2525-10-03

2026–2027 оқу жылына арналған жаңа оқулықтар еліміздің 34 пилоттық мектебінде сынақтан өткізіледі

9 қыркүйектен бастап еліміздің 34 таңдаулы мектебінде келесі оқу жылына арналған жаңа оқулықтарды сынақтан өткізу (апробация) басталды.

Бұл процесті Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып отыр.

Апробация 4-сыныпқа арналған пәндерге: «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу» және 7–10 сыныптарға арналған «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», сондай-ақ шетел тілдері — ағылшын, неміс және француз тілдері бойынша жаңа оқулықтарды қамтиды.

Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира Абдрахманованың айтуынша, апробация жаңа білім беру бағдарламасы бойынша дайындалған оқулықтардың артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтауға бағытталған. Бұл үдеріс оқулықтарды кеңінен қолдануға кіріспей тұрып, ең сапалы және тиімді оқу материалдарын таңдауға мүмкіндік береді.

Апробацияға тек мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар оқушылар да қатысады. Бұл жаңа оқулықтардың тәжірибеде қаншалықты қолайлы және пайдалы екенін жан-жақты бағалауға жағдай жасайды.

Айта кетейік, орталық оқулықтарды бес кезеңнен тұратын сараптамалық сүзгіден өткізеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы.

Сондай-ақ, сарапшы болуға ниетті педагогтер bmso.kz ресми сайты арқылы онлайн сауалнамадан өтіп, өтінім бере алады.

Соңғы жаңалықтар