2424-11-21

«Мақсатты мектеп» жобасының идеясы дұрыс болғанымен, атқарылу жолы шикі

Қазір еліміздің 943 мектебін «Мақсатты мектеп» жобасы әуреге салып жатқан секілді. Бұл жоба қыркүйек айының басында «Нысаналы мектеп» деп аталды. Кейіннен мұны мұғалімдер түсінбей, әлеуметтік желіде шулаған соң атауы «Мақсатты мектеп» деп өзгертілді. Бұл жобаға біздің мектеп кірмеген соң әуелгіде назар аудармадым. 14 қыркүйек күні Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан бір топ мұғалім көмек сұрап хабарласты. «Бізге сабақ үстінде онлайн курс өтуге мәжбүрлеп жатыр» дегенді айтты. Содан Шымкент қаласында біраз мұғалімді жинадым. Білуімше, Шымкенттің өзінен бұл жобаға 40 мектеп еніпті. Ұстаздардың пікірін тыңдай келе, олардың жанайқайын түсінгендей болдым.

Біріншіден, бұл жобаға қанша қаржы бөлінгені айтылмаған. Екіншіден, «жобаның мақсаты – артта қалған мектептердің білім сапасын көтеру» делінген. Бұл қандай критерийлермен анықталды, бұл жағы да белгісіз. Бұл ойымды әлеуметтік желіге де жарияладым. Екі-үш күннен кейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек шақырып, жобаға қатысты көзқарасымды сұрады. «Жобаның мақсаты – білім сапасын көтеру» делінген. Оған ешкім қарсы емес. Бірақ бізге түсініксізі – жобаның орындалу, іске асу жолы.

Мәселен, жұмыс беруші жұмыскерден сапалы, өнімді еңбек талап ету үшін алдымен жағдай жасау керек. Мектепте материалдық жағдай министрдің Тамыз конференциясында айтқанындай, жарқырап тұрмағанын жеткіздім. Шынында да, интернеттің өзі қолжетімсіз. Мектепте интерактивті тақтаны қосу үшін әр мұғалім өз телефонымен кіреді. Себебі, мектеп интернет желісімен толық жабдықталмаған. Әкімнің орынбасарына жобаны іске асыруға байланысты ұсыныс дайындап жатқанымызды айтып, «жоғары жаққа жеткізіңіз» дедім. Содан көп ұзамай Оқу-ағарту министрлігінен Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова Шымкент қаласына келіп, кездесу ұйымдастырды. Тағы да осы пікірімізді қайталап, «Жобаның ниеті дұрыс болғанымен, іске асыру жолы күмәнді екенін, тыңдайтын құлақ болса, біз-ақ ұсыныс дайындап беретінімізді тәптіштеп айттық. Ол осының бәрін жоғары жаққа жеткізем деді. Бірақ біздің пікірімізбен ешкім санаспаған сияқты.

Шынында да, мұғалім сабақ үстінде «Өрлеудің» курсынан қалай өтеді? Курстың көбі таңертеңгі уақытқа қойылған. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, мұғалім бір мезетте сабақ беріп, екінші жағынан курсты қалай тыңдайды? Амал жоқ, көзбояушылыққа барады. Сенсеңіз, жоғары жақтан тапсырма бергендер «Шымкенттен, Түркістаннан аз мұғалім қатысып жатыр. Сабақ үстінде телефон қоса салыңдар. Zoom-да көрініп тұрса, болды» депті. 

Шамамен бір айдан кейін мұғалімдер «жоба тоқтатылсын» деп петицияға қол жинай бастады. Егер әу баста қыркүйектің ортасында мәселе көтерілген кезде мұғалімдер үніне құлақ асып, «Қандай ұсыныстарыңыз бар?» деп сұраса, бұл петиция жарияланбауы мүмкін еді. Бұлар соған жеткізді. Өткен аптада Астана қаласынан орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев бастаған топ келіп, түсіндірмекші болды. Мұғалімдер оны жан-жақтан қыспаққа алды.

Тағы бір айта кетерлігі, петицияға қол қойған мұғалімдерге қысым жасалып жатыр. Соның бәрін Қаныбек Жұмашевқа: «Президент елде демократиялық қоғам орнатамыз дейді. Конституцияда сөз бостандығына ерік берілген. Ұстаз қауымы бар болғаны жоба енгізілмес бұрын педагогтар қауымдастығының талқылауына түсуі керек еді дегенді алға тартуда», – деп айттым. Әңгіменің ашығы, жобаның идеясы дұрыс болғанымен, атқарылу жолы шикі.

 

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейдің мұғалімі,
«Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР