2424-12-03

Білім шыңы шетелде ме?

Жастар ел өркениетіне тікелей ықпал етеді. Білімді ұрпақ мем­ле­кеттің болашақ траекториясын жүйелейді. Кейінгі уақыт­та­ жас буынның шетелге оқуға кетуі, көшуі жиіледі. Еліміздің бі­лім­ді жастарына шетелден сұраныс та жоғары. Әлемнің түк­пір-түкпірінде білім алып, алпауыт компанияларда еңбек етіп жүр­ген қазақ баласы көп. Осы жылы да шетелден шақырту алған­­дардың қарасы – біршама. Көзге түскен екеуімен тілдесіп қал­дық.

Білім шыңы шетелде ме?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Еліміздегі білім саласы жыл санап дамып келеді. Бірақ білім көкжиегі кең өрендер шетел асып кетуге асық. Әуелі осы үрдіс­ке ғылыми көзқараспен қарап көрейікші. Жастардың әлеу­меттік-саяси ахуалы мигра­ция­лық көңіл күйіне әсер ететіні бесе­неден белгілі. Осы мәселені Фрид­рих Эберт қоры зерттеген еді. Біз білім саласына үңілейік. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес Қазақстан жастарының басым бөлігі елде оқығысы келеді. Бірақ «шетелде оқу – білім жетіл­дірудің, жақсы жұмыс табудың бірден-бір амалы» деп ойлайтындар да жетеді. Әсіресе Батыс елдерінде білім алу – мәртебе. Сондықтан жастардың көбі Батыс елдеріне ұмтылады. Қордың деректеріне сүйенсек, Қазақстан жастары «Шетелде оқуға (оқуыңызды жалғастыруға) мүмкіндігіңіз болса, қай елді таңдар едіңіз?» деген сұраққа жауап берген кезде, Батыс елдеріне басымдық берген. Статистика бойынша, АҚШ-та білім алғысы келетіндер – 29 пайыз, ал Еуропалық Одақтың білім жүйесін озық көретіндер – 23,4 пайыз, Ресейде оқығысы келетіндер 23,3 пайыз­ болған.

пр

«Есімде, күн сайын пош­тамды қобалжу сезімімен аша­тынмын. Өйткені кез келген уақытта менің оқуға қабылданғаным не­месе қабыл­данбағаным тура­лы хат келуі мүмкін. Мен компью­­­тер­лік ғылымды таңда­дым. Он­ко­­­логиялық аурулармен күре­су­ге көмектесетін заттар мен бағ­­дар­­ламалар жасағым келеді. Ком­пьютерлік ғылымның негі­зін­­де адамзаттың болашағы тұр­ға­­нына сенімдімін», дейді 11-сы­­нып оқушысы Алексей Ким.

Иә, қазір шетелде білім аламын деген мақсаты барлар баршылық. Мақсатына жетуге тырмысып жүргендер де көп. Солардың бірі – Шымкентте оқи­тын Алексей Ким. Оны әлем­нің үздік 8 жоғары оқу орны білім алуға шақырған. 17 жастағы Алек­сей бірнеше шетелдік оқу орны­на ынталандыру хат жіберіп, өті­ніш берген. Оны мына білім орда­лары қабылдап, грант ұсынған: «Stony Brook University», «Baruch College», «City College of New-York», «Brooklyn College» (Нью­-Йорк, АҚШ); «Сенека» кол­­леджі (Торонто), «Виннипег» уни­вер­си­теті, «Томпсон өзендері» уни­верситеті (Камплус), «Оңтүс­тік Уэльс Университеті» (Карди­фф).

Талапкер әзір университет таңдаған жоқ. Бірақ әлемдегі ең жақсы университеттердің 1 пайызына кіретін «Stony Brook» университетін жобалап отыр. Оқуға түсу кезінде оның ынталандыру хаты мен мектептен тыс белсенділігі көп нәрсені шешкен. Ол үнемі ізденіс үстінде жүрген. IT компаниясынан тағы­лым­дамадан өтіп, Оңтүстік Корея­да­ғы лагерьге мәдени алмасу арқылы барған, ерікті болған, олим­пиадаларға қатысқан. Оның ай­туынша, шетелдік жоғары оқу орын­­дарына түсу мүлдем қиын емес. Тек дайындықты алдын ала бас­­тау керек. Мысалы, ол тек 10-сы­нып­та оқи бастаған. Қазір мек­­теп бітіруге дайындалып, виза жұмыстарын реттестіріп жатыр.

Талдықорған қаласындағы Назар­баев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірлан Қай­нар­беков те білімімен озып тұр. Ол Шан­хайдағы Нью-Йорк уни­вер­­ситетінен оқуға грант ұтып алды. Қазақ баласы әлемдегі ең үздік жүз университеттің қа­та­­ры­на кіретін оқу орнында «Ком­­­­­пью­терлік технологиялар» фа­куль­­тетінде оқуды жоспарлап отыр.

авп

«Бұл – гуманитарлық өнер университеті. Яғни олар тапсыратын мамандықтардан бөлек, қызығушылық танытатын курс­тарды таңдауға мүмкіндік бар. Тех­никалық мамандықты таң­дасам да, университет тарих, өзін-өзі тану сынды курстардан өтуге ынталандырады. Маған жан-жақты болған ұнайды. Кез келген маман өз саласында кәсіби білімі болуымен қатар, адамдармен жұмыс істей білуі керек деп есептеймін. Жалпы, әрқашан оқу керек. Сонымен қатар университет қолайлы жағдай жасайды, оқу үлгерімі үшін ынталандыру бар. Мысалы, сессия кезінде универ­си­теттің басқа филиалдарына, Абу-Дабиге, Нью-Йоркке бару­ға мүмкіндік бар», дейді Әмірлан.

Әмірланды жетістікке жетелеген – арманы. Ол шетелге оқуға түскен аға буыннан ша­быт алған. Өзінің айтуынша, оның жігерін жаныған өзі оқи­тын мектептің түлектері екен. Оның ішінде Гарвардқа, MIT-ге түс­кен Антон Моргунов, Сезім Ертанатов, Нұрсұлтан Ерланұлы, Әмір Әбділдин бар. Бір қызығы, олар ел асып кеткенде, Әмірлан 7-сыныпта оқыған. «Мен қатты таңғалдым әрі бұл маған үлкен шабыт берді. Осының бәріне қол жеткізуге болатынын сол кезде алғаш рет түсіндім. Мен де басқа оқушыларға үлгі боламын деп нық шештім», деді ол. Жолы ақ болғай.

Тағы да бір қызық зерттеу бар. Ол «Зарубежная образова­тель­ная траектория казахстанцев: между стереотипами и прагматизмом» деп аталады. Онда отан­дастарымыздың шетелге білім алуға кетудегі мотивтері жан-жақты талданған. Зерттей келе, білім миграциясына репутация мен имидж факторы тікелей әсер ететіні анықталған. Атал­ған зерттеуге қатысқан сту­денттер отандық білім беру жүйе­сіне көңілі толмайтынын және жоғары стандарттарға сай келмейтінін айтқан. Екінші фактор – шетелдік оқу орындарының тартымдылығы. Жастар шетелге білім алуға әрі жаңа мүмкіндіктер есігін ашамыз деген оймен кетеді.

Қазақ жастарының сапалы білім алып өскені жақсы. Бірақ шам жарығы түбіне түспейтінін ойла­саң, өзің ой түбіне түсесің. Сол баяғы «шетелден киген шек­пе­­нін өз еліне жапса ғой» дейсің.

Елігімай ТӨҢКЕР

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР