Құлсары қаласында «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 орындық білім ордасы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары кезінде спорт залының төбесі опырылып, ортасына түсті. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы Кұлсарыдағы жағдайға байланысты ресми жауап берді.
— Аталған нысанды «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында «Turan Ascent» ЖШС салып жатыр. Мектепті пайдалануға беру мерзімі — 2025 жылдың соңы. Алдын ала мәлімет бойынша, құрылыс материалдарын дұрыс сақтамау және орналастыру талаптарының бұзылуынан осындай оқиға болған. Атап айтқанда, спорт залының шатырына шектелген аумаққа салмағы 6 тоннадан асатын материалдар қойылып, конструкцияға зақым келтірген. Оқиғаға байланысты тапсырыс беруші тарапынан басшылық, техникалық және авторлық қадағалау өкілдері кіретін комиссия құрылды. Сонымен қатар, жобалық шешімдерге сәйкестігін және конструкциялардың көтеру қабілетін тексеру үшін арнайы техникалық сараптама ұйымы тартылды, — деп хабарлады «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның баспасөз қызметі.
Сараптама жұмыстарынан соң ғана қорытынды шешім қабылданады. Мердігер анықталған барлық кемшілікті жоюға міндетті.
— «Samruk-Kazyna Construction» АҚ «Келешек мектептері» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды басты қағида етіп ұстанады, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Еске салсақ, елімізде бұл құрылыс алдымен «Жайлы мектеп» деп аталып, кейін жоба «Келешек мектептері» болып өзгерді. Кейбір өңірде мектеп құрылысы баяу. Мәселен Орал қаласы Медколледж ауданындағы мектеп құрылысы әлі жүргізіліп жатыр. Негізгі себебі — мердігер ұйым «JJ Construction» ЖШС-ның (бұрынғы «Жайық жарығы» ЖШС) өз міндеттемелерін тиісінше орындамауы.