқұлова.
Оқу-ағарту министрлігі қосымша білім беру жүйесін дамытуда кешенді жұмыстарды қолға алып, балаларды сауықтыру, олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде келер жылға дейін ауылдық мектептерде де мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының 1 мың комьюнити-орталықтарын ашпақшы. Ал елімізде 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланып отыр.
Бірақ осындай қарқынды жұмыстарға қарамастан, еліміздегі қосымша білім беру орталықтарының жұмысы сын көтермейді. Мамандар пікірінше, қосымша білім беру орталықтарының бірқатары өзінің кәсіби деңгейіне сай емес. Ал балалардың талабын, талантын ашуға тырысып жатқан орталықтар осы қою шаңның ішінде қалып қойып отыр. Сондықтан қосымша білім беру орталықтарының бағдарламасын күшейтумен қатар, рейтингін анықтауда ашықтық қажет.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ
АЛМАТЫ