Бүгін – 1 қыркүйек, дәстүрлі Білім күні. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын 360 мың бала аттады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкімет отырысында хабарлады.
📚 Жаңа оқу жылы
2025–2026 оқу жылында елімізде 7859 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 6387 мектептің жағдайы жақсы деп бағаланған.
Министрлік мәліметінше, 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Оның ішінде 360 мың – бірінші сынып оқушылары, ал 232 мың – 11-сынып түлектері.
🥣 Тегін ыстық тамақпен қамту
Республика бойынша 1,7 млн балаға мектепте тегін ыстық тамақ беріледі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мыңға артық.
🎒 Мектепке дайындыққа көмек
Әкімдіктер есебінен 510 мың балаға мектепке дайындалуға көмек көрсетілді.
29 тамыздағы дерекке сәйкес, ата-аналар мен қамқоршылардың шоттарына 25,3 млрд теңге аударылған. Бұл қаржы мектеп формасы, аяқ киім және оқу құралдарын алуға арналған. Биыл бір балаға бөлінетін ең төменгі сома – 46 228 теңге.
Аймақтарда бұл сома әртүрлі:
- Алматыда – 55 000 тг
- Жамбыл облысында – 53 117 тг
- Павлодар облысында – 53 663 тг
👩🏫 Ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай
Жаңа оқу жылында 1093 қолдау кабинеті ашылды. Бұл кабинеттерде арнайы мамандар жұмыс істейді: психологтар, әлеуметтік педагогтер және ассистенттер.
🔧 Жөндеу және жаңғырту жұмыстары
Жаңа оқу жылына дейін 163 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталды.
127 мектеп реновациядан өтті, мұнда 99 мың оқушы оқиды.
Сонымен қатар 1 мың ауыл мектебінде заманауи жабдықталған 1108 кабинет орнатылған (робототехника, химия, биология, физика, STEM пәндері).
🎨 Қосымша білім беру және үйірмелер
2025 жылы қосымша біліммен қамтылған балалар саны 3,2 млн-нан 3,4 млн-ға дейін артты.
62%-ы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады. Қазір елімізде 2142 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді.
🏫 Оқушылар сарайлары және жаңа мектептер
Елдің 12 өңірінде 22 оқушылар сарайы салынып жатыр. Қазірге дейін кейбірі – СҚО, Павлодар, Алматы мен Шымкентте пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, бүкіл ел бойынша 267 мың оқушыға арналған 232 мектеп салынып жатыр. Оның:
- 83-і оқу жылының басында ашылады
- 111-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі
📌 «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында
460 мың орынға арналған 217 жаңа мектеп салынуда. Қазіргі таңда соның 130-ы іске қосылды, олардың 44%-ы ауылдарда орналасқан.