2525-03-12

Мектеп директорларының біліктілігі төмен: Қазақстанда 740 мектепке директор қажет

Ведомствоның алқа мәжілісінде мектеп директорларының біліктілігі тиісті деңгейде еместігін атап өтті.

– Республика бойынша 7 мыңнан астам мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Талдаулар директорлардың біліктілігін арттыру қажеттігін көрсетіп отыр. Олардың тек 9%-ында ғана «жетекші-көшбасшы» санаты бар. Бұл мәселені шешу үшін 2023 жылдан бастап «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы іске қосылды. Қазіргі таңда 583 кандидат Республикалық кадрлық резервке енгізілді. Дегенмен, осы жобаға қарамастан, 740 мектепке директор қажет, оның 81%-ы ауылдық мектептер, – деді Ғани Бейсембаев.

Директор тапшылығы әсіресе Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында байқалуда.

– Резервтегі кадрларды тағайындау Ақтөбе облысында қажетті деңгейде жүзеге асырылмаған. Мысалы, басшылық лауазымға 12 кадрдың екеуі ғана тағайындалған, Шымкентте 23-тің үшеуі, ал Алматыда резервте тұрған 30 маманның біреуі де тағайындалмаған. Бұл білім басқармаларының өңірдегі бос орындарды ескере отырып, оқытуға қатысушыларды іріктеу кезінде нақты стратегияның жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, стратегиялық маңызы бар жоба тиісті деңгейде жүзеге асырылмаған. Мәселе тек жаңа директорларды даярлауда ғана емес, барлық директорлар құрамын сапалы менеджментке оқыту қажеттілігі туындап отыр. Осылайша ғана білім беру саласында айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізе аламыз, – деді министр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР