27.04.2024

Мұғалім мамандығына көзқарас түбегейлі өзгермей, үйренген жартасымызға барып күнде айғай сала береміз

Сараш Сахиқызы Қоңырбаева

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

«Жалпы педагогика» кафедрасының

қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к.

— Сараш Сахиқызы, жақында ғана мұсылманға парыз болған қажылықты, умра-қажылықты атқарып келдіңіз. Қабыл болсын!

Иә, рақмет! Алла разы болсын! Өзін мұсылманмын дейтін адамға үлкен қуаныш сыйлайтын мекен ғой бұл. Білген адамға бұл да бір тағылымға толы сапар…

Сіздерге де нәсіп болсын!

— Әумин. Сіз киелі қара шаңырақ Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қызмет атқарасыз. Осы оқу орнының ерекшелігі жайында Серік Жанболат атты журналист ағамыз фейсбукте көтерген мәселесінен хабардар боларсыз? (http://alashainasy.kz/fromsocial/zeynep-apaylardyi-okyitatyin-jer-kayda-92983)

— Тек қана қыздар оқитын оқу орны қызып тұрған соғысқа қарамастан, 1944 жылы ашылған. Мақсат та түсінікті болар, майданда жоғалған ер-азаматтардың орнын басатын, қоғамның белсенді мүшесі – мұғалималар даярлау үшін ашылған. Бұл қазақ қыздарына мемлекет тарапынан берілген зор мүмкіндік болатын. 70 жылдан астам уақытта бұл оқу орнынан небір тұлғалар білім алып, білім беру саласында ғана емес, мемлекеттің басшылық қызметтерінде де көрінді.

Автордың бұл мақаласына сайтта пікір қалдырғанмын. Тәрбие бірден нәтиже беретін білімнің бағасы сияқты емес. Бірнеше жылдардан соң, замана қажет еткен тұлғаларын таныстырады. Зейнеп апай – оқу орнының ғана жемісі емес, біртуар тұлға. Тұлға отбасында ата-анадан, қоршаған ортадан, тәрбиеден және өзін-өзі әлеуметтендіру арқылы қалыптасады. Отбасынан көкірегіне сәуле берілмеген баланы он оқу орны да жарқырата алмайды. Сондықтан, отбасы тәрбиесін мықтамай, оқу орындары неге бізге мықты тұлғалар даярлап бермейді деген жөн емес.

Мен де осы университетте қыз балаға ұлттық тәрбие беруге өз үлесімді қосып жүрген педагогпін. «Мынау Томирис» деп қолыңызға ешқандай қызды жетектете алмаймын. Себебі, бірнешеу… Өйткені, олар қазір мамандық алу жолында. Екіншіден, заман талабындағы тұлға қалыптасуының өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Алайда, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына: қоғамдағы әлеуметтік рөлдерді және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына арналған «Қазақ аруы» деген арнайы курс бар. Сол курстың авторымын және сол пәннен дәріс беремін.

Осы пәнді оқыту барысында Серік Жанболат айтқандай, тарихта өткен батыр қыздар мен абзал аналардың өмірінен де үлгі алу деген мәселеге кеңінен тоқталамыз. «Ұлы қазақ даласында өткен тарихи дара тұлға-арулар» бағдарламасы бойынша тарихта өткен қол бастаған көсемдеріміз бен елжанды батыр арулардың, ұрпағының болашағын ойлаған аналарымыз бен кемеңгер әжелеріміздің, махаббатқа тұрақты, сезімі асқақ асыл жандардың өмірі мен жеке-дара қасиеттерін оқып-үйрену, дәріптеу, өміріне үлгі ету мүмкіндігі бар.

Осы бағдарламаның мазмұнында: қасиетті аналар бейнесі (Ұмай ана, Домалақ ана); қолбасшы көсем-қыздар (Томирис, Зарина); сезімі асқақ арулар (Айша Бибі, Баян сұлу, Қыз Жібек); ел басқарған әйелдер (Сүйімбике, Айғаным, Ұлпан); ақ тілеулі әжелер (Айғаным, Зере); алып туған аналар (Нұрбике ханым, Бөрте ханым, Тәукеханның анасы, Жаған Бегім, Әлжан апа т.б.); асыл жарлар ( Бөрте ханым, Қарашаш, Домалақ ана, Айғаным, Гауһар, Ұлпан); елжанды батыр қыздар (Гауһар, Назым, Бопай, Мәншүк, Әлия, Хиуаз); қайраткер қыздар (Алма Оразбаева, Нәзипа Құлжанова); өнер жұлдыздары (Сара Тастанбекқызы, Дина Нұрпейісова, Майра Уәлиқызы, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова); ғалым қыздар (Нәзипа Құлжанова, Фатима Ғабитова, Нәйлә Базанова); азап тартқан алаш арулары(солақай саясат әсерінен «халық жауы» атанған қазақ зиялыларының жарлары мен қыздарының шынайы кісілік келбеті: Сәкеннің жары Гүлбаһрам, Бейімбеттің жары Гүлжамал, Ілиястың жары Фатима, Асфендиярқызы Мағмура, Міржақыпқызы Гүлнар Дулатова, Мұхтарқызы Мұғамила Әуезова т.б.); бүгінгі абзал аналар (Халима Қалиакпарқызы Өзбақанова, Қуаныш Тазабекқызы Келімбетова, Ділда Матайқызы Тасмағанбеткеліні, Зейнеп Ахметова, т.б.) туралы бар.

Осы бағдарламаны оқыған қазақ арулары:

  • қазақ даласында өткен тарихи дара тұлғалардың өмірімен оқып танысады;
  • жеке-дара қасиеттері мен ерекшеліктерін оқып-талдауды меңгереді;
  • тарихта өткен дара тұлға әйелдер бейнесін дәріптеу мен насихаттауды үйренеді;
  • қолбасшылық, ел басқару, қайраткерлік, батырлық сияқты елжандылық рухты тудырушы күштерді бағалайды;
  • әйелдер бойындағы асыл сапалар мен пенделік қасиеттерді сараптай біледі;
  • әйелдердің адами абзал қасиеттерінің моделін жасай біледі;
  • аналар мен арулардың абзал қасиетін игеруге ізденеді.

Сондай-ақ, «Қазақ аруы» аясындағы келесі бағдарлама – «Дәстүрлі отбасы тәрбиесі».

Мұнда отбасы тәрбиесінің бүгіні мен болашағын этнопедагогикалық білім мен тәжірибе тұрғысынан игерту мақсатында студент-қыздарға тәрбиенің негізгі көзі – отбасы екендігін және оған қатысты факторлар мен қазақ қызының рөлін ұғындырып, ұлттық тәрбиенің өзекті мәселелеріне баса көңіл бөлінеді.

…Осы жерден тоқтатайын. Себебі, ұзаққа кетіп қалармын. Он жылдан астам дәріс беріп келе жатқан пәнім болғандықтан, кез келген уақытта бұл мәселе бойынша айтар ойым баяндамаға айналып кете жаздайды.

Жалғыз мен емес, қыздардың мүмкіндіктерін дамытуға әр салада үлес қосып жүрген әріптестерім өте көп.

— Былтыр Оңтүстік Кореяда қызметтік іссапарда болып келдіңіз. Сол сапарыңыз жайлы кеңірек тоқталып өтсеңіз?

— Иә, былтыр шетелдегі оқу орындары мен ғылыми ортада көбірек болдым. Себебі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» деген грантты жеңіп алған едім. Соған ұсынған жоспарым бойынша біраз істерді атқаруға мүмкіндік алдым. Әйтпесе, қазір жоғары оқу орны оқытушысының жалақысы мектеп мұғалімінің айлығынан төмен.

