13.06.2024

ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған түлектің отбасы әсерін бөлісті

Ұлттық біріңғай тестілеуден Қазақстан бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен Түркістан облысы, Кентау қаласының түлегі Айдос Қожанов тестілеу нәтижесінен алған әсерін жеткізді. Көпбалалы отбасыдан шыққан, 138 балл жинаған түлектің отбасы балалары үмітін осылайша ақтағанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айдос алғаш тестілеу нәтижесін естіген кезіндегі сезімін бөлісті.

“138 балды көргенде қатты таңғалдым. Сол жердегі бақылаушы апайлар да сенбей, таңданып тұрды. Кейін қай сұрақтан қателескенімді тексердім. Математика мен тарих сабағынан екі сұрақтан сүрінген екем. Екеуі де оңай тапсырмалар еді. Нәтижеме қуаныштымын. Қазақстан бойынша үздік болған керемет сезім екен. Бірінші сүйіншіні Алматыда жұмыс істеп жүрген ағамнан сұрадым. Үйде алты баламыз. Мен бесіншісімін. Бір жас үлкен ағам да биыл түлек атанып, ҰБТ тапсырды. Ол 118 балл жинады”, – дейді Айдос Қожанов.

Әзірге ел бойынша рекордтық көрсеткішке ие болған мектеп түлегі өз көзіме өзім сенбедім дейді. Ол дайындық кезінде 137 балл алған екен. Физика-математика пәнін таңдаған кентаулық жігіт әкесінің жолын қуып, педагог болуды армандайды.

“Балам кішкентай кезінен өте тиянақты. Есеп деген жинақылықты қалайтын сала ғой. Айдостан үлкен балаларымның бәрі – математик. Бәрі Алматыға грантқа оқуға түскен. Аналары үйде. Үй шаруасымен отыр. ҰБТ тапсыратын жерге аналары барды. Сөйтіп, нәтижені сүйіншілеп айтқанда қатты қуандым. Бұл баламның таңнан қара кешке дейін мектептен шықпай, оқыған сабағының нәтижесі ғой” дейді Хайрулла Қожанов.

Айдос 10-11-сынып оқушыларына арналған мектепке тест арқылы іріктеліп өткен. Онда да ең жоғары нәтижеге ие болып, 100 ден аса баланың арасында бірінші орын алған. Сөйтіп, түлектерге арналған мектепте тегін оқыпты.

“Бүгінге дейін 110 баламыз ҰБТ-ға кіріп шықты. Оның 85-87 пайызы 100 балдан асып отыр. Ал Айдос – біздің мақтанышымыз. Қазақстан бойынша рекорд қойып жатыр. Бұл жігіт бізде жылдың басынан бері жоғары балл жинап келе жатыр. Бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Біздің бұл баладан үлкен үмітіміз болды. Күттік. Үмітіміз ақталды”, – дейді мектеп директоры Шахрух Каримжанов.

Айта кетейік, бұл Айдос Қожановтың ҰБТ дағы бірінші мүмкіндіктен алған көрсеткіші. Математика және тарих пәнінен берілген сұрақтан мүлт кеткен талапкер бір айдан соң тағы да бағын сынайды және 140 балмен рекорд орнатуды қалайды.

Айта кетейік, Қазақстанда 16 мамырда басталған ҰБТ 4 шілдеге дейін жалғасады.

Еске салсақ, Түркістандық оқушы Қазақстан бойынша ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған еді.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА