26.04.2024

Асхат Алимов. Балаға еңбек сіңіру керек!

Өткен жылы бір аудан орталығындағы Лұтбек (келтірілген есімдердің барлығы да өзгертілген) есімді мектеп директорынан мынандай әңгіме естіген едім.

— 90-шы жылдардың бас шенінде ауылдағы немістердің барлығы дерлік ата қонысы Германияға үдере көше бастады. Олардың көшкенінен біз арзан үй, жиһаз, техника мен малға қарық болып қалдық. Әсіресе немістердің күніне 30-50 литрдей сүт беретін сиырларына ие болып қалғанымызға ырзамыз. Алайда 1-2 аптадан кейін ел арасында күңкіл әңгіме шықты: «Немістер алдап кетті! Сиырлары ешқандай да 30-50 литр сүт бермей, өзіміздің сиырлар сияқты күніне небәрі 5-10 литрдей ғана сүт береді екен! Алдап кетті: бізге нашар сиырларын сатып, жақсы сиырларын басқа жаққа сатып жібергені қалай?!» Ел іші осындай әңгімеге толы. Немістерді біраз жерге апарып та тастадық. Осыған шыдамады, білем, аудандағы бір алқалы жиында арамызда қалған соңғы неміс Рихард Альбертович Краузе деген мектеп директоры сөз алып, мінбеге шығып былай деді (ол кісі қазақша мақал-мәтелдеп сөйлегенде, өзімізді жаңылдыратын!):

— Ей, қазақ бауырларым! Сіздер немістерден алған сиырларға дұрыс қарап жүрген жоқсыздар! Сіздер сиыр өрісте қоректенеді деп ойлайсыздар, өрістен өзі-ақ тамақ табады деп есептейсіздер! Сондықтан да азанда сиырды өріске айдап салғанда «Өріске барып тойып келеді!» деп оған жем бермейсіздер, кешке де «Өрістен тойып келді!» деп қайтадан сиырды арпа-жармамен ауқаттандырмайсыздар! Ал шынтуайтқа келгенде сиыр өріске серуендеп келу үшін ғана шығады, өйткені ол көк шөптен тояттамайды. Сиырға таңертең, кешке және қажет болса түні бойы кең-молынан жем бергенде ғана ол күніне 30-50 литрден сүт береді! Сіздер сиырдың қоректенуін сиырдың өзіне беріп қойғансыздар! Жоқ, ол дұрыс емес! Ол іспен өздеріңіз айналысыңыздар! Мол сүт автоматты түрде пайда болмайды, ол тынымсыз еңбек пен тер төгудің нәтижесінің нәтижесі ғана! Сүтті көптеп сауамын десеңіздер сиырларыңызға үнемдемей жем беріңіздер! Оларға аянбай еңбек сіңірсеңіздер ғана күніне 50 литр сүт аласыздар! – деп ашына сөйледі.

Міне, дәп осылай: біз тіпті сиырларға өздерін өздері қоректенуді міндеттеп қойғанбыз. Әттең, сиырлар өздерін-өзі сауа алмайды, қораны тазалай алмайды, әйтпесе бұл жұмысты да оларға жүктеп қойған ба едік?!.

Тұрсынбек Қабатов бір әзілінде ауылындағы өрістен қайтқан орыс пен қазақтың сиырларын былай деп салыстырған еді ғой: орыс кемпірдің өзі сияқты дөңгеленген семіз сиыры маң-маң басып келе жатқанда, қазақтардың подиумдағы модельдер секілді арық сиырлары құлап қалмайын деп бір-бірін сүйемелдей, сүріне-қабына алға әрең жылжиды.
Күлеміз сол әзілге. Алайда, кімге күліп тұрмыз сонда?..

Автоматты түрде ешнәрсе өздігінен пайда болмайды, дайын түрде берілмейді! Бір нәрсе пайда болу үшін, бірдеңені иемдену үшін еңбектену керек, тынымсыз мехнаттану қажет, ащы тер төгу керек, мұрынды қанату қажет! Кез келген қалауымызды орындайтын Аладдиннің сиқырлы шамы, алтын балық, «Піс, қазаным!» мен «Ұр, тақпақ!» тек ертегілерде ғана болады. Өмірде ондайдар жоқ! Бәріне де өзіміз жетуіміз керек.

«Студент кезімізде Байғали есімді бір курстасымызда сабаққа дайындалу, кітап оқу дегенге зауқы кемшіндеу болатын. Ол ылғи да сессия кезінде былай деп армандайтын: «Шіркін! Емтихан алдында бірнеше кітапты басыма жастап алып ұйықтап, таңертең сол кітаптардың барлығы да миымда сайрап тұрса ғой!» Алайда емтиханға дайындалуға ерінетін. Оның мұндай қылығын тіпті философиядан дәріс беретін Қуандық ағай «байғализм» деп атап, бәрімізді бір күлдіргені бар еді» деп әңгімелеп еді бірде Самат деген әріптесіміз.

Бала тәрбиелеуде де арзан жолды таңдауға болмас. Балаларымыз біздің әрекеттерімсіз өздері-ақ «автоматты» түрде тәрбиелене салмайды. Бұл істе «байғализмге» жол бермеу керек!

Бүгінде мен қоғамда мынаны байқап жүрген тәріздімін (мүмкін қателесетін де болармын: ондай болса – мені түзетерсіздер деп ойлаймын). Біз балаға тер төккіміз келмейді, еңбек сіңіргіміз келмейді: ата-аналар өз міндеттерін мектепке ысырып, ал мұғалімдер барлық мәселені ата-аналарға итеріп отырған жоқ па екен? Футбол ойыны сияқты. Доптың орнында – бала.

Көз алдыма мынандай картина елестейді. «Баланы сіздер үйретіп, тәрбиелеулеріңіз керек! Мемлекет бұл үшін сіздерге ақша төлейді!» деп ата-аналар баланы мектепке қарай ысырады. «Жоқ, жоқ! Балаларыңызды өздеріңіз үйретіп, тәрбиелеңіздер! Өйткені ол мектепте небәрі 6 сағат болады, ал қалған уақытын үйде өткізеді!» деп мектеп баланы кейін итереді.

Бүгінде балаға ықпал жасайтын төрт орта бар: отбасы, мектеп, көше (аула) және виртуалды орта. Ата-ана мен мектеп бала тәрбиесі тұрғысында бастары мен ұмтылыстарын біріктіре алмай, бір-бірімен ортақ мәмілеге келе алмай, бірін-бірі кінәлап, бір-біріне міндеттерді үйіп-төгіп жатқанда балаларымыз бұл дау-дамайдың аяғын күтпей, ақырын-ақырын жылысып көше мен виртуалды ортаның жетегінде кетіп қалған сыңайда. Олай емес пе?..

Енді оларды қайтару қиынның қиыны болар!
Баламыз болсын десек, оған ерен еңбек сіңіру керек. «Балаға жасалатын инвестициялар 5 есе болып қайтады» деген қағиданы ескере отырып, балаларыымызға еңбегімізді, қаражатымызды, уақытымызды, күш-жігерімізді аямайық: ертең олардың барлығы да 5 еселеніп қайтады өзімізге!

Құрдасым Мұрат былай деген еді:
— Алғашқы немерем дүниеге келгенде мен бала-шағама былай деп айттым: «Нәрестені ылғи да көтеріп, қолға үйрету керек!» Әйелім мен келінім: «Қолға үйретсек, онда өзіміз қиналамыз ғой!» деп шу ете қалды. Мен «Иә, қиналамыз! Өйткені бұл – өзіміздің бала ғой, бөтеннің емес! Бірақ қиналмасақ, балаға тер төкпесек, еңбек сіңірмесек, одан не күтуге болады?! Бала 8-9 айында еңбектеп үйренгенге дейін қолдан түсірмейміз, қиналамыз! Қолдың жылуын сезініп өскен бала мейірімді болады, ондай бала тез ширайды! Ал еңбектей бастағаннан кейін бала өздігімен-ақ қыбырлайды! Ол енді қолға сұранбайды, оны енді көтеруді доғарамыз!» дедім. Осыған тоқтадық. Шындығында да немерем 8 айға жеткенше қиналдық. Немерем де, тіфә, тіфә, балпанақтай болды. Бірақ үйде атасы мен әжесі, әкесі мен анасы бар: қолымыз бос бола қалса, баланы көтереміз. Рас, қиналдық! Бірақ немерем еңбектей бастағаннан соң оны қолға көтеруді азайттық, сәлден кейін тіпті де доғардық. Есесіне немерем тез ширады.

Дәл осылай балаларымызға, оқушыларымызға ешнәрсені аямайық. Шаршамай, талмай, шексіз сабырлық пен шыдамдылықпен олармен бірге еңбектенейік, оқиық, үйренейік, ойнайық, ойлайық, армандайық, пікірлесейік. Тек біздің тіке қатысуымыз арқылы ғана олар қомақты жетістіктерге қол жеткізе алады.

Асхат Алимов. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығында аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА