Қазақстандық мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталған жаңа оқыту бағдарламасы іске қосылды.
Жаңа оқу жылының алдында педагогтердің кәсіби біліктілігін қазіргі заман талаптарына сәйкестендіру мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып арнайы оқыту бағдарламасын іске қосты.
Бағдарлама халықаралық тәжірибеге сүйене отырып дайындалған және Қазақстанның білім беру жүйесіне бейімделген.
Оқыту барысында мұғалімдер мынадай дағдыларды меңгереді:
-
жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі этикалық қолдану;
-
сапалы промпт жазу әдістері;
-
сабақ құрылымын жоспарлау тәсілдері;
-
тест пен оқу материалдарын әзірлеу;
-
иллюстрация жасау;
-
оқу мазмұнын жетілдіру және оқушылардың қызығушылығын арттыру жолдары.
— Бұл бастама жасанды интеллектіні мұғалімді алмастыратын құрал ретінде емес, оның кәсіби міндеттерін жеңілдететін сенімді көмекші ретінде пайдалануға бағытталған. Бағдарлама мұғалімге шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Оқуға мұғалімдер https://reg.orleu.edu.kz сайты арқылы тіркеліп, LMS платформасында тегін қатыса алады, — делінген ресми хабарламада.
Бір апта ішінде бағдарламаға 100 мыңға жуық педагог қатысып, олардың жартысына жуығы сертификат иеленді.