2525-10-03

ҰБТ жүйесі халықаралық стандарттарға сай жаңғыртылады — ETS-пен келісім

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары аясында өткен бірқатар маңызды келіссөздер туралы мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі ең көне және беделді ғылыми мекемелердің бірі – Смитсон институтының басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу нәтижесінде “Болашақ” халықаралық бағдарламасы аясында қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілерге Смитсон институтында білім алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берілетін болды.

Смитсон институты — әлемдегі ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі. Оның құрамында 21 мұражай мен галерея, сондай-ақ 14 ғылыми және білім беру орталығы бар. Қазақстандық мамандар үшін бұл — халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға және ғылыми байланыстарды кеңейтуге жол ашатын ерекше мүмкіндік.

Сонымен қатар, сапар барысында ETS (Educational Testing Service) ұйымының басшылығымен де келіссөздер жүргізілді. Бұл ұйым – тестілеу және білім беру бағалау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.

Министр Саясат Нұрбектің хабарлауынша, келіссөз нәтижесінде ETS сарапшыларының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Бұл топ Қазақстандағы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесін халықаралық стандарттарға сай жаңғыртумен айналысады.

«ETS – тестология саласындағы ең беделді ұйым. Олардың тәжірибесі негізінде ҰБТ мазмұны мен әдістемесі түбегейлі жаңғыртылып, сапасы мен объективтілігі артады», – деді министр.

Бұл бастамалар Қазақстан ғылымы мен жоғары білім беру жүйесін жаһандық стандарттарға жақындатуға бағытталған нақты қадамдар ретінде бағаланып отыр.

Соңғы жаңалықтар