Тоқаев: “Білім мен ғылым – ел дамуының басты қозғаушы күші”
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде ұстаздардың қоғамдағы орнын ерекше атап, білім мен ғылымды Қазақстанның ілгерілеуіндегі басты тетік деп атады.
– Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас басымдық, – деді Президент.
Ол ұстаздықты ұлы миссия деп бағалап, кез келген адамның қандай биікке шықса да, ұстазы алдында мәңгі шәкірт болып қалатынын айтты.
– Қазақстанның жарқын болашағы – сіздердің табанды еңбектеріңізге тікелей байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерге қарата.
Президент ұстаздардың еңбегі – ең жоғары құрметке лайық екенін айтып, бірқатар мұғалімдерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Бес педагогқа “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” атағы берілді.
Сөз соңында Мемлекет басшысы барлық ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
– Көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр шәкірттеріңіз көп болсын! Жаңа оқу жылы сәтті болсын!, – деді ол.