Оңтүстік Корея мемлекетінің Кенги провинциясы, Сувон қаласында 20 мемлекет қатысқан халықаралық білім беру бойынша «Бақытты балалық» атты волонтерлықтың Халықаралық тәрбие форумына қатыстық. Басқа елдерге қарағанда маған осы форумның ұйымдастырылуы өте ұнады. Ерекше тәртіп мен мазмұн ауытқымайды екен. Дамыған Азия елдерінің алдыңғы шебінде тұрғандықтарын, келешек ұрпаққа деген қамқорлықтарын ісімен көрсететін мемлекет дп қабылдадым. Мемлекеттің тәрбие саласына қарайтын басшылары мен қызметкерлерінің қарапайымдылығы мен мәдениеттілігіне тәнті болдық. Қарапайым пікірлесу барысында форумға жиналған әр мемлекеттен келген қонақтардың қасына бөлініп отыратындықтары, сұраққа өздері жауап беруде ой бөлісуі әсер қалдырды.

Балалар бақшасы мен балалар қалашықтарына, тіпті қайда барсақ та балаларға жасаған қамқорлықтарына көз жеткіздік. Әрине, жаһандану «салқыны» да байқалады. Көшеде флэш-мобтағыдай студент-жастар қолдарына плакаттар мен суреттер ұстап тұрғанын өтіп бара жатып көзіміз шалды. ЖОО студенттерінің стипендиясын қысқартып, оның есесіне оларға жұмыс істеуге мүмкіндік берген. Сол үшін студенттер мұны қолдамайтындықтарын айтып, қарсылықтарын көрсетіп тұрғандары екен. Қастарына еріп жүрген оқытушылар немесе қудалап жатқан полиция жоқ. Өздері бейбіт түрде «Сапалы білім алып, дұрыс маман болуға мүмкіндік беріңіздер!» деген ойларын айтып, құқықтарын демократиялы білдіруде.

Сеул – өте үлкен әрі әдемі қала. Қаланың әкімшілігі орналасқан ғимарат тек экологиялық принциптермен жасалынған, сол талаппен жұмыс істейді екен. Сол жерде «Экологиялық білім мен тәрбие беру мәселелері» бойынша ғылыми-әдістемелік семинарға қатыстық.

Цифрлы технологияның тұрмыстық мүмкіндікке кеңінен енуі де алдыңғы қатарлы ел екендігін аңғартады. Тағы бір ұнағаны: халықтың жұмыс арасында жүріп те тамақтанудан соң, тістерін щеткамен тазалап жуып тұрғандары, тамақтан да көп нәрсені шектеп, салауатты өмір салтын ұстанатындықтары. Кәрістердің кәмпит жемейтін, шай ішпейтін, нан жемейтіндіктеріне таңғалдым.

Бізде ҚызПУ жалғыз болса, бұл елде тек қыздар оқитын оқу орындары бірнешеу. Өкінішке қарай, менің жіберген хатым жетпеді ме, осы оқу орындарымен танысу мүмкіндігі болмады.

— Мұғалім мәртебесі туралы не айтасыз?

— Мұғалім мәртебесі мұғалімнің еңбекақысын көтеру деп бағаласақ, дұрыс пайым болмас еді. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында  мұғалім өз мәртебесін өзі көтереді дегенді ұғындырады. Әрине, мұнымен де келісуге болады. Бірақ, қазір мұғалімдерге жүктелетін қоғамдық жұмыстар мұғалімнің мәртебесі тұрмақ, «Мұғалім бол, балам!» деген батаға қосылар беделінен айырды. Тіпті, өзіндік «Менінен» айырылып қалудың аз-ақ алдында шығар. Мысалы, көп мектептерде мұғалім өзінің қандай телефон ұстайтынын, қайда барып, қандай іс-шараға қатысатындығын, қандай газетке жазылатындығын, БАҚ-қа пікір білдіріп, сұхбат беруін, т.с.с. өзі шеше алмайды.

— Мұғалім мәртебесін көтеру туралы сөз қозғай қалсақ, көпшілігі мұғалімдердің біліктілігі төмен екенін айтады. Бұған мұғалімдікке кездейсоқ келгендердің де көбеюі себеп шығар?!

— Бұл проблема мек мұғалімдікте ғана емес, барлық мамандықта да болуы мүмкін. Біз өзіміз мұғалімдерге арналған сынды жанымызға жақын қабылдайтын болармыз деп ойлаймын. Осыдан бес жылдай уақыт бұрын арнайы орталықтың тапсырмасымен зерттеу жұмысын жүргізіп, мақала жариялағанмын.

http://serke.org/news/mugal%D1%96mn%D1%96n-kaz%D1%96rg%D1%96-kogamdagy-mertebes%D1%96

Көп мәліметтер мен пікірлерді сол мақаламда келтіріп едім. Сол зерттеуден бері осы мәселе төңірегінде кең көлемде ғылыми жоба жасау керек екен деп жиі ойланып қоямын. Көптен айтылып келе жатқан проблема болса да шешімі табылмай келеді.

Иә, мұғалімдік мамандыққа кездейсоқ келетіндер бар. Олардың көбі 1-курста уақытша жүрміз деп ойлайды, ешқашан мұғалім болып жұмыс істемеймін, ертең осы оқу орнын бітірген соң, өз қалаған мамандығымды 2 жыл оқып бітіріп алам деген жоспарлары болады. Ал, мектептерге педагогикалық практикаға барып, оқушылармен қарым-қатынас жасағанда, өзін педагогикалық процестің субъектісі ретінде сезінгенде, бұл ойларынан қалай айнып қалғандарын өздері білмей қалады. Бітіруші түлектерден осындай пікірді жиі естиміз.

Рас, мұғалімдік мамандыққа білімділермен қоса, аса талантты адамдар өте қажет. Орыс ғалымы К.Д. Ушинский өз заманында «педагогика – ғылым емес, өнер» деген екен. Демек, мұғалім болу үшін де қабілет керек. Былтыр педагогикалық оқу орындары білім мамандықтарына тапсыратын абитуриенттерден алдын ала арнайы педагогикалық-психологиялық сынақ алдық. Кейбір студенттердің тіліндегі мүкістіктерді, өз ойын жеткізуде аса қатты қобалжуы арқылы ұстамсыздық танытқандары көп болды. Білімнің үнемі тестпен бағалануы осылай қарапайым сынақта абдыратып тастады. Бұл сынақ та көп нәрсені шешті деп ойламаймын. Ақылы оқу бар жерде, «адам факторын» ойлағыш болып кететініміз өтірік емес.

Мұғалім мамандығына көзқарас түбегейлі өзгермей, үйренген жартасымызға барып күнде айғай сала береміз.

— Мұғалімнің қағазбастылығы туралы ойыңыз қандай?

— Шыны керек, қағазбастылық шаршатты. Айтсам, тағы «жылағанның көзі жаман». Кейде, маған осы мұғалімдерді салауатты ойлаудан алыстату үшін әдейі жасалған саясаттай көрінеді. Бір қарасаң, дұрыс сияқты. Ал, үлгере алмай сүрініп-жығылып жүрген мұғалімдерді көргенде, елбасының «мұғалімдер мен дәрігерлерді қағазбастылықтан құтқарыңдар» дегені қайда деп ойлайсың. Мұғалім беделін құлдырататын бір себеп осы.

— Қазіргі уақытта қыз секілді сызылған жігіттердің де көбеюіне мектепте ер мұғалімдердің азайып кеткенін себеп көретіндер баршылық…

Білім беру саласы феминизацияланып кеткені рас қой. Бір қарағанда, әйел баласы – тумысынан педагог. Оның табиғи қызметі – бала туып, бала өсіру, тәрбиелеу. Сол үшін де студенттерді «Мұғалімдік – өз табиғаттарыңа жақын мамандық, дұрыс таңдау!» — деп құттықтайтыным рас. Мектепте жүрген ер-азаматтарға бас ием. Бейбіт күндегі батырлар олар. Мектепте жұмыс істеуден қашатындар – мұғалімдік қабілеті төмендер. Мұғалім боп істегім келмейді дейтіндер – мұғалім болып істей алмайтындар. Ер мұғалімнің мектепте жүруі пайғамбарлықпен парапар іс деп санаймын. Себебі, ер-азаматтың жүріс-тұрысының өзі – ұлға да, қызға да, әйел адамдарға да тәрбие. Мектептегі ер мұғалімдерге жағдайды артығырақ жасау көзделсе (тіпті гендерлік тұрғыдан теңсіздік саналса да), қолдау керек.

Ер бала өз жынысына сай тәрбие ала алмаса, оған белгілі бір дәрежеде мектептің де үлесі бар. Бала отбасында анасының тәрбиесінде болады. Тіпті ер бала түгіл, қыз баланың өзі күнде көз алдындағы анасынан гөрі, әкесіне жақындау. Ер адамның мейіріміне зәру. Балабақшаға барса, тәрбиешілер – қыз-келіншектер. Қыз бала табиғатынан ширақ. Әйел адамның айтқанын қас-қабағынан-ақ ұғып, тәрбиешілерге жақын бола бастайды. Балабақшадан-ақ, қыздар ұлдардың қатесін көрумен айналысады. «Апай, Ержан ойыншықты сындырды», «Данияр гүлді жұлды, тәртіпсіз болды» деп тәрбиешіге көмектесе жүріп, көлеңкесіне айналады.

Енді мектепке келейік, бастауыш мектепте тағы мұғалиманың тәрбиесінде. Апайдың сөзін тез түсінетін қыздар белсенділігі одан әрі дамып, психологиясы бөлектеу ұлдарға өздерінің талаптарын қойғысы келе береді. 5-6 сыныпқа барғанша, ер балалар өз белсенділігін жоғалтпай, жақсы оқиды. Бұл кезде қыз балалар балиғат жасына толып, ойлары өзгере бастайды да сыныптағы әлі шаштан тартып ойнағысы келетін ұлдарға інісіне қарағандай, жоғарыдан қарайды. Қыздар ертерек өздерін бойжеткен санайды. Табиғи заңдылық қой, қыз бала тез жетіледі. Апайлар да көбіне өздерінің айтқанын тез ұғатын, айдауына тез көнетін қыздарды староста сайлайды. Ұйымдастыру жұмыстарында да солар көбірек жүреді. 8-9 сыныпқа келгенше ұлдар ержетіп болмайды. Ал, қыздар 10-11 сыныптың ұлдары туралы ойлап отырады. Ер балалардың бұл уақытта бірен-сараны болмаса, сабаққа деген ықыласы төмендеп, әйтеуір келіп-кетіп жүреді. Бір сыныптағы қыз балалардың ұлдардан гөрі тез өсіп жетілуі мен кілең әйел адамдардың сабақ беруі ер балалардың қызығушылығын жойып, енжарлыққа әкеп соқтырады. Осыдан келіп, нағыз ер-азаматтар қайда дейміз. Нағыз ер-азаматтарды ерлер тәрбиелейді. Ер балаларға үлгі болатын азаматтар өз бақытын саясаттан немесе бизнестен іздегенше, бойындағы қабілетін болашақ азаматтарға берсе сауаптырақ болар еді.

Цирктегі жыртқыштарды көргенде, бірден мектептегі ұлдардың тәрбиесі тек әйелдердің қолынан өтіп жатқаны ойыма түседі. Бұл бір факторы ғана шығар. Дегенмен, балаларды жынысына сай бөлек оқытатын түрік лицейлерін бітірген жігіттерді салыстырып көрсеңіз, көп нәрсені аңғарасыз. Мен бұл жерде түрік мектептерін мақтау мақсатында емес, жынысқа сай тәрбие беру үшін бөлек оқытқанның да тиімді жақтары бар дегенді айтқым келді.

— «Асыл арна» арнасында өзіңіздің авторлық бағдарламаңызды жүргізесіз. Одан бөлек басқа телеарналардағы хабарлардан да сізді жиі көріп қаламыз.

— Осы әлеуметтік желіде отырып танысқан Тоқтар Жақаш деген журналист маған ұсыныс тастады. Мен қуана келістім. Киімді де, тақырыпты да, тақырып мазмұнын да өзім тауып, редактор Қуаныш Қолқаев деген тамаша жігіттің көмегімен хабарларымды эфирге шығаруға мүмкіндік таптым. Қарастырған тақырыптарымның көбі өзімнің студенттерге «Қазақ аруы» авторлық курсымда айтып жүрген дәрістерім болатын.

Рас, кейбір тақырыптарым, кейбір мысалдарым мен пікірлерімді редактордың шариғатпен пайымдап, өзгерткен кезі де болды. Оған дейін дін туралы көп білемін деп, өзімді жоғары бағалап жүргенімді білдім. Әрине, бір адамның басында энциклопедаиялық білім болуы мүмкін де емес шығар.

Менің бір жаман әдетім бар, өзім түскен хабарларды өзім жалғыз отырсам да көре алмаймын. Біртүрлі ұят. Әсіресе, отбасымдағы бала-шағам – сыншыл. Солар талдап, артық-кемін айтып отырады. Әріптестерім мен таныстар да пікірлерін білдіріп, сынап отырады. Жалпы, мен сыннан қорықпаймын, керісінше айтқызамын. Сабақтан соң да студенттердің сын-пікірлерін естігенді жақсы көремін.

Бірақ, теледидардан көрдік деп жүргендердің көбінің мән беріп қарамайтындықтарын «Осы Сіз ертегі айтасыз ғой, иә» немесе «Дін туралы хабар жүргізіп жүрсіз ғой» деген сөздеріне қарап, мазмұнына бойламағанына қарағанда, аса қызықты болмаған шығар деп те ойлаймын. Бірақ, Жамбыл облысы, Шу ауданы әкімінің орынбасары өзі хабарласып, ауданның қыз балаларын жинап, соларға кимешекпен келіп әңгіме айтуымды ұйымдастырды. Қазір бұл телевизиялық жоба тоқтады.

Мені телехабарларға ток-шоуларға жиі шақырады. Алғашқы кездері қызығып баратын едім, қазір өзімді міндетті санап барамын. Мұғалім де, ғалым да өз күнделікті тірліктен бас көтермей жүрер болса, тоқырайды. Сол үшін де қоғамдық пікірдің дұрысына үн қосу, мәселеге педагог ретінде, ғалым ретінде, әйел ретінде ой қосуды парыз деп санаймын.

— Әлеуметтік желіде де белсендісіз. Әлеуметтік желінің берер пайдасы бар ма? Уақытты қайдан табасыз?

— Жауапты жұмыстан босағанда өзімді еркін сезінетін кеңістікті осы әлеуметтік желіден таптым. Сонысымен ұнайды. Фейсбукте ғана тіркелгенмін. Осыған да кейде үлгермей жатамын. Шындығында, мен осы фейсбук арқылы көп шаруа бітіремін. Осыдан шетелдік ғалымдарды халықаралық конференцияға шақырып қатыстырдым. Өзім де оларға бардым. Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы Хобда университетіне барып, студенттерге лидерлік дәріс оқып, оқытушыларға шеберлік сыныбын жүргіздім. Сеулге барғанда да сол жақта тұратын қазақ қызымен алдын ала байланысым болғандықтан, біраз мәселеге қанық болып отырдым. Форумға, конгреске қатысқан шетелдік ғалымдармен осы әлеуметтік желіде еркін сөйлесіп, мақалалар шығаруға, онлайн курстар ұйымдастыруға, т.б. көп мүмкіндікке қол жеткіздім.

Уақытты қайдан табасыз дейсіз ғой, сол уақытты табу қиын. Осы жағынан көп қиналам. Мен өте қатты ұстанымның адамы емеспін. Қиналып тұрған адам көрсем, біреу жағдай айтып келсе, соның жұмысын да жасап беруге уақытымды жұмсай саламын. Сосын оның есесіне бірнеше күн ұйықтамай, таңды-таңға ұрып, өз жұмысымды соңында бітіремін. Сондай кемшілігім бар… Кейде осы ісім дұрыс деп те санаймын. Есесіне, маған да жақсылық боп ойламаған жерден қайтып жатады.

Жалпы, уақыт деген байлық қой. Оны дұрыс пайдалану керек. «Менің әлеуметтік желіге кіріп отыратын уақытым жоқ» дейтіндерге қызығып қараймын.

— Қымбат уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысым шексіз. Әйел, жар, ана, ұстаз бақытын тілеймін. Еңбегіңіз жемісті болсын!

 Сұхбаттасқан Ержан Тәліп

 

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